Облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына орай “Сардаланың жыршысы” атты поэзия кеші өтті.
Поэзия кешіне зиялы қауым өкілдері, жерлес ақындар мен жазушылар, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған жерлесіміздің руханиятқа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ақын әртүрлі жанрда еңбектенді. Қазақ поэзиясында тұңғыш рет сонеттер жазып, кітап қып шығарды. Оның бес жүздей өлеңіне сазгерлер ән шығарды. Соның ішінде өткен ғасырдың жетпісінші жылы шыққан “Жезкиік” туындысы халық әніне айналды.
Кәкімбек Салықов В.Маяковскидің, Я.Коластың өлеңдерін және А.Пушкиннің “Евгений Онегин” романын қазақшаға аударды. Ленин, Халықтар достығы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Парасат орденімен және көптеген медальдармен марапатталған жерлесіміздің өнегелі өміріне тоқталған кеш қонақтары ардақты тұлғаның әдеби бай мұрасы халық қазынасы екенін атап өтті.
Поэзия кешінде ақынға арнау айтылып, өлеңдері оқылды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.