«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жауынгерлер есімі жаңғырады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаков Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен және майдан даласында мерт болған қазақстандық жауынгерлердің туған-туыстарын іздеу жұмыстарымен айналысуда. Оған Чехиядағы әріптестері өз елдерінде жерленген 500-ге жуық сарбаздың тізімін жіберді.

Ғалым жақында қолына құнды құжат түскенін айтты. Бірнеше беттен тұратын тізімде Ұлы Отан соғысында бұрынғы Чехословакия және Смоленск облысында майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөні, туған жері, жылы және нақты қай жерде жерленгені көрсетілген.

“Маған тізімді берген адам Виктор Бородин Иркутскіде тұрады. Маған қоңырау шалып, Чехия мен Словакияда Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың тізімі бар. Жауынгерлердің туыстарын табу керектігін айтты. Оған тізімді “Россотрудничество” агентігінің өкілдері жіберген екен. Әрине, мен бірден қызығушылық таныттым. Өйткені тарихшымын ғой. Әкем Андрей Иванович Плешаков та соғысты Чехославакияда аяқтаған. Сондықтан бұл іс мен үшін аса маңызды”, – дейді Анатолий Плешаков.

Тізімде Солтүстік Қазақстан облысынан ғана емес, еліміздің Шымкент, Қызылорда, Алматы сияқты басқа өңірлерінен соғысқа аттанғандардың есімдері жазылған.

“Кезінде хабар-ошарсыз кетті делінген жауынгерлердің туыстары аталарының қайда жерленгендерін білуі керек. Бұл өте қажет іс деп ойлаймын. Соғыс қаншама адамның болашағын жойды, тамырына балта шапты, өрімдей жігіттер қыршын кетті. Егер соғыс болмағанда қазір халқымыз екі есе көп болар ма еді. Майданда қаза тапқан жауынгерлердің артында туыстары қалды, олар батыр аталарын ұмытпайды, қайда жерленгенін білулері тиіс. Жақында маған зираттардың фотосуреттерін жібереді, мен туыстарын тауып, оларға беруге тырысамын”, – дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, осы күні 1910 жылы туған Виктор Атьковтың отбасы табылған. Ол майданға 1941 жылы шілде айында Петропавл қалалық әскери комиссариатынан шақыртылған екен. Ефрейтор, 16 артиллериялық дивизияның телефоншысы, 1305 артиллериялық полк құрамында соғысқан. Ұлы Жеңіске сегіз күн қалғанда мерт болған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp