Қазіргі таңда өңірімізде саламатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар саны артып келеді. Олардың қатарында жас ерекшеліктеріне қарамастан киокушинкай, каратэ сияқты спорттың күрделі түрлерімен айналысатын егде адамдар да бар. Ақылмен қатар дене күші де қажет деп есептейтін бұл санаттағылар өздерінің қарым-қабілеттері жағынан жастардан еш кем түспейтіндерін іспен дәлелдеп келеді. Олар денсаулықтың бірден-бір кепілі күнбе күнгі денешынықтыру екенін жақсы біледі.
Спортты өмірлік серік еткен қариялардың бірқатары – “Кекушинкай каратэ” шығыс жекпе-жегі бірлестігіне мүше. Араларында тынымсыз жаттығудың арқасында каратэ спортының сиқырлы сырларын меңгеріп, жергілікті сайыстарға қатысып жүргендері де кездеседі. Кейбірі ақыл-ой мен ептілікті, шапшаңдықты талап ететін “ката” түрін таңдап алған.
Топтың бапкері Людмила Васильевaнаның тәжірибесі өте мол. 2018 жылы каратэден Еуропа чемпионы атағына ие болған, қара белбеу иегері саналады. Осы спорт түрімен қырық жасынан бастап айналысқан. Каратэге келуі де кездейсоқ. Бастапқыда каратэге немересін жетелеп әкеліп жүрген. Кейін қызығушылығы оянып, немересімен бірге жаттығатын болған. Жаттықтырушы Людмиланың спортқа деген ынтасын байқап, кимоно сатып алу туралы айтыпты. Сол кезде оның бойында өзіне деген зор сенім пайда болып, спортпен шындап айналысу жасқа қарамайтынын сезген.
“Белбеуге сынақ тапсыру оңайға соқпағанын жасырмаймын. Қатты қиналған сәттерде бұл спортты тастап кетсем бе деген түрлі ойлар келетін. Ерік-жігерімді жинап, күш-қайратымды қиындықтарға қарсы қоя білдім. Түрлі жарыстарда топ жардым. Қазір зейнеткерлік жастағы топты жаттықтырамын. Дене шынықтыру магистрі деген дәрежем бар”, – дейді егде спортшы.
Егде жастағылар үшін ең қымбаты – денсаулық. Жаттығулардың дені қарапайым болып келеді. Борис Самусев 40 жыл тарих пәнінен сабақ беріпті. Зейнет демалысына шыққаннан кейін каратэмен айналысуға бел буыпты. Алғашқы жаттығуға келгенде салмағы 95 келі тартса, екі жылдың ішінде 30 килограмм салмақ жоғалтып, жіптіктей жігітке айналады. Бұрындары ентігіп, дем алысы қиындаса, қазір желмен жарысқан жүйріктей болмаса да, жүрісі жеңіл, шапшаң, қағылез.
“Жастарға ең болмағанда спорттың бір түрімен айналысуға кеңес беремін. Денсаулықтың қадірін бағалай білейік”, – дейді ол.
Егде адамдар жаттығатын топта ең үлкені сексен жаста.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.