«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Ынтымақ қайда — ырыс сонда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформа­лар – ел өркендеуінің берік негізі” Жол­дауында “бірлігіміз – әралуандықта” деген басты қағидамыз ешқашан өз­гермейтінін қадап айтты. Қазір Қазақ­стан мүлде жаңа дәуірге қадам бас­қан кезеңде ұлттың ұйысуы, этнос­аралық қатынастардың үйлесімділігі ауадай қажет. Осы бір құнды­лықта­ры­мызды көзіміздің қарашығындай қастерлей білсек, дамуымыздың бас­ты факторы ретінде нығайып, еліміз­дің мемлекеттік саясатының басты бағыты болып қала берері анық. Бір шаңырақ астында өзара түсіністікте өмір сүріп жатқан қазақ ұлты мен жүз­деген этностардың мүдделері мен мақ­саттарын бір арнаға тоғыстыра­тын ұлы күш, берік қағидат – келісім мен толеранттылық.

 Мұның өзі бүгінгі кездегі күнделікті өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің, болмысымыздың шы­найы көрінісіне, бөлінбес бөлшегіне айналып, Ата заңымызда жазылған­дай, республика қызметінің түбегейлі принциптері – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл қоғамның игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм қашанда темірқазық ұстанымымыз саналады. Қазақ халқының байырғы жерінде тарихи тағдыр біріктіргендіктен, әр этнос өкілдері үшін еркіндік, теңдік, та­тулық мұраттары қашанда маңызды. Мемлекет басшысы өркениетті даму мен өзара сыйластық мәдениетін дә­ріптеуді алға тарта отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл сала­дағы рөлін айрықша бағалады. “Біз Отанымыз бен барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегей­лікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі”, – деп атап көрсетті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық толеранттылық пен қо­ғамдық келісім қағидаттарына негіз­дел­ген мемлекеттік саясаттың қа­зақстандық моделінің бірегей инсти­туты ретінде танылып, бар күш-жіге­рін ұлтаралық, конфессияаралық дос­тықты, тең құқылықты сақтауға, ру­хани-мәдени игіліктерді жандан­дыру­ға, өркениетті, демократиялық құнды­лықтарды дәріптеуге, диаспора­лар­мен жұмысты үйлестіруге, әлеумет­тік-саяси өмірдің маңызды мәселеле­рін ізгілікті жолдармен шешуге жұ­мыл­дырып келеді. Бүгінде өңір аума­ғында құрылған 150-ге жуық этномә­дени бірлестіктің жұмысы этносая­сат­тағы ең күрделі де өзекті пробле­ма­ларды, тілдік, этностық, діни ерек­шеліктерге қарамастан, түсіністікпен шешуге бағытталған. “Бір шаңырақ ас­тында” сөзінің синонимі ретінде қол­данылатын “Бір халық, бір ел, бір тағ­дыр”, “Бір ел – бір отбасы”, “Менің Ота­ным – Қазақстан” ұғымдары аясында отаншылдық қасиеттерді орнықтыру­дың маңызы зор. Этностардың өзіндік ерекшеліктері этникалық емес, қазақ­стандық патриотизм рухымен аста­сып жатса, қоғамдық-саяси ілгерілеу­дің тұрақты да серпінді қадамдары одан әрі қамтамасыз етілері күмәнсіз. Президент алға қойған міндеттің бірі – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құн­дылықтарды жастардың бойына сіңі­ре білу. Өскелең ұрпақ арасында диа­лог пен азаматтық қатысу дәсүрін да­мы­тудың, ынтымақтастығымыз бен бірлігімізге арқау болатын озық құн­дылықтарды насихаттаудың мәні ай­рықша. Жасыратыны жоқ, жастары­мыздың бір бөлігі осынау баға жетпес байлығымызды құрмет тұтудың орны­на бей-берекет ақпарат тасқы­нымен уланып, елдік бірегейлігімізден ажы­рап барады. Мемлекетіміздің бола­ша­ғы үшін ішкі тұрақтылық пен жал­пы­ұлттық бірлікті қорғап, нығайтуда жастарға үлкен үміт артарымыз, арқа сүйеріміз заңды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында атап өткендей, адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, аза­маттық болмысын қалыптастыру ке­зінде патриотқа айналады. Өзінің же­ке мақсат-мүдделері қоғам игілігі­мен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қо­сып жатқанын жан-жүрегімен сезін­ген адам нағыз бақытқа кенеледі.

Шынайы патриоттық сезіммен рух­танып, қасиетті Тәуелсіздігімізді ны­ғай­та түсуге М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университеті жа­нындағы “Қазақстан халқы Ассам­блеясы” кафедрасының қосқан үлесі аз емес. Еңселі білім ордасында 30-дан астам түрлі этнос өкілдері қызмет етеді, білім алады. 2013 жылы отау тіккен кафедраның негізгі мақсаты – университеттің оқу-тәрбие процесін ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу, өңі­ріміздің мемлекеттік, қоғамдық ұйым­дарына ұлтаралық мәселелер бойын­ша кеңестер беру, этносара­лық келі­сім мен конфессияаралық толерант­тылық негізіндегі қазақстандық біре­гейлікті қалыптастыру болып табыла­ды. Университет ішіндегі жұмысымыз оқу, тәрбие, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын, әртүрлі деңгей­дегі байқауларды, “дөңгелек үстел­дер­ді”, конференцияларды ұйым­дастыру, шетелдік, қазақстан­дық ға­лы­мдармен этнодемография, этно­пе­дагогика, тарих, дінтану, құқық, мә­де­ни ынтымақтастықты жүзеге асыру шараларын қамтиды. Бұдан бөлек, Қазақстан халқы облыстық ассам­блея­сымен, ғылыми-сарапталық топ­пен, этномәдени орталықтармен ты­ғыз байланысты жұмыс істейміз. №17 ұлттық-өрлеу мектеп-кешеніне, көлік-экономикалық, гуманитарлық, техни­ка­лық колледждеріндегі “Бейбітшілік пен келісім” орталықтарына ғылыми-әдістемелік көмектер көрсетеміз.

Күндізгі бөлімнің бакалавриат мамандықтары үшін “Этноконфес­сиялық келісімнің қазақстандық мо­делі” атты арнайы курс оқытылады. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблея­сының, этномәдени бірлестіктердің қызметі, этникалық және конфессия­лық даму үрдістері, қоғамдағы рухани ынтымақтастық, тарихи-мәдени, әлеу­меттік-саяси жағдайлар туралы мағ­лұматтар беріледі. Сөйтіп, сту­денттердің азаматтық көзқарасы мен ұстанымының қалыптасуына белсен­ді ықпал етіледі, оң-солын тануына кө­мектеседі. Сондай-ақ лекциялар мен практикалық сабақтарда пікірталас, диалог, кинолекторий секілді түрле­ріне назар аударылады. Оған белгілі ғалымдар, лекторлар, сарапшылар, саясаттанушылар, теологтар шақы­ры­лады. Тыңдаушылар шығармашы­лық тапсырмалармен қатар эссе жа­зады, кестелер мен диаграммалар әзірлейді, хабарламалар жасайды, қызықты мәліметтер жинайды. Ка­федраның бастамасымен студенттер этноконфессияаралық мәселелер бо­йынша қалалық, облыстық қоғамдық маңызы бар шараларға, “Бірлік” атты ғылыми қауымдастық жұмысына қа­тысады. Қазақстандағы этноконфес­сиялық қатынастар, этнодемогра­фия­лық даму, этнография, тілдік сая­сат бағыттары бойынша әдебиет, фо­тоқұжаттар қоры жинақталған. Олар­дың арасында жұртшылыққа үлі етер­лік азаматтық, еңбексүйгіштік, адал­дық, білімге бас июшілік, патриоттық тәрбие мысалдары аз емес.

“Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы” тақырыбында өткен Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХХІХ сес­сиясында қоғамдық институтты бас­қару құқығы Президентке беріл­гені мәлім. Қасым-Жомарт Тоқаев түр­лі этностардың басын қосқан әлемде баламасы жоқ бірегей ұйым жұмысы зор табандылықты талап ететінін, сан түрлі ұлысты бір мақсатқа жұмылды­ру, ырыс-ынтымақты арттыру оңай емес­тігін айта келіп, біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өз­ара құрметтің негізінде еңселі, өрке­ниетті ел болып отырғанымызды айт­ты. Қоғамдық келісім мен жалпы­ұлт­тық бірліктің қазақстандық үлгісін да­мытудың жаңа кезеңінде ұйым ал­дын­да тұрған басым бағыттың біріне татулық пен келісім саясатын лайық­ты жалғастырып, дәйекті түрде дамы­туды атады. Әлемдегі геосаяси тұрақ­сыздық жағдайында белді бекем буып, кез келген сынаққа дайын бо­луға, тас түйін төтеп беруге шақырды.

Ұлттық тұтастықтың алтын арқауы сенім мен сабақтастықтың салтанат құруы екенін қаңтардағы лаңкестік лаң тағы бір мәрте айғақтап берді. Президент сөйлеген сөзінде қайғылы оқиғалар кезінде азаматтарымыздың басым көпшілігі патриоттық танытқа­нын, экстремистермен күресте бірлі­гін көрсеткенін, халықтың ауызбірлігі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемен даму идеясына деген шынайы сенімі қоғамды біріктіру мен елімізді ілгері­лету үшін қуатты іргетас болып сана­латынын, ал отандық бизнес өкілде­рімен кездесуде халық игілігі үшін би­лік пен бизнестің өзара ықпалдас­ты­ғына қатысты жолдарды айқындау қа­жет екенін айтты. Жаңа Қазақстан­ның негізі болуға тиісті жаңа эконо­мика­лық саясатты қалыптастыру үшін бір­лесіп жұмыс істеуге үндеді. Демек, тә­уелсіз ел болу оны жария­лаумен, мем­лекет іргетасын қалау­мен шектел­мей­тінін, дәйекті іс-әрекеттер арқы­лы жалғасын табатынын көрсетеді.

Людмила ГРИВЕННАЯ,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың жанындағы “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp