«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларының біріккен алқа мәжілісі өтті.

Мінбеге бірінші болып көтерілген құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев жиналғандарды 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде атқарылып жатқан іс-шаралар барысымен таныстырды. Былтыр облысымызда 346 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,7 пайызға артып, жұмсалған қаражат 106 млрд. теңгені құраған. Петропавл қаласында 900 оқушыға арналған мектеп, Шал ақын ауданында 160 адам қабылдайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жамбыл ауданындағы Қайранкөл ауылында мәдени-ойын-сауық орталығы, Мағжан Жұмабаев ауданында хоккей қорапшасы іске қосылған. Арнайы экономикалық аймақ бойында электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және кәріз желілері салынған. “Южный” шағынауданында қиыршықтас төселген жолдардың құрылысы аяқталған. Электрмен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын. Облыс орталығында 32 спорт түрі бойынша 3124 көрерменге арналған спорт сарайының құрылысының жобалау жұмыстары аяқталған. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында құны 2,5 млрд. теңге болатын бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана салу жоспарлануда. Ғабит Мүсірепов атындағы, Мағжан Жұмабаев аудандарында дәрігерлік амбулаториялар, Қызылжар, Жамбыл аудандарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынады. Цифрландыру бағдарламасы аясында бас шаhардың геоақпараттық порталы әзірленген.

Баяндамашы биыл құрылыс саласы бойынша 120 млрд. теңге қаржыны игеру міндеті тұрғанын жеткізді. 401 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Бюджеттік құрылыстан басқа, жеке компаниялар 1732 пәтердің кілтін табыс етеді. YDA түрік компаниясы облыс орталығында жалпы аумағы 30 мың шаршы метр болатын 510 пәтерлі 10 және 18 қабатты үйлердің құрылысын бастамақ. Жоба бойынша 420 орынды жерасты паркингі және бірінші қабатта бизнес нысандары бар заманауи тұрғын үй кешені тұрғызылады. “Базис А” мердігерлік ұйымы 170 мың шаршы метр болатын 2023 пәтерге арналған 9 көпқабатты үй салуды жоспарлап отыр. “Леонтьев фирмасы” ЖШС сауда орталығы мен паркинг орналасқан 155 пәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысын бастады. “Зерттеу СК” құрылыс фирмасы 30 және 35 қабатты үйдің тұжырымдамалық жобасын ұсынды.

Алдағы уақытта облыс орталығындағы “Жас өркен” шағынауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жақсарады. Жеке тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін “Солнечный-2” кентінде 2094 жер учаскесі бөлінді. 56,9 шақырым жерге қиыршықтас төселеді. Алты ауданда бір ауысымда 960 адам қабылдайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, үш ауданда жабық хоккей қорапшаларының құрылысы аяқталады. Тайынша ауданындағы Вишневка ауылында 120 орындық мектеп биыл пайдалануға беріледі. Тайынша қаласында 600 орындық білім ошағын салу жобасы бекітіліп, бюджеттен 1,2 млрд. теңге қарастырылған. Қыркүйек айында М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың жаңа оқу-зертханалық корпусы іске қосылады. Бүгінде университет студенттері үшін құны 5 млрд. теңге болатын 600 орындық екі жатақхана салуға конкурстық рәсімдер аяқталды. Петропавл әскери институтында жаңа оқу кешенінің құрылысы жалғасуда. Ислам мәдениеті мұражайы қайта жаңғыртылады. YDA холдинг компаниясының жеке инвесторы 480 төсектік заманауи облыстық көпбейінді аурухананың құрылысын жалғастыруда. D және C блоктарына арналған жеті қабаттан тұратын рамаларды орнату бойынша жұмыстар жүргізілді, A, B және E блоктарына рамалар орнатылды. Құрылыс жұмыстарына 25 бірлік техника мен 280 білікті құрылысшы тартылған.

Өткен жылы Петропавл қаласының бас жоспары сараптамадан өтіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінде бекітілген.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашлығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов салаға инвестиция құю, энергетикалық кешенді дамыту, сумен жабдықтау, “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.

Оның айтуынша, биыл салаға тартылған инвестиция мөлшері 25,4 млрд. теңгеге ұлғайтылады. Энергетикалық кешенді дамытуға 6,3 млрд. теңге бағытталған. №2 жылу электр орталығындағы 7-ші қазандық агрегаты жаңғыртылған. Енді 2-ші қазандықты қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Өткен жылы 250 мың адам тұратын 405 ауыл сапалы ауызсумен қамтылды. Соңғы бес жылда осы салаға 32,7 млрд. теңге жұмсалып, 184 мың тұрғыны бар 245 елді мекеннің әлеуметтік жағдайы жақсарды. 6,5 мың үйге су құбырлары тартылды. Биыл сумен жабдықтауға 12,3 млрд. теңге бағытталады. 135 шақырым су желісі қалпына келтіріледі. Жыл соңына таман ауыл халқының орталықтандырылған суды тұтынуы 84 пайызға дейін жетеді. 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы бойынша 30,4 млрд. теңге қарастырылған. Нәтижесінде 78 ауыл сапалы сумен қамтамасыз етіледі. Өкінішке қарай, халықты сумен жабдықтау көрсеткіштері Тайынша (32 пайыз), Шал ақын (39,3 пайыз), Айыртау (72 пайыз) аудандарында төмен. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттарды уақтылы әзірлеу жұмысын жандандыру қажет.

“Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша 745 млн. теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылған. Биыл 2 млрд. теңгенің 5 жобасы қолға алынады.

Алқа мәжілісінде сөз алған Құмар Іргебайұлы 2017 жылмен салыстырғанда құрылыс қарқыны – 2 есе, салық төлеу – 1,5 есе, қаражат бөлу 3 есеге артқанын, құрылыс алаңдарында 5 мыңға жуық адам еңбек ететінін жеткізді. Жыл аяғына дейін бюджеттік құрылыс ұйымдары – 14, жекеменшік компаниялар 23 көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізбек. Қопай шағынауданында 17 үй салынады. “Бес жылда 1 млн. 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 40 мың адам баспаналарын жаңартты. 2026 жылға дейін 2 млн. шаршы метр тұрғын үй алаңын іске қосу міндеті тұр”, – деген өңір басшысы жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеді. Кей құрылыс фирмалары мен жобалаушылардың салғырттығынан сметалық-жобалық құжаттардың кешіктірілетіні туралы айтып, көпқабатты үйлердің бірінші қабатында сауда нүктелерімен қатар жастар демалатын орындарды көбейту қажеттігін атап көрсетті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp