«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛДЫЗДАЙ АҒЫП ӨТКЕН СОЛ БІР БЕЙНЕ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көнекөз қариялардың 1934-1937 жылдары Са­рысу ауданының бірінші басшысы болған Нұ­рыш Да­нияров туралы тартымды естеліктер айт­қанының талай куәсі болдық. Әсіресе 2003 жы­лы ауданның құрылғанына 75 жыл толуына орай өт­кізілген мерекелік шаралар қарсаңында қа­дірменді қариялар Рәш Әбілев, Ынтымақ Нұр­кенов, Тілепберген Маманов, Мұхтар Мысық­баев, Бекбенбет Жанәділов, Мәдіғұл Қош­ма­ғанбетов сияқты ардагерлер Нұрыштың іскер­лігін, кішіпейілділігін, адамгершілік қасиеттерінің жоғары екендігін, қала берді, ерекше нұрлы, көркем келбетіне шейін жарыса әңгімелеген еді.

Нұрыш Данияровтың тағдыры, тартқан тау­қы­меті туралы көп ізден­ген азамат М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің профессоры, тарих ғылым­да­ры­ның кандидаты Қ.Қалиев болды. Ол 2003 жылы Жамбыл облыстық мем­лекеттік мұрағатындағы дерек­тер­мен танысады. Сол кездегі облыс­тық кеңестің төрағасы Тілеуқабыл Тө­ребековтің қолдау көмегімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасының рұқсатымен “өте құпия” деген мате­риалдарды зерделейді. Ал негізгі де­рек­тер­ді, жазықсыз жазаға ұшыраған аудан басшы­сының тергеу материал­дарын, протоколдарын Шымкент қаласының мұрағатынан алған. Себе­бі ол кезде Сарысу ауданы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарай­тын еді.

Ол осы ізденістің нәтижесінде Нұ­рыш тура­лы біршама толық ақпа­ратқа қанығады. Сол ма­териалдар негізінде Рүстем Уәйісов (Нұрыш Да­нияровтың жиені) “Ел жадындағы есім” атты де­ректі кітабын шығарды. Бұл еңбегіне осы жол­дар авторының 2003 жылы шыққан “Шежірелі Са­рысу” кітабындағы мол деректерді пайда­ланған.

Жалпы Нұрыш Данияров туралы қызғылық­ты мәліметтер заңғар жазу­шы­мыз Сәбит Мұ­қановтың “Өмір мек­тебі” кітабының 3-томының 393-395- беттерінде кездеседі.

Сәбит – сол кездегі саяси науқан­дарға бел­сене қатысқан жан, округтік газеттің белсенді қызметкері. Округтік партия комитетінің хатшы­сы Брусни­цин іссапармен аудандарға кеткенде, оның орнында Костенко деген қала­ды. Сонда Сәбит онымен бетпе-бет кез­десіп, ауылдардағы асыра сілтеу­ші­ліктерді, ащы шындықты баян ете­ді. Осы қақтығыста Костенко Сәбитке айқай­лап, мемлекет саясатына қарсы “оппортуниссің” деп балағаттайды, окружкомның бюросына са­ла­мын деп қоқан-лоққы көрсетіп, қысымға ала­ды. Салы суға кетіп, жабырқап жүр­ген­де ісса­пардан оралған Брусницин­нің өзі Сәбитті ка­бинетіне шақырады.

“ – Кеше ғана келіп ем, – деді ол те­лефонмен сөйлескенде, – бір мәселе бар. Тез арада келіп кет!..

“Костенко мені жамандап қойған болар” де­ген ой келді маған, әйтпесе неге тығыз шақы­ра­ды!..

Бруснициннің кабинетіне барсам, өткен жы­лы осы Петропавл уезінде бірінші болып ұйым­дасқан “Шағала” астық кеңшарының партком секрета­ры Нұрыш Данияров отыр екен. Ол – менің жақсы білетін жақын жолдас­та­рымның бірі. Алғашқы білімді “русско-кир­гизская школа” аталатын оқу ор­ны­нан орыс тілінде алған ол револю­циядан бұрын мұғалім боп жүргенде, со­веттік құрылыстың алғашқы жы­лын­да партияға кіріп, ауыл арасын­дағы бұрынғы “Ақмола губер­ниясы” ата­латын кең өлкеде (қазір ол Солтүс­тік Қазақстан, Көкшетау, Целиноград, Қарағанды және Қостанайдың шығыс жағы боп бес облысқа бөлінді) бірінші боп ұйымдасқан кезде округтік пар­тия комитеті Нұрыш Данияровты оған парт­комның хатшысы қылып жібер­ген. Жасы мен құ­ралыптас, ол орыс­ша да, қазақша да өте сауат­ты, ақыл­ды, байсалды, іскер адам болатын. Түсі қоңыр, көзі қаракөк, мұрнының ұшы көтеріңкі оны “хохолсың” деп қалжыңдайтынбыз.

Өзі ойыншыл, қалжыңқой, ісіне мей­лінше адал, өте іскер жігіт бола­тын. “Шағала” совхо­зында бірнеше жыл абыройлы қызмет атқар­ғаннан кейін облыстық жауапты істерде жүрген шағында 37 жылдың науқаны­на ілікті де, ха­барсыз кетті. Кейін “өлді, қылмысы жоқ болған соң ақ­талды” деген хабар алынды”.

Міне, сол Нұрыш Данияров 1899 жылы Сол­түстік Қазақстан облысы­ның Пресногорьков ау­данында туған. 1908-1914 жылдары Федоровка ауы­лындағы орыс-қазақ училищесін­де өте жақ­сы оқыған. 1921 жылдары ВКП (б) мүшесі бол­ғанда, партияға өту жөніндегі кепілдемені Сәбит Мұқанов пен белгілі азамат Әбдірахман Айса­рин берген. Нұрыш 1923-1924 жылда­ры Мәс­кеудегі ВКП (б) Орталық Комитеті жанын­дағы партия қызмет­керлерінің екіжылдық курсында оқы­ған.

Мәскеуге дейін Ақмола губерния­лық оқу бө­лімінде нұсқаушы, одан кейін Ақмола губерния­сы­ның Шерлақ уездік атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болған. Оқу бітірген соң Ақмола уездік партия комитетінің хат­шысы, губерния­лық партия мектебі­нің меңгерушісі, Петропавл округінің Октябрь аудандық партия комитетінің хатшысы, Бейнетқор аудандық “Ша­ғыл” және “Қиялы” астық совхоздары директорының орын­басары, Ақтөбе облысының Қарабалық ауда­нындағы ауыл шаруашылығы техникумының ди­ректоры, сол облыстың Адамов ау­дандық пар­тия комитетінің хатшысы, 1933-1934 жылдары Ал­матыда өл­келік партия комитетінің ауыл шаруа­шылығы бөлімінің нұсқаушысы болып жүргенде басшылық оны шалғайдағы Сарысу ауданына партия комитетінің бірінші хатшысы етіп жібереді.

Тағдыр-талайы аса ауыр ауданда жұмыс істеу Нұрыш Данияровқа оңай соққан жоқ. Ол колхоз құрылысын нығайтуға, жергілікті кадр­ларды тәр­биелеуге, егіншілік, жер мәселеле­ріне, құрылысты дамытуға баса назар аударды.

Көшпелі тірлікті өмір сүру дағды­сының ар­қауы еткен халықты отырық­шылыққа қалып­тас­тыру да оңай шаруа болмаған. Үй салу, мектеп, мәдениет ошақтарын ашу, құрылыс үшін жер­гілікті материалдарды пай­да­лану, егін егу, жер жырту секілді қат-қабат шаруаларға жұртшы­лықты жұмылдыра білу де көп күш-қайратты қажет ететіндігі мәлім.

Жас болса да бас болып, отырық­шылыққа енді бейімделіп келе жатқан ауданның еңсе көтеруіне жатпай-тұрмай көп еңбек сіңірді. 1932-1933 жылдарда Кеңес өкіметінің қолдан жасаған аштығының, халық арасында “Қужақ” атанған Голощекиннің “өзімбі­лер­мендік” саясатының зардабын қазақ халқы ерекше тартқаны мәлім.

Сонау Арқа жерін қоныс еткен Са­ры­су ауда­ны тұрғындарының сол со­лақай, қанқұйлы сая­сат салдары­нан үдере көшкен алты мыңнан аса ша­ңы­рақтан Қаратау алабындағы Сау­да­кент аймағына тұяқ іліктіргені екі мыңдай ғана еді. Қал­ған төрт мыңнан астамы жолда қырылды. Осы орайда Тұрар Рысқұловтың Сарысу, Шу, т.б. аудандардың ауыр жағдайы туралы Ста­лин­ге жазған жан түршігерлік ащы шындықты баян ете жазған хатын ес­ке түсірсек артықтық етпей­ді. (Қазақ­стан тарихы. 4-том. 2010. 276-бет).

Міне, Нұрыш Данияровтың осы қасірет қа­мы­тын арқалаған ауданға келіп, жан жарасы мен тән жарасынан әлі айыға қоймаған аудан тізгінін қол­ға алып, ойындағыларын іске асыру қиынға соққандығы ақиқат.

Оның “Оңтүстік Қазақстан” га­зе­тінің 1935 жылғы 1 маусымындағы са­нына ауданның эко­номикалық жағ­дайы туралы ащы шындықты ар­қау еткен мақаласы жарияланады. Бұ­рынғы ау­дан басшыларының көз­бояу­шы­лыққа, асыра сіл­теушілікке жол бергенін, халықтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруа­шы­лық жүйе­сін бірден жойып жібе­руге кіріскендігін сынға алады. Сон­дай-ақ ауданда бұрыннан туыстық, рулық қатынастар жүйесі бойынша қалыптасқан 10 ауылдық кеңесті жо­йып, оның орнына 15 ауылдық кеңес қылып, судай сапырылыстырып жіберген қателіктерін ашып көрсетеді. Осындай теріс, солақай саясат салдарынан елдердің дүрбелеңге түсіп, ауа көшуі, оларды қайтармақ болған әкірең әкімшілік әрекеттің салдарынан ха­лық арасында жаңа өкіметке деген теріс көзқа­рас қалып­тасқанын ашып жазған.

Жаңа басшы осы өрескел қателік­терді жою үшін көп тер төгеді. Әулие­атадан соқа, сайман­дар алдырып, ау­дан тұрғындарын егіншілікке жұ­мыл­дырады. Жекеменшік және қоғамдық мал басын өсіруді қолға алады. Ау­данда қалған аз малды өз төлінен өсі­ріп, оны орталыққа қосу жү­зеге асы­рылады. Мысалы, 1933 жылы мау­сым айында аудан бойынша мал ба­сы 6556 болса, 1935 жылы мал басы 18875 басқа жетті. Ал 1936 жылы ол 30365 болып көбейді.

Міне, осындай көп оңды тірліктер Нұрыш Данияровтың ел арасындағы беделін барынша өсірді. Сол тұста елді жаппай сауаттандыру мә­се­лесі­не көп көңіл бөлінді. Мысалы, Жа­йылма өңірінде, Қарашұңқыр маңы­нан үлкен мектеп үйі асарлатып са­лын­ды. Ол 1935 жылы 1 қыркүйек­те пай­далануға берілді. Бұдан басқа аудан бойынша асарлатып салынған жеті мектеп негізгі елді мекендерде бой көтерді.

Бірінші басшыға сенімді серік бола білген аудан активтері А.Мұстафаев, А.Сармолдаев, X.Үсенбаев, Ж.Омар­беков, К.Түсіпов, Ж.Аяпов­тар белсе­не еңбек етті. Бұл кезде аудандық ат­қару комитетінің төрағасы болып Кү­зембаев, комсомол комитетінің хат­шы­сы болып Латипов­тар бекітілді. Жер бөлімінің бастығы Рахымжан Шу­баев, банк бастығы Ятт Шардар­бе­ков, жол бөлімінің бастығы Тілеп Бө­пе­жановтар белсенді қызмет атқар­ды.

Н.Данияровтың үлкен ықпалымен 1937 жы­лы 5 мамырда аудандық “Со­циалистік шаруа” газеті көп қиындық­пен жарық көрді. Бұл ауданның руха­ни-мәдени өміріндегі үлкен жаңа­лық болды. 1937 жылы Тараз қаласы мен Байқа­дам арасында жол салына бастады. Осы жұ­мысқа аудандағы ұсақ 48 кеңшардың адамдары кезең-кезеңімен белсене қатысты.

Өкінішке қарай, осы аяулы жан­ның тағдыры қайғылы аяқталды.

Сонау 1928 жылдан басталған жаппай қу­ғындау шаралары 1937-1938 жылдары барын­ша күшейді. Бұл жағдай Сарысу ауданын да ай­налып өткен жоқ. ВКП (б) Орталық Коми­тетінің 1937 жылғы 2 шілдедегі қау­лысынан кейін НКВД-інің бірінші бас­шысы, халық арасында қан­ішер атан­ған Ежовтың 00447 нөмірлі бұйры­ғына сәйкес, 4 айдың ішінде Кеңес Одағында 268950 адамды тұтқындап, 75950 адамды атуға міндет­теген ди­рективасы халыққа төбеден жай түс­кендей тосын оқиға болды.

Міне, осы қанқұйлы бұйрық Қазақ­стандағы не­бір жайсаң, зиялы, елтұт­қа болып жүрген ар­дақ­тыларымызға қырғидай тиді. Оларға еш са­наға сый­майтын Советке қарсы көтерілісші­лер, шпиондық-диверсиялық ұжым мүшелері, жапон, неміс, ағылшынның тыңшылары дегендей жа­ла­лар жа­былды. Сөйтіп, 1934 жылдың мау­сы­мынан 1937 жылдың 30 қазанына дейін Сарысу ауданында адал еңбек еткен Нұрыш Данияров Шымкентте өткен Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің III пленумында сөз сөйлейді. Ол өз сөзінде ешқандай ұйымда болмағанын, мемлекетке қарсы қастандық шараларын жүр­гіз­бе­гендігін дәлелдейді. Өкінішке қа­рай, ол сол күні түнде тұтқында­лады.

Оған өзі басшылық жасаған ау­данда контр­революциялық ұлтшыл ұйымның басшысы болды деген жалған айып тағылды. “Ол Совет өкіметін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып, Жапонияға бағыныш­ты өкімет құрмақ бол­ған. Рысқұлов, Нұрмақов, Ходжанов, Құлымбе­тов басқарған орталық троцкийшілер, сон­дай-ақ Бухарин, Рыков, жапон-герман агенттері Мұс­тафа Шоқай және Райымбек Мәрсековтермен бай­ла­ныс орнатқан”. Міне, осындай жап­тым, жала, жақтым күйе негізінде КСРО Жоғарғы со­ты­ның әскери ко­миссиясы РСФСР Қылмыстық Кодек­сінің 58-7,58-8,58-11-баптарын негізге алып, 1938 жылдың 18 ақпанында атуға үкім шығарады. Сол үкім 1938 жылдың 19 ақпанында Шымкент қаласында орындалды.

Сол 19 күні Нұрышпен бірге атылған 32 бей­кү­нә азамат қатарын­да Сарысу аудандық ком­со­мол комитетінің хатшысы Латипов та бар болатын.

Сарысу ауданының қалыптасып нығаюына көп еңбек сіңірген асыл азамат 1957 жылдың 20 желтоқ­са­нында КСРО Жоғарғы сотының Әске­ри коллегиясының шешімімен толық ақталды.

Есімі ел есінде сақталған осы аяулы азамат­тың рухын тірілтіп, оның атын Саудакенттегі бір көшеге беру туралы өтініш кезінде аудан бас­шыларына ұсынылған еді. Ұлағатты ұстаз Тілеп­берген Маманов: “Жақсы­лар­дың ізін баса шық­қан Нұрыш Даниярұлы алтынның сынығы, тұл­пардың тұяғы еді ғой. Жарқырап жанып, жалыны талайдың жүрегіне нұр болып құйылып, жұлдыз­дай ағып өтіп, өмірдің өткінші екенін ұқтырып кетті”, – деп тебіренсе, еңбек, соғыс ардагері Ақмолда Жөкенов: “Асылды тот бассын ба, жақ­сының аты жаң­ғырмай, ол елеусіз қалған ба?! Нұрыш ағаның кескін-келбеті ерекше, жүзі­нен нұры төгіліп тұратын бауырмал болатын. Сөй­легенде шешен, айбы­ны асыл, мысы басып тұ­ра­тын. Әр сөзін ақылмен екшеп, істі титықтат­пай, тиянақтап шешетін еді”, – деп ауылдық ке­ңес төрағасы болған әкесі Жөкен Еспенбетовтің естелігін тебі­рене баяндайды.

Қасиетті Қызылжар өңірінен шық­қан асыл аза­маттың естен кетпес асыл бейнесін қайта жаңғыртып, елдің, жерлестерінің есіне салуды азаматтық парызымыз деп санаймыз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp