Қытайдың бас шаһары – Бейжіңде қысқы ақ Олимпиада ойындарының алауы тұтанатын күн де алыс емес. Жан алысып, жан берісетін бәсеке жақындаған сайын сайдың тасындай іріктеліп, бәйге атындай жарап тұрған спортшылар да, спорт десе, делебесі қозатын, ішер асын жерге қоятын, қиқуға қиқу қосатын жанкүйерлер де осынау мерейлі сәтті тықырши тосып отыр.
Әлем тарихында қос Олимпиаданы алғаш қабылдаған аспанасты елі дүбірлі доданы өткізуге тас-түйін дайын десе де болады. 12 спорттық нысан салынып, үш олимпиадалық ауыл, медиа-орталық, ұлттық стадион тұрғызылып, 4 жылда бір өткізілетін байрақты бәсекеге жолдама беретін негізгі іріктеулер мен рейтингтік жарыстар өз мәресіне жетті.
Бүкіл ел болып күткен жарыстың салтанатты ашылуы 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындары өткен стадионда ақпан айының төрті күні өз шымылдығын түріп, жиырмасыншы жұлдызына дейін өткізілмекші. Әлемді беймаза күйге түсірген коронавирустық індеттің қайта өршуіне байланысты рәсімге көрермендер қатыстырылмаса да, көгілдір экран арқылы тамашалайтындар саны көп болады деген сенім мол.
Жалпы дүбірлі додада 95 елден 4 мыңнан аса спортшы өз бақтарын сынайды. Сонымен қатар саңлақтар спорттың 15 түрі бойынша 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бағдарламада биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (тау-шаңғы жарысы, қоссайыс, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей бар. Бұдан өзге 7 жаңа жарыс түрі қосылған. Олар – әйелдердің жекелей бобслейі, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы биг-эйрі, шорт-тректегі аралас эстафета, тұғырдан секіру, фристайл және сноуборд-кросс бойынша аралас командалық жарыстар.
Бір атап өтер жайт, қысқы Олимпиада ойындары тарихында ерлер мен әйелдердің саны біршама теңесті. Яғни қатысушылардың 45 пайызын әйелдер құрайды. Халықаралық Олимпиада комитеті былтыр Токиода өткен жазғы Олимпия ойындарында да жолдамалардың 51 пайызын ерлерге, 49 пайызын әйелдерге үлестірген болатын.
Жарысты ұйымдастырушылар Олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне барынша жағдай жасап отыр. Марапаттау рәсімінің атрибуттары таныстырылып, марапаттаушылардың киім үлгілері көрсетілді. Жеңімпаздарға гүлшоғынан бөлек, арнайы тапсырыспен жасалған ойын бойтұмары да сыйға тартылады.
Олимпия ойындары Бейжің мен оның маңайындағы Яньцинь және Чжанцзякоу қалаларында ұйымдастырылады. 2008 жылғы жазғы Олимпиадаға арнап салынған спорт нысандарында керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр секілді жарыстар өткізіледі. Бейжіңнің солтүстік-батысындағы 80 шақырым жерде орналасқан Яньцинде шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортының жүлделері сарапқа салынады. Бейжіңнің солтүстік-батысындағы көршілес Хэбэй провинциясына жақын орналасқан Чжанцзякоу қаласында сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон жарыстары ұйымдастырылады.
Олимпиададағы ауылдар саны – үшеу. Олардың жалпы аумағы – 330 мың шаршы метр. Спортшылар 20 ғимаратқа орналастырылады. Кейіннен аталған нысандар тұрғын үйге айналып, халық игілігіне беріледі. Бұл ғимараттарда спортшылардың жақсы тынығуымен бірге жарыстарға тыңғылықты дайындалып, шеберліктерін шыңдауларына барлық жағдай жасалған. Фитнес құралының 27 түрі бар, тренажерлер саны – 139. Сондай-ақ әр олимпиадалық ауылда 18 бөлімшесі бар кешенді аурухана жұмыс істейді.
Тағы бір қызық дерек, жарысқа қатысушыларға арналған ас мәзірі 4 жыл бойы дайындалыпты. Мәзірге 678 тағам енген. Диета, діни көзқарас және тағы да басқа (вегетариандық ас, халал тамақ) жайттар барынша ескерілген. Ас мәзірінде дәстүрлі қытай тағамдары да кездеседі.
Жуырда Халықаралық Олимпиада комитеті Бейжің Олимпиадасында ковидке қарсы шаралардың өте қатал болатынын мәлімдеді. Соған орай жарысқа қатысушылар “жабық жүйеге” өту үшін міндетті түрде вакцина алуға міндетті. Екіншіден, әр спортшы күн сайын ПТР-тест тапсыруы тиіс.
Қорыта айтқанда, ақпанның алғашқы күндері әлем назары Қытай астанасына ауады. 4 ақпан күні Олимпиада алауы жағылып, додалы бәсеке басталады.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.