Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің “Кел, балалар, оқылық!” өлеңін жадына мықтап түймеген оқушы жоқ десем, қателеспейтін шығармын. Өйткені тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің “Әліппенің” алғашқы бетін ашқанда білім алуға үндейтін осы жыр шумақтарын жаттап өспегені кемде-кем. Ұлт ұстазы деген теңеуге әбден лайық тұлға сияқты адамзат игілігіне қызмет ету әркімнің маңдайына жазыла бермеген. Өз ұлтын шын сүйетіндер ғана бар өмірін халқына жанкештілікпен арнайды. Сондықтан асыл перзенттердің есімі ұлт тарихынан өшпейді. Ы.Алтынсарин қараңғылық түнегіне шомылған қазақ халқына білім мен ғылымның нұрын шашып, надандықтың тамырына балта шауып, әр көкірекке білім нәрін құю арқылы өмірдің ауыртпалығынан, тағдырдың тауқыметінен құтқаруға қызмет етті. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – “білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” дегендей, өзгелермен терезесі тең, керегесі кең болуға ынталану.
Күміс қоңырау сыңғырымен қалың ұйқы құшағына көмілген халқымызды оятып, білім алуға үндеген ұлт ұстазының табандылығы мен қажыр-қайратының арқасында қазақ даласында тұңғыш білім үйі бой көтерді. Орынбор облыстық басқармасына үзбей хат жаза жүріп, мектеп ашу мәселесін шеше білген. 1860 жылы өтініші қанағаттандырылып, қазақ балалары үшін арнайы мектептер ашуға рұқсат беріледі. 1861 жылы оны Торғай даласына мұғалім етіп жібереді. Осында қазақ балаларын оқытуға құлшына кіріседі. Оған қоса бекініс комендантының аудармашы қызметін де атқарады. Жергілікті билік рұқсатын бергенмен, қазақтардың мектеп салып, игі істі жалғастырарына күмәнмен қарайды. “Артын бағып көрейік, Алтынсарин не істей алар екен” деген жымысқы ойды сезе отырып, мектеп ғимаратын тұрғызуы – жанкешті ерлікпен пара-пар. 1864 жылы 13 наурызда Ы.Алтынсарин досы Н.И.Ильминскийге жазған хатында былай дейді: “Менің үнемі ұмтылған тілегім қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады”.
Қазақтың даласына білімнің шамшырағын жаққан Ыбырай Алтынсарин – балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Оның шағын әңгімелері ғибратқа, өнегеге толы. Өмірде алмасып келіп отыратын “жамандық пен жақсылық”, “достық пен алауыздық”, “сараңдық пен мәрттік”, “тәкаппарлық пен қарапайымдылық”, “өнер, білім мен надандық”, “әділдік пен әділетсіздік” сияқты адам бойынан табылатын қасиеттер арқылы ұлттық тәлім-тәрбиеден тамыр үзіп қалмауға үндейді. Татулыққа, бірлікке шақырады. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан ажырап қалу қаупі төніп тұрған тұста ұлы ағартушының шығармалары осындай олқылықтардың орнын толтырары сөзсіз. Елімізде жүзеге асырылып жатқан “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында өткізілетін оқу сағаттарында оқушыларға Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері де ұсынылса, құба-құп болар еді. “Асан мен Үсен” шығармасымен қазіргі жеткіншектер жете таныс деп айту қиын. Автор суреттеген оқиға астарында бүгінгі өмірдің де ащы шындығы, қоғамның келеңсіз көрінісі жатыр. Асан секілді тоғышар, рухани әлсіз балалар арамызда аз емес. Ата-анасының жұмысбастылығын пайдаланған жеткіншектің айналдыратыны – теледидар, телміретіні – ғаламтор. “Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын” деген осы! Ата-аналар да “дені саудың жаны сау” деген қағиданы ескере бермейді. Баланы еңбекке, спортқа баулудың орнына жылы-жұмсағын аузына тосып, өбектеп әлек. Мұндайлар өмірдің қиындықтарымен бетпе-бет келгенде сағы сынып, бейшара күйге түседі. Ал Үсен секілді жастайынан еңбекке араласып, үй-ішіне қолғабыс қылған балалар өмірден өз орнын таба алары анық. Ұлттық тәрбиенің негізін қалаған жазушының қай әңгімесін алсақ та, өмір шындығымен өзектес.
Ыбырай Алтынсариннің педагогика саласына қосқан үлесі өлшеусіз, теңдессіз екені айтылып та, жазылып та жүр. “Мұғалім – мектептің жүрегі” деген бір ауыз сөзінен-ақ ұстаздық қызметтің қадір-қасиеті айғақталып тұр емес пе?!
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.