Облысымыздың полиция бөліністеріндегі қызметтік бөлмелерге бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары аяқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау мақсатында бұл жұмыс былтыр қолға алынған болатын. Ішкі істер органдарының әкімшілік ғимараттарының кабинеттері мен барлық учаскелік полиция пункттерінде 1192 камера орнатылды. Аппараттық-бағдарламалық кешен бейнежазбаны жедел басқару орталығына жіберуге мүмкіндік береді.
Мұндай формат қызметті ашық етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз ету, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және ұсталған адамдардың тарапынан арандату фактілерінің алдын алу мақсатында аумақтық полиция бөлімшелерінің арнайы мекемелерінің барлық бөлмелерінде сыртқы және ішкі бейнебақылау орнатылған. Бұл камералардан түсірілген видео кезекші бөлімшелердегі мониторда көрінеді, ұсталғандармен жұмыс жүргізетін қызметкерлердің ісін бақылау жүйесін жетілдіру ұдайы жүргізіліп тұрады. Бұдан бөлек, арнайы мекемелерде адам құқықтарының бұзылуына жол бермеудің және алдын алудағы тиімді тетік – ұлттық превентивті механизм өкілдерінің арнайы мекемелерге баруы, құқық қорғаушылардың жеке қабылдаулар өткізуі.
Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымданушылар облыстық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының 8(7152)61-26-89 телефон нөміріне жүгіне алады. Әр хабарлама басшылықтың бақылауында болады. Принципті әрі қатаң ұстаным объективті бағалауға мүмкіндік береді және полиция қызметкерлерінің тарапынан азаптау немесе өзге де қандай да бір құқық бұзушылықтар расталған жағдайда заңнамамен көзделген барлық шаралар қолданылатын болады.
Руслан НАЗАРОВ,
облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі.