«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҰСТАНҒАН БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты халыққа арнаған Жолдауындағы “саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі” деген пайымы “Нұр Отан” партиясының ұстанған бағытымен үндес, мәндес. “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір” атты сайлауалды бағдарламасы қабылданған съезде партияның саяси тұғырнамасында көрініс тапқан құндылықтардың ерекше маңыздылығы тағы да расталды. Бұлардың қатарында – адам, бостандық, заң үстемдігі, әділдік, бірлік, болашаққа нық қадам, отбасы мен дәстүр секілді қастерлі ұғымдар бар.

Біздің ұйымның өзіндік қалыптасқан дәстүрлері мен тәжірибелері аз емес. Бүгінде қатарымызда 1500-ге жуық адам бар. 13 бастауыш партия ұйымы қызмет етеді. Оларға беделді, саяси сауатты, қолдарынан іс келетін, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті мол азаматтар жетекшілік етеді. Ұйым қатары 65 жаңа мүшемен толығып, оларға бірінші кезекте қоғамдық жұмыстарға белсенді араласу, жергілікті әлеуметтік-экономикалық дамуға барынша үлес қосу, адамдардың мұң-мұқтаждары мен өтініш-тілектеріне сергек қарау секілді талаптар қойылды. Саяси ұйымның алға қойған іс-қимыл жоспарлары 15 адамнан тұратын саяси кеңес және құрамында 7 адам бар бюро арқылы жүзеге асырылып, нақты да шұғыл шешімдер қабылданып отырады. Филиал жанында қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Осының бәрі азаматтарға не қажет екенін білуге мүмкіндіктер береді. Есепті кезең ішінде үш аудандық партия конференциясы өтіп, тоғыз өзекті мәселелер талқыланды. Оның біріне “Nur Otan” партиясының 2020-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының қабылданғанын айтуға болады. Онда алдағы іс-қимылымыздың түйінді бағыттары алға тартылып, қоғамның басты игілігі, маңызды ресурсымыз – адамның, адами әлеуеттің жан-жақты өркендеуіне басты назар аударылды. Табысымыздың басты формуласы аудан тұрғындарының жоғары өмір сүру сапасына қол жеткізу екені дәйектелді. Бұдан бөлек, саяси кеңестің төрт отырысында 19 мәселе қаралып, білім беру инфрақұрылымын жаңарту, жұмысшыларға лайықты еңбекақы төлеу, экономиканың, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайттары бойынша ұсыныстар ортаға салынды.

Жолдауда айтылғандай, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Мұның саяси реформаның заңды жалғасы, негізгі мәселесі екендігінде ешқандай шүбә жоқ. Осы шешім ауыл халқының мүддесіне тікелей ықпал еткені анық. Енді 2024 жылы азаматтар қанатқақты режімде аудан әкімдерін сайлау құқығына ие болады. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы азаматтық мәдениетті дамыту болып табылады. Партияның республикалық сайлауалды тұжырымдамасы алғаш рет 216 аймақтық бағдарламада егжей-тегжейлі көрініс тапқаны белгілі. Бұл алға қойған міндеттерді барлық деңгейде тиімді іске асыруға кең жол ашты.

Президент партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!” сайлауалды тұғырнамасына жоғары баға берді. Бұл орайда “Коронавирус пандемиясының әсеріне байланысты туындаған құбылмалы, тұрақсыз ахуал күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдерді қажет етеді. Бұл ретте “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын толыққанды жүзеге асыру айрықша маңызды деп санаймын. Шынтуайтында, мемлекеттік институттар ендігі жерде қоғамдық мүдделерден бөлек жұмыс істей алмайды, олардың қызметі толығымен азаматтарымыздың нақты сұраныстары мен талап-тілектеріне бағытталуы керек” деген талабы мен “елдегі жетекші саяси күш ретінде “Nur Otan” партиясы осынау бағытта басты біріктіруші рөлін атқаруға тиіс” деген сенімі ұйымдастырушылық, партиялық жұмысымыздың басты бағдарына айналып отыр. Осыған орай тұрғындармен диалог, тікелей эфир, “ZOOM”-конференция түріндегі байланыстар, идеологиялық, саяси бәсекеге деген қабілет жандандырылды. Партия саясатын әзірлеу және іске асыру үдерісіне партия мүшелері, жастар мен әйелдер барынша тартылып, олардың ықпалы барынша пайдаланылды. Депутаттық фракциялардың қызметтері өзара үйлестіріліп, бастауыш партия ұйымдарының рөлі арттырылды.

Жолдауда “тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты” жою, сонымен бірге диалог пен азаматтық қатысу дәстүрі құндылықтарын дәріптеу маңызды міндет ретінде аталды. Аудандық филиал жанында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясы құрамының төрттен біріне жуығы жаңартылып, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, қоғамдық кеселдің орасан зардабы жайлы тұрғындар арасында ақпараттық түсіндірулер жандандырылды. “Құтты мекен” бағдарламасы бойынша заң бұзушылық оқиғалары ашық айтылып отырды. Тәртіп сақшыларымен, басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, білім беру, денсаулық сақтау, жол жөндеу салаларына рейдтер ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде 134 қабылдау ұйымдастырылып, 681 шағым қаралды. Олардың жартысына жуығы қолма-қол шешімін тапты. Онлайн-режім түрінде 300-ге жуық өтініш қабылданды. “Біз біргеміз”, “Ардагерлерді ардақтайық”, “Кедергісіз келешек”, “Сәтті қадам” сынды партиялық жобалар халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолдауға бағытталған.

Владимир ВОЛКОВ,

“Nur Otan” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp