Кез келген әлеуметтік процесс туралы шындыққа негізделген сенімді де жедел мәліметтер алуға бағытталған рәсімдеу жүйесі мемлекеттік қызмет көрсету саласында да қалыптасқан. Түрлі қызмет берушілер мен ұсынушылардың жұмысы сан-саланы қамтитындықтан, әлеуметтік сауалнама, басқаша айтқанда, қоғамдық мониторинг шеңберінде мемлекеттік қызметтер алудың жеңілдіктері мен артықшылықтары көп. Былтыр 40 қызмет түрін көрсету сапасы бойынша қоғамдық мониторинг жүргізіліп, 3 мыңнан астам адам сауалдарға жауап берді. Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде бірқатар зерттеулер ұйымдастырылды. Үкіметтік емес ұйымдардың, денсаулық сақтау мекемелерінің интернет-ресурстары зерттеліп, ақпараттық жүйелердің жетіспейтіні анықталды. Мазмұнды сұхбаттар және фокус-топтық зерттеулерге назар аударылды, халыққа сапасыз қызмет көрсету себептері, оларды жою бойынша шаралар топтамасы әзірленді. Қызмет алушылардың порталдардағы мемлекеттік қызмет туралы ақпаратты іздеудің, жүктеудің, қызметке online ақы төлеудің күрделілігіне шағымданатыны белгілі болды.
Зерттеулер қорытындыларына сәйкес, жұртшылықты тұрғылықты жері бойынша тіркеу, архивтік анықтамаларды, олардың құжаттық көшірмелерін беру сияқты мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіштері жақсы бағаланса, жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу бойынша сату, сауда-саттықтарды (аукциондар) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелерінен құқықтарды алу, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін азаматтарға анықтамалар беру сияқты мемлекеттік көрсетілетін қызметтер рейтингі төменгі санатқа жатқызылды. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы бұзудың 79,6 пайызы сәулет және жер қатынастары салаларына тиесілі. Мемлекеттік қызметтердің он түрі бойынша қызмет көрсету сапасының төмендегені байқалды. Ал қызмет көрсету сапасы бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ филиалы 1 орынды, орталық мемлекеттік ұйымдардың аумақтық бөлімшелері 2 орынды, жергілікті атқарушы органдар 3 орынды иеленді. Бұл салада Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Есіл аудандарында жақсы тәжірибе қалыптасса, Тайынша, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласына сын аз айтылмайды. Қоғамдық мониторинг деректеріне сүйенсек, “Туған жер” ҮЕҰ” қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар әзірлегені құптарлық. Азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 90 пайызға жуық.
Адамдар көбіне халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне жүгінетіндіктен, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы әлі де ширата түсуді қажет етеді. Орын алған олқылықтар қызмет көрсетушілердің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында талқыланып, қызметтік әдеп нормаларын сақтау, көрсетілетін қызметті алушылар тарапынан оғаш қылықтарға жол бермеу, кабинеттердің, ақпараттық стендтердің талапқа сай болуы атап көрсетілді. Мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін жағдай жасауға, мамандардың кәсіби құзыретін арттыруға қатысты пайдалы ұсыныстар айтылды. Департамент бастамасымен Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, Тайынша, Мағжан Жұмабаев аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың атқарылу жайына қоғамдық мониторинг жүргізіліп, қызмет көрсетудің сапалық деңгейі анықталды.
Сервистік мемлекет құру – басты талаптардың бірі. Алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет түрлерін жетілдіруде қоғамдық мониторинг нәтижелері жете ескеріліп отырады.
Гүлнәр ЖУСАЛИНА,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы.