«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҮМІТ ШУАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар” демекші, әрбір отбасында баланың былдыры мен шат күлкісі естілгенге не жетсін. Ұрпақ өрбітуде ең бірінші ана денсаулығы маңызды орын алатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ маман-дәрігерлер ұрпақты тоғыз ай көтеретін анамен қатар әке денсаулығының да мықты болуы қажеттігін айтады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде отбасылардың 16 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмауда. Сол отбасылардың жартысына жуығы ер-азаматтардың белсіздігі кесірінен балалы бола алмайды екен.

Мамандардың айтуынша, бедеулік пен белсіздіктің орын алуына ауаның ластануы, тағамның құрамы, гаджеттерді шектен тыс қолдану, саламатты өмір салтын ұстанбау сияқты жағдайлар әсер етуде. Саламатты өмір салты демекші, қимыл-қозғалыстың азаюы да бедеулікке әкелуі әбден мүмкін екен. Облыстық перинаталдық орталықтың репродуктолог дәрігері Виктор Проценко өмірге ұрпақ әкелу, бала өрбіту тек әйелге ғана байланысты емес екенін айтты. Некелескен жұптарда баланың болмауына ер мен әйелдің үлесі бірдей. Сондықтан ер жігіттер де емделуден қашпауы керек. Өйткені ер азаматтардың белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабынулар әсер ететін көрінеді. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда біз мәселенің бәрін әйелге ысырып қоямыз. Ал мамандар жастар отбасын құрмай тұрып, алдымен медициналық тексеруден өтуі керек дейді. Мамандардың айтуынша, қазір жастар­дың арасында инфекциялық аурулар кең тарау­да. Ал ағзадағы инфекция 2-3 күннен 6 айға дейін белгі бермеуі мүмкін.

Отбасын сақтап қалу үшін кейбір отбасылар жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінуге мәжбүр. Ақысы қымбат тұратын бұл қызметті кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Құны 1 миллион теңгеден асатын бұл медициналық қызметті елімізде 2010 жылдан бері мемлекет есебінен тегін алуға мүмкіндік бар. Алғашқы жылдары 100 отбасы репродуктивті техноло­гиялар арқылы нәрестелі болған. Квота саны жыл сайын өскенімен, сұраныс та азаймай отыр. Отбасылық-демографиялық ахуалды жақсарту үшін Президентіміздің пәрменімен елімізде 2021 жылы “Аңсаған сәби” арнаулы бағдарла­масы іске қосылып, экстракорпоральды ұрық­тандыруға квота саны көбейді. Осы ретте “Аңса­ған сәби” асыл арманға қол жеткізуге мүмкіндік бере ме деген орынды сауал туындайды. Жыл сайын аталмыш медициналық қызмет түрін шамамен 1000 адам тегін алса, енді жасанды ұрықтандыру квотасының 7 есе артуы талай отбасының үмітін оятты.

Тұрмыс құрғанына 10 жылға жуықтаса да Нәзира (аты-жөні өзгертілді) ана бақытына бө­лене алмай жүр. “Аңсаған сәби” бағдарлама­сының іске қосылғанын естігенде ол арманына бір қадам жақындай түскендей әсерде болған.

– Бала – өмір бастауы ғой. Асылы адам баласының өмірдегі ең басты мақсаты – ұрпақ өрбіту болар. Бұл – өмірдің заңы. Жұбайым екеу­міздің басты арманымыз – сәби сүю. Денсаулығымызды талай мәрте тексертіп, емшілерге де көріндік. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Бүгінде жасым 30-дан асып барады. Іштей уайыммен қаншама ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтуде. Басқа түскен соң амалсыз бұған да көнеді екенсің. Бұл жағдайда маған қолдау көрсетіп, түсіністік танытқан жан жарыма ризамын. Біз ешқашан үмітімізді үзген емеспіз. Алдағы уақытта “Аңсаған сәби” бағдарлама­сына қатысуды жоспарлап отырмыз, – деген Нәзираның өмірі үміт пен сенімге толы. Өкінішке қарай, арамызда Нәзира сияқты перзент құша алмай жүрген жандар аз емес. Мәселен, “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша өткен жылы біздің облысқа экстракорпоральды ұрықтандыру қызметін тегін алу үшін 217 квота берілді. Бұл қызмет түрін тегін алғандар өз алдына, қаншама адам кезекте тұрғанын ескерсек, өңірде сәби сүйе алмай жүргендер саны жетіп артылатынын аңғару қиын емес.

– Өткен жылы біз жақсы нәтижеге қол жет­кіздік. Алдын ала қорытынды бойынша облыста “Аңсаған сәби” бағдарламасына қатысқан әйелдердің 46-47 пайызы жүкті болды. Олар тұр­ғылықты мекенжайы бойынша мамандар­дың бақылауында болып, облыстық перинаталдық орталықта босанады. Жақында аталмыш бағдарлама бойынша облыста тұңғыш сәби дүниеге келді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында экстракорпоральды ұрықтан­ды­румен тағы 7-8 әйел босануы тиіс, – деді Вик­тор Проценко. Ол 2020 жылы біздің өңірге 33 квота бөлінсе, биыл жасанды жолмен ұрықтан­дыруға берілетін квота саны 200-ден кем бол­майтынын жеткізді.

Қазірдің өзінде 60 әйел квота кезегін күтуде. Президенттік бағдарламаның шапағатымен биыл жұбайлардың отбасында сәби үні естіліп, шаңырақтары шаттыққа кенелері анық. Алайда демографиялық ахуал онсыз да нашар біздің өңірге 200 емес, одан да көп квота бөлінсе артық емес. Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері бұл мүмкіндікті аудан тұрғындары да жіберіп алмауы тиіс екенін айтуда. Қымбат тұратын медициналық қызмет түрін пайдалану­ға әрбір қыз-келіншектің мүмкіндігі бар.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp