«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қайта тұрып қақың бар жүгіруге…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің үйдің қасындағы шағын азық-түлік дүкенін айналшықтап жүретін осы бір жігітті жиі көремін. Байқаймын, өткен-кеткенге қол жайып, бірдеңе дәмететін секілді. Кейде алдыңды кес-кестеп өңмеңдегенде теріс айналып кете алмайсың. Бір жолы әмиянымдағы ұсақ тиындарды бергенім рас. Кейін қолына бір бөлке нан ұстаттым. Түрі солыңқы, киімі жұпыны келген оның жас-шамасы қырықтың бел ортасында.

Жақында ол сатушы қызға әлденелерді айтып, даурығып тұрды. Қарызға зат сұраса керек, дүкеншінің бас шайқап, қабақ шытқанына қарағанда сұрағанын бермегені анық.

Ол мені көре салысымен, ұзақ жыл кездестірмеген танысын жолықтырған адамдай құшағын жая ұмтылды. Сөйтсем, дүкеншіге мені мақтамақ екен. “Мынау, – деді ол оң қолымен жауырынымнан қағып, – мықты жігіт, адамның көзінен көңіліндегіні оқи біледі”.

Дүкенге менің соңымнан да бір-екі тұрғын бас сұқты. Сөйтіп, оның сөзі осы жерден тамам болды. Анадайда отырған егде жастағы сатушы апай сөзге араласқысы келді білем, біз жаққа ақырын жылыстай жақындады. Мен керегімді бір-бірлеп айтып, ол кісі сөйлей жүріп, саудасын жүргізді. Тіленші жігіт сатушы апайдан аздап именетін сияқты, ол бұл кезде тілін жұтып қойған адамдай сілейіп тұрды да қалды.

“Біз де саған қаншама жақсылық қылдық, Елдар”, – деп апай бастапқыда жай үн қатты да, артын ала зіркілдеп сөйлей бастады. Атын атағанына қарағанда көптен бері таныс болып тұр ғой. Ол апайдың сөзіне құр-бекер құлақ ауыртқысы келмеді ме, әлде қасындағы тұрған бізден ұялды ма, әйтеуір, қолын бір сілтеді де, сыртқа беттеді.

Сатушы апайдың сөз ауанынан аңғарғаным, жігіт ағасы бұл дүкенге жиі бас сұғатын көрінеді. Сөйтіп, ол туралы біраз жайға қанықтық.

“Қайыршы дейін десең оған ұқсамайды. Сөзі дұрыс, он екі мүшесі сау, бірақ іске жоқ. Оның алақан жаюына жалқаулығы себеп. Одан қалды “ащы суды” серік етіп алғаны. “Өзіндей жігіттер күндей жарқырап жүр. Әу баста жанымыз ашып, көмектестік. Кейін ол “бере берсе, ала берсем” дегенге көшкен сыңайлы. Бара-бара ұяттан безді бұл жігіт. Әйтпесе, еңбек қылам деген адамға қашан да екі қолға бір күрек табылмай ма? Ішімдікке құмар адамның оңғаны бар ма? Қыстың көзі қырауда далада үсіп қалмасына кім кепіл? Артынан іздейтін біреуі бар ма екен өзінің”, – деп кейістік танытты сатушы өзін зорға тежеп.

…Мен оны автобус станциясының маңынан тағы да жолықтырдым. Сол бұрынғы әркімге қол жайып, сүмеңдеп жүрген қалпынан айнымайды. Екі беті бозарып, аяз сорып қатты домбығып кетіпті. Аяп кеттім. Жолдың қарсы жағындағы асханадан ыстық шәй мен тіске басар бірдеңе алып бергім келді.

Біз көбінесе қайыр тілеп, қол жайып жүрген сондай адамдарды көрсек жиіркене қашқақтайтынымыз бар. Олардың мұндай жолға қалай түскеніне бас ауыртқымыз келмейді. Пенде болған соң кім де болса, ойда жоқта тағдырдың тәлкегіне ұшырап немесе оның алдамшы қармағына ілінеді. Кейбіреулер мұндай жағдайдан шығудың жолын оңай тауып жатса, енді біреулер боркеміктенеді.

Ол аздап бойын жылытқаннан кейін мен одан бұл жолға қалай түсіп қалғанын сұрап, білгім келді. Екеуміз бұрыннан таныс жандай әңгіменің желкенін кеңге жайдық.

Елдардың айтуынша, ол Көкшетау қаласының тумасы екен. Ата-анасының Мамлют ауданына қоныс аударуына байланысты осындағы мектептердің бірінде оқыпты. Кейін Көкшетеу қаласынан жоғары білім алып, сонда инженер болып жұмысқа тұрады. Үйленіп, балалы болады. Уақыт өте келе, жұмыстан шығып қалады. Сосын екі қолға бір күрек іздеп көшеде жүргенінде ескі достарына жолығып, уақыт өткізу үшін картаға бас қояды.

“Құмар ойыны құрдымға кетірді. Бәрі де картаға ақша тігіп ойнаудан басталды. Ойнап жүріп орыс қызына үйленіп, балалы болдым. Ол да ішімдікке әуес. Отбасылық өмірде екеуміз қосыла іштік. Жастықтың жалыны ғой, жұмыста жүргенде Балнұр есімді қызға ғашық болып, бара-бара орыс келіншегіммен арамыз суына бастады. Ақыры екі жаққа кетіп тындық. Одан бір қызым қалды. Көп өтпей Балнұрмен шаңырақ көтердім. Жақсы күндер жалғасын тауып жатты. Одан тағы бала сүйдім. Жұмысым бар. Айлық нәпақам күнделікті тұрмысымызға жетеді. Оның сыртында қызыма алимент те төлеймін. Кейін істеп жатқан жұмысымнан шығып қалып, босқа сенделіп жүріп қалдым. Тұрмыстан таршылық көре бастадық. Баланы қайын енеме қаратып, келіншегім жұмысқа шықты. Мен болсам шағын базарды айналсоқтап аздап тиын-тебен тауып келіп отырдым. Бірінші әйеліме қарайласа алмадым. Жеке сот орындаушысы үйге хат жіберіпті. Ұрыс-керіс жоқшылықтан шығады ғой. Сол арада әйеліммен сөзге келіп қалдым. Ашуға булығып көшеде жүргенде ескі достарыма жолығып, көңіл аулау үшін олармен бірге карта ойнадым. Тұрақты жұмысы болмаған соң олар осыны ермек ететін көрінеді. Сөйтіп, мен де солардың қатарына қосылдым. Картаны ақшамен ойнайтын болдық. Басында менің десім басым түсті де, талайым оңынан туды. Әйеліме базарда жұмыс істеп жүрмін деп сендірдім. Кейін картадан жеңіліп, достарыма қарыз болып қалдым. Енді не істеу керек? Құмарлықтың желігі әбден бойды дендеп алған соң, көзің бұлдырайды екен ғой. Ақша үшін адам тонадым. Ол ақша табудың оңай әрі ұтымды жолы сияқты көрінді. Сөйтіп, жүргенде құқық қорғау органынан бірақ шықтым. “Ауруын жасырғанмен, өлімің әшкере” дегендей, бәрін айтуға тура келді. Жолдасым да, туған-туыстарым да бұл жайдан толықтай хабардар болды. Не керек, жақындарың өкпеге қиса да, өлімге қимайды ғой. Әйелім банктен несие алып, ұрлаған заттарымның өтеуін өтеп, мені теміртордан босатып алды.

Содан отбасыммен облыс орталығына қоныс аудардық. Пәтер жалдап тұрдық. Жиһаз жасайтын шағын орталыққа жұмысқа тұрдым. Банктің алашағы, пәтерақы мені тағы қысымға алды. Жұмыс та уақытша тоқтады. Ата-анамды бағып-қағып отырған жалғыз інім жол апатына түсіп, одан мезгілсіз көз жазып қалдық. Жылдық асын берген соң, ата-анамның қасына көшіп бардық. Тағы балалы болдық. Алайда қарыздан құтыла алмадым. “Сорлыға сойыл бұрын тиеді” дегендей, облыс орталығынан қатынап, құрылыста жұмыс істеп жүргенде екінші қабаттан құлап аяғым сынды. Үйде екі ай жатып, зорға орнымнан тұрдым. Тағдыр бір айналдырса, шыр айналдырады екен, араға жыл салып әкем де, шешем де өмірден озды. Сөйтіп, қайғының үстіне қайғы жамалды. Қолдағы бір-екі мал да көзден ғайып болды. Көне сүрлеуге қайта түстім”.

Оның әңгімесін тыңдап отырып, менің де көңілім босап сала берді. Расында, адам бір сәтсіздікке ұшыраса, одан ес жию оңай емес. Ондай кезде адамға ақыл, еңбек, күш-жігер және жақындардың қолдауы ауадай қажет-ақ. Елдардың әңгімесінен осыны анық түсінгендей болдым.

Сағатыма қарап едім, қалаға қатынайтын автобустың келетін уақыты да жақын қалыпты. Біз даладағы орындыққа барып жайғастық.

Автобус та келіп тоқтады. Жолаушылар жапа-тармағай кіріп жатқанын көріп, мен де солай беттедім. Тағдырлы кісі солай орындықта отырған күйі қала берді. Мен де дәрменсіздік таныттым. Өмірде аяғын шалыс басып, маңдайына тас тиіп, морт кететін жандар аз емес. Тағдырдың тауқыметі Елдардың өзегін әбден өртеген сыңайлы. Десе де жігерін жасытпауы керек еді деймін өз-өзіме. Адамдығын жоғалтпау керек қой. Өйткені өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Сол қысқа ғана ғұмырда адам мың жығылып, мың тұрмай ма?

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp