Футзалдан Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында Еуропа чемпионаты өтіп жатыр. Қарт құрлықтың үздіктері жиналған жарыста Қазақстан командасы да өнер көрсетуде. Жерлестеріміз В тобындағы алғашқы ойында еуропалық рейтингте 8-орында тұрған Словения құрамасымен кездесіп, 4-4 есебімен тең ойнады.
Турнирге бірнеше күн қалғанда бас бапкер Кака мен негізгі құрамның бірнеше ойыншысы коронавирус жұқтырып алып, чемпионаттың алғашқы ойынына қатыса алмады. Жарақатына байланысты Лео қатардан шығып қалды. Осы жағдайдың бәрі Словениямен болған ойында кері әсерін тигізді. Жігіттерде ойын тәжірибесі болмағандықтан матч барысында бір-бірін түсінбей, доп беру сәтінде жиі қателесті. Бұл матчта Қазақстан құрамасы сапынан Жомарт Тоқаев, Біржан Оразов және Дуглас (екі гол) мергендігімен көзге түсті. Ал осы топтағы екінші ойында Финляндия мен Италия құрамалары кездесіп, бұл матчта да жеңімпаз команда анықталмады. Нәтиже – 3:3.
Өзге топтағы нәтижелерге тоқталар болсақ, А тобының бірінші турында Португалия Сербиядан 4:2 есебімен басым түссе, жарыс қожайындары Нидерланды Украинаны 3:2 нәтижесімен жеңді. Ал С тобында Ресей 7:1 есебімен Словакияның тас-талқанын шығарса, Хорватия Польшаны ұтты – 3:1. D тобында Грузия Әзірбайжанды 3:2 есебімен жеңіп, чемпионаттың сенсациясын тіркеді. Ал рейтингте көш бастап тұрған Испания Босния және Герцеговинаны 5:1 нәтижесімен қапы қалдырды.
Екінші турда Украина Сербияны 6-1 есебімен жеңсе, Португалия 4-1 нәтижесімен алаң иелерінен басым түсті. Кеше түнде Қазақстан Финляндиямен күш сынасса, Италия Словениямен ойнайды.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.