«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Барымызды бағалайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бала кезімізден “Отан отбасынан басталады” деген сөздерді естіп өстік. Иә, Отан деген ұғымның сыры те­реңде, жан дүниемізбен бітісіп кеткен. Туып өсіп, өніп, өрбіп, уақыты кел­генде мәңгілік тұрағымыз да болатын жеріміз. Тағдырды адам баласы өздігінен таңдамайды. Қай жерде тұратының, қандай ұлт бола­ты­ның, рең-түсің қандай болатыны тағдырыңа жазылған. Тұрған жеріміз, Отанымыз, тіліміз Құдайдың бізге аманаттап берген белгілері, нығмет­тері десек артық айтқандық болмас.

Дінімізде аманатты қызғыштай қор­ғап, көзіміздің қарашығындай сақтау парыз саналады. Құранда: “Сіздерді Адам ата мен Һауа анадан таратып, бір-бірлеріңізді тану үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік”, – деп бұйырды. Отанымыздың тыныштығы мен сол жерде өмір сүріп жатқан халықтардың бақытты өмір сүрулері үшін, балалар алаңсыз ойнап, адамдар кәсіптерін жүргізуі үшін оны қорғау – сол Отанда өмір сүріп жатқан әр азаматтың асыл міндеті.

Қазақта: “Отан – оттан ыстық”, “Отан үшін отқа түс, күймейсің”, “Отан отбасынан басталады” деген көпте­ген қанатты сөздер бар. Пайғамбары­мыздың хадисінде: “Екі көз күймейді: “Біріншісі, күнәсіна өкініп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап, шекара күзеткен көз”, – деген.

Тарих беттеріне көз салсақ, қазақ даласы әртүрлі қиын қыстаулардан өт­кенін көреміз. Сондай қиын кездердің бірі – Жоңғар шапқыншылығы еді. Жай жатқан елдің мазасын алып, еш хабарсыз шабуыл жасап, мал жанда­рын айдап әкететін. Бірде сондай жағ­дай болып, мал жандарын дауалап, қазақ билері Жоңғар қонтайшысы Цэван Рабданға барады. Ханнан қо­рыққандарынан барған билер жас­қан­шақтанып, сөздерін жеткізе алмай тұрғанда, сол кезде әлі аты таныл­маған, он төрт жастағы Қазыбек би: “Дат, тақсыр!” – деп алға шығады да:

“Қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзасына жылқының қылын таққан елміз.

Дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм тұзымызды ақтай білген елміз.

Бірақ асқақтаған хан болса,

Хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды,

Анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды,

Ұл мен қызын жатқа,

Құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.

Сен темір болсаң,

Біз көмірміз – еріткелі келгенбіз,

Қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,

Танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан болсаң, мен арыстан,

Алысқалы келгенбіз,

Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.

Бітім берсең – жөніңді айт,

Бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – деген екен.

Бұл сөздерге тәнті болған хан атын сұрағанда, бала “атым Қазыбек” дей­ді. Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің атың Қаз дауысты Қазыбек болсын деп, олжа­дан түскен мал-жандарын қайтарып берген екен. Міне, осындай өжет би батырларымыз елім, жерім деп, өлімнен қорықпай Отанымыздың болашағына жол ашты.

Әрбір адамға өзінің туып өскен отбасы, үйі, ауылы ыстық. Жыраққа шықса, шетелдерге барса, туған жеріне деген сағынышы еселене түседі. Пайғамбарымыз дін тарату жо­лында Меккеде кәпірлер тарапынан көптеген қиыншылықтарға шыдайды. Қастандық жасап, пайғамбарды өлтіруді ойлағанда, Меккеден Меди­на қаласына көшуге мәжбүр болады. “Хазрауа” деген жерге жеткенде, тү­йесін тоқтатып, Мекке тарапына ұзақ қарап: “Аллаға ант етемін! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекен­сің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшарама­ғанымда, өзіңнен бір сәтке де алыс­тамас едім”, – деген екен.

Қарап тұрсақ адамзаттың асылы, жаратылыстың абзалы ардақты пайғамбарымыз да туған жерге деген жүрек жарды сөздерін тарих бетте­ріне алтын әріптермен жазып кетті. Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы шаршайтын ұлан-байтақ жеріміз біздерге аманат. Сырттан жау келсе, “Өлсек – шейітпіз, қалсақ – ғазимыз” деп қорғауға тиіспіз.

“Жаудың жаманы іштен шыққаны” деген екен атам қазақ. Отанымыздың тыныштығын солар бұзады. Алла тағаланың Досым деген пайғамбары, кейінгі келген пайғамбарлардың ата­сы саналатын Ибраһим Һалилолла (оған Алланың сәлемі болсын): “Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер”, – деп дұға жасайды екен. Ата-бабамыз аңсаған егеменді, тә­уел­сіз ел болдық. Жеріміз, тіліміз, дәс­түріміз түгенделді. Құдайға шүкіршілік етейік, сонда біз осы жетістіктері­міздің қадіріне жетеміз. Қолымыздағы бар нәрсенің қадірін бағалайық.

Абылай ҚҰРМАШҰЛЫ,

“Мухсин” мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp