«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУ — БАСЫМ БАҒЫТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Барыс жылының алғашқы аптасы ел басына түскен ауыр сынақтармен басталды. Қаңтардағы қаралы күндердің мәнін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тайға таңба басқандай ашып берді. “Әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, бұған дейін ҰҚШҰ саммитінде айтқанымдай, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды. Жау асқан қатыгездікпен кез келген қадамға баруға дайын екенін көрсетті. Олар тіпті халық арасында қорқыныш ұялатып, қарсы шығу туралы ойды басуға талпынды. Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспектілерді қамтыды: әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпараттандыру және тағы басқалар”, – деді Президентіміз Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде.

Ауыр қасіретке өзегі өртеніп, қабырғасы қайысқан солтүстікқазақстандықтар да елдің бірлігін, тұрақтылығын жақтап, Президентіміздің жанынан табылды. Буырқанған сезімдерге тосқауыл қойып, жастарға басу айтушылар қатарында жергілікті нұротандықтар да жүрді. Алматы қаласының қирағаны, тоналғаны, содырлардың неден болса да тайынбайтын соғысқұмар, тонаушылық әрекеттері мен адамгершілік қасиеттермен еш сыйыспайтын оспадар қылықтары шошытты, жанымызды түршіктірді. Шынында да, халықаралық лаңкестікке қарсы шұғыл да, батыл шешімдер қабылданбағанда Алматыны бақылауды толықтай уыстан шығарып алуымыз мүмкін еді.

Бүгінгі күні бір шаңырақ астына жұдырықтай жұмылып, елдің қауіпсіздігі мен тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту өте маңызды. Президент Парламент Мәжілісінде алдымызға іргелі-іргелі тоғыз міндет қойып, іске асырылу жолдарын нақты айқындап берді. Олардың ішінде әлеуметтік саясат айрықша айтылды. Үкіметке халықтың әл-ауқатын арттыру, жалақы мен зейнетақыны көтеру, бизнеске көмек көрсету, инфляцияны тежеу, бағаны тұрақтандыру мәселелерін басты назарда ұстауды тапсырды. Бюджетаралық қатынастарды түбегейлі реформалаудың уақыты жеткенін, мемлекеттік қызметке алу талабын жетілдіруді, артық талаптар мен кедергілерді жедел түрде жоюды ескертті.

Мемлекет басшысының “Президенттік жастар кадрлық резерві” жобасына бастамашылық жасауы өте құптарлық. Өйткені бұл келешегі зор жастар үшін әлеуметтік лифт болып табылады. Мұның өзі жаңаша ойлауды қалыптастыруға, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізуге орасан мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеудің, кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеудің және жұмысқа орналасуға мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтаудың мәні де айрықша.

Президент көптеген міндеттерді шешуде, қоғамның мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыруда мемлекеттік қызметте мықты менеджерлер қажет екеніне, мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіріліп, “Халық үніне құлақ асатын” мемлекет құруға, жастарды үнемі қолдауға, білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. “Жастар тәжірибесі” және “Алғашқы жұмыс орны” сияқты бағдарламалар жастарға тірек болары, жұмыс тәжірибесін байытары сөзсіз. Себебі жоғары оқу орындарының, колледждердің білімді түлектері тұрақты жұмыс таба алмай жүргені жасырын емес. Білім беру сапасын арттыру үшін материалдық-техникалық базаны жақсарту ғана жеткіліксіз, мұғалімдердің тұрмыстық жағдайына да көңіл бөлген жөн. Мемлекет басшысы өңірлерге үздік педагогтарды тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жоғары білімнің қолжетімділігі мен жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі – бөлек тақырып. Техникалық мамандықтарға мән беріп, инженерлерді даярлаудың өзектілігін алға тартты. Қазіргі уақытта өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді, сондықтан инженерлердің экономика саласында алатын орны ерекше. Көптеген бағыттар “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасымен үндес. Сондықтан алға қойылған әлеуметтік-экономикалық міндеттерге қол жеткізу, еліміздің татулығын, халықтың тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төңірегіне топтасу керек деп ойлаймын.

Қиын кезеңде нұротандықтар халықпен бірге болды. Облыстық, аудандық, бастауыш ұйымдар, қоғамдық қабылдау, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес төрағалары жергілікті жерлердегі азаматтардың қоғамдық-саяси көңіл күйін зерделей отырып, сабырлыққа шақырған жұмыстарын бірде-бір бәсеңдеткен жоқ. Партия белсенділері, партия фракциясының өкілдері жедел штабтардың құрамында белсенді түрде әрекет етті. Бір ғана мысал. Алматыдағы тәртіпсіздіктерден зардап шеккен адамдарға қан жинау түріндегі бастама кең қолдау тапты.

Әсем РАХМЕТОВА,

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp