Бала кезімізден “Отан отбасынан басталады” деген сөздерді естіп өстік. Иә, Отан деген ұғымның сыры тереңде, жан дүниемізбен бітісіп кеткен. Туып өсіп, өніп, өрбіп, уақыты келгенде мәңгілік тұрағымыз да болатын жеріміз. Тағдырды адам баласы өздігінен таңдамайды. Қай жерде тұратының, қандай ұлт болатының, рең-түсің қандай болатыны тағдырыңа жазылған. Тұрған жеріміз, Отанымыз, тіліміз Құдайдың бізге аманаттап берген белгілері, нығметтері десек артық айтқандық болмас.
Дінімізде аманатты қызғыштай қорғап, көзіміздің қарашығындай сақтау парыз саналады. Құранда: “Сіздерді Адам ата мен Һауа анадан таратып, бір-бірлеріңізді тану үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік”, – деп бұйырды. Отанымыздың тыныштығы мен сол жерде өмір сүріп жатқан халықтардың бақытты өмір сүрулері үшін, балалар алаңсыз ойнап, адамдар кәсіптерін жүргізуі үшін оны қорғау – сол Отанда өмір сүріп жатқан әр азаматтың асыл міндеті.
Қазақта: “Отан – оттан ыстық”, “Отан үшін отқа түс, күймейсің”, “Отан отбасынан басталады” деген көптеген қанатты сөздер бар. Пайғамбарымыздың хадисінде: “Екі көз күймейді: “Біріншісі, күнәсіна өкініп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап, шекара күзеткен көз”, – деген.
Тарих беттеріне көз салсақ, қазақ даласы әртүрлі қиын қыстаулардан өткенін көреміз. Сондай қиын кездердің бірі – Жоңғар шапқыншылығы еді. Жай жатқан елдің мазасын алып, еш хабарсыз шабуыл жасап, мал жандарын айдап әкететін. Бірде сондай жағдай болып, мал жандарын дауалап, қазақ билері Жоңғар қонтайшысы Цэван Рабданға барады. Ханнан қорыққандарынан барған билер жасқаншақтанып, сөздерін жеткізе алмай тұрғанда, сол кезде әлі аты танылмаған, он төрт жастағы Қазыбек би: “Дат, тақсыр!” – деп алға шығады да:
“Қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм тұзымызды ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды,
Ұл мен қызын жатқа,
Құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң,
Біз көмірміз – еріткелі келгенбіз,
Қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,
Танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен арыстан,
Алысқалы келгенбіз,
Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Бітім берсең – жөніңді айт,
Бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – деген екен.
Бұл сөздерге тәнті болған хан атын сұрағанда, бала “атым Қазыбек” дейді. Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің атың Қаз дауысты Қазыбек болсын деп, олжадан түскен мал-жандарын қайтарып берген екен. Міне, осындай өжет би батырларымыз елім, жерім деп, өлімнен қорықпай Отанымыздың болашағына жол ашты.
Әрбір адамға өзінің туып өскен отбасы, үйі, ауылы ыстық. Жыраққа шықса, шетелдерге барса, туған жеріне деген сағынышы еселене түседі. Пайғамбарымыз дін тарату жолында Меккеде кәпірлер тарапынан көптеген қиыншылықтарға шыдайды. Қастандық жасап, пайғамбарды өлтіруді ойлағанда, Меккеден Медина қаласына көшуге мәжбүр болады. “Хазрауа” деген жерге жеткенде, түйесін тоқтатып, Мекке тарапына ұзақ қарап: “Аллаға ант етемін! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшарамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім”, – деген екен.
Қарап тұрсақ адамзаттың асылы, жаратылыстың абзалы ардақты пайғамбарымыз да туған жерге деген жүрек жарды сөздерін тарих беттеріне алтын әріптермен жазып кетті. Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы шаршайтын ұлан-байтақ жеріміз біздерге аманат. Сырттан жау келсе, “Өлсек – шейітпіз, қалсақ – ғазимыз” деп қорғауға тиіспіз.
“Жаудың жаманы іштен шыққаны” деген екен атам қазақ. Отанымыздың тыныштығын солар бұзады. Алла тағаланың Досым деген пайғамбары, кейінгі келген пайғамбарлардың атасы саналатын Ибраһим Һалилолла (оған Алланың сәлемі болсын): “Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер”, – деп дұға жасайды екен. Ата-бабамыз аңсаған егеменді, тәуелсіз ел болдық. Жеріміз, тіліміз, дәстүріміз түгенделді. Құдайға шүкіршілік етейік, сонда біз осы жетістіктеріміздің қадіріне жетеміз. Қолымыздағы бар нәрсенің қадірін бағалайық.
Абылай ҚҰРМАШҰЛЫ,
“Мухсин” мешітінің бас имамы.