Көнекөз қариялардың 1934-1937 жылдары Сарысу ауданының бірінші басшысы болған Нұрыш Данияров туралы тартымды естеліктер айтқанының талай куәсі болдық. Әсіресе 2003 жылы ауданның құрылғанына 75 жыл толуына орай өткізілген мерекелік шаралар қарсаңында қадірменді қариялар Рәш Әбілев, Ынтымақ Нұркенов, Тілепберген Маманов, Мұхтар Мысықбаев, Бекбенбет Жанәділов, Мәдіғұл Қошмағанбетов сияқты ардагерлер Нұрыштың іскерлігін, кішіпейілділігін, адамгершілік қасиеттерінің жоғары екендігін, қала берді, ерекше нұрлы, көркем келбетіне шейін жарыса әңгімелеген еді.
Нұрыш Данияровтың тағдыры, тартқан тауқыметі туралы көп ізденген азамат М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Қалиев болды. Ол 2003 жылы Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатындағы деректермен танысады. Сол кездегі облыстық кеңестің төрағасы Тілеуқабыл Төребековтің қолдау көмегімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасының рұқсатымен “өте құпия” деген материалдарды зерделейді. Ал негізгі деректерді, жазықсыз жазаға ұшыраған аудан басшысының тергеу материалдарын, протоколдарын Шымкент қаласының мұрағатынан алған. Себебі ол кезде Сарысу ауданы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын еді.
Ол осы ізденістің нәтижесінде Нұрыш туралы біршама толық ақпаратқа қанығады. Сол материалдар негізінде Рүстем Уәйісов (Нұрыш Данияровтың жиені) “Ел жадындағы есім” атты деректі кітабын шығарды. Бұл еңбегіне осы жолдар авторының 2003 жылы шыққан “Шежірелі Сарысу” кітабындағы мол деректерді пайдаланған.
Жалпы Нұрыш Данияров туралы қызғылықты мәліметтер заңғар жазушымыз Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” кітабының 3-томының 393-395- беттерінде кездеседі.
Сәбит – сол кездегі саяси науқандарға белсене қатысқан жан, округтік газеттің белсенді қызметкері. Округтік партия комитетінің хатшысы Брусницин іссапармен аудандарға кеткенде, оның орнында Костенко деген қалады. Сонда Сәбит онымен бетпе-бет кездесіп, ауылдардағы асыра сілтеушіліктерді, ащы шындықты баян етеді. Осы қақтығыста Костенко Сәбитке айқайлап, мемлекет саясатына қарсы “оппортуниссің” деп балағаттайды, окружкомның бюросына саламын деп қоқан-лоққы көрсетіп, қысымға алады. Салы суға кетіп, жабырқап жүргенде іссапардан оралған Бруснициннің өзі Сәбитті кабинетіне шақырады.
“ – Кеше ғана келіп ем, – деді ол телефонмен сөйлескенде, – бір мәселе бар. Тез арада келіп кет!..
“Костенко мені жамандап қойған болар” деген ой келді маған, әйтпесе неге тығыз шақырады!..
Бруснициннің кабинетіне барсам, өткен жылы осы Петропавл уезінде бірінші болып ұйымдасқан “Шағала” астық кеңшарының партком секретары Нұрыш Данияров отыр екен. Ол – менің жақсы білетін жақын жолдастарымның бірі. Алғашқы білімді “русско-киргизская школа” аталатын оқу орнынан орыс тілінде алған ол революциядан бұрын мұғалім боп жүргенде, советтік құрылыстың алғашқы жылында партияға кіріп, ауыл арасындағы бұрынғы “Ақмола губерниясы” аталатын кең өлкеде (қазір ол Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Целиноград, Қарағанды және Қостанайдың шығыс жағы боп бес облысқа бөлінді) бірінші боп ұйымдасқан кезде округтік партия комитеті Нұрыш Данияровты оған парткомның хатшысы қылып жіберген. Жасы мен құралыптас, ол орысша да, қазақша да өте сауатты, ақылды, байсалды, іскер адам болатын. Түсі қоңыр, көзі қаракөк, мұрнының ұшы көтеріңкі оны “хохолсың” деп қалжыңдайтынбыз.
Өзі ойыншыл, қалжыңқой, ісіне мейлінше адал, өте іскер жігіт болатын. “Шағала” совхозында бірнеше жыл абыройлы қызмет атқарғаннан кейін облыстық жауапты істерде жүрген шағында 37 жылдың науқанына ілікті де, хабарсыз кетті. Кейін “өлді, қылмысы жоқ болған соң ақталды” деген хабар алынды”.
Міне, сол Нұрыш Данияров 1899 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Пресногорьков ауданында туған. 1908-1914 жылдары Федоровка ауылындағы орыс-қазақ училищесінде өте жақсы оқыған. 1921 жылдары ВКП (б) мүшесі болғанда, партияға өту жөніндегі кепілдемені Сәбит Мұқанов пен белгілі азамат Әбдірахман Айсарин берген. Нұрыш 1923-1924 жылдары Мәскеудегі ВКП (б) Орталық Комитеті жанындағы партия қызметкерлерінің екіжылдық курсында оқыған.
Мәскеуге дейін Ақмола губерниялық оқу бөлімінде нұсқаушы, одан кейін Ақмола губерниясының Шерлақ уездік атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болған. Оқу бітірген соң Ақмола уездік партия комитетінің хатшысы, губерниялық партия мектебінің меңгерушісі, Петропавл округінің Октябрь аудандық партия комитетінің хатшысы, Бейнетқор аудандық “Шағыл” және “Қиялы” астық совхоздары директорының орынбасары, Ақтөбе облысының Қарабалық ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумының директоры, сол облыстың Адамов аудандық партия комитетінің хатшысы, 1933-1934 жылдары Алматыда өлкелік партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы болып жүргенде басшылық оны шалғайдағы Сарысу ауданына партия комитетінің бірінші хатшысы етіп жібереді.
Тағдыр-талайы аса ауыр ауданда жұмыс істеу Нұрыш Данияровқа оңай соққан жоқ. Ол колхоз құрылысын нығайтуға, жергілікті кадрларды тәрбиелеуге, егіншілік, жер мәселелеріне, құрылысты дамытуға баса назар аударды.
Көшпелі тірлікті өмір сүру дағдысының арқауы еткен халықты отырықшылыққа қалыптастыру да оңай шаруа болмаған. Үй салу, мектеп, мәдениет ошақтарын ашу, құрылыс үшін жергілікті материалдарды пайдалану, егін егу, жер жырту секілді қат-қабат шаруаларға жұртшылықты жұмылдыра білу де көп күш-қайратты қажет ететіндігі мәлім.
Жас болса да бас болып, отырықшылыққа енді бейімделіп келе жатқан ауданның еңсе көтеруіне жатпай-тұрмай көп еңбек сіңірді. 1932-1933 жылдарда Кеңес өкіметінің қолдан жасаған аштығының, халық арасында “Қужақ” атанған Голощекиннің “өзімбілермендік” саясатының зардабын қазақ халқы ерекше тартқаны мәлім.
Сонау Арқа жерін қоныс еткен Сарысу ауданы тұрғындарының сол солақай, қанқұйлы саясат салдарынан үдере көшкен алты мыңнан аса шаңырақтан Қаратау алабындағы Саудакент аймағына тұяқ іліктіргені екі мыңдай ғана еді. Қалған төрт мыңнан астамы жолда қырылды. Осы орайда Тұрар Рысқұловтың Сарысу, Шу, т.б. аудандардың ауыр жағдайы туралы Сталинге жазған жан түршігерлік ащы шындықты баян ете жазған хатын еске түсірсек артықтық етпейді. (Қазақстан тарихы. 4-том. 2010. 276-бет).
Міне, Нұрыш Данияровтың осы қасірет қамытын арқалаған ауданға келіп, жан жарасы мен тән жарасынан әлі айыға қоймаған аудан тізгінін қолға алып, ойындағыларын іске асыру қиынға соққандығы ақиқат.
Оның “Оңтүстік Қазақстан” газетінің 1935 жылғы 1 маусымындағы санына ауданның экономикалық жағдайы туралы ащы шындықты арқау еткен мақаласы жарияланады. Бұрынғы аудан басшыларының көзбояушылыққа, асыра сілтеушілікке жол бергенін, халықтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жүйесін бірден жойып жіберуге кіріскендігін сынға алады. Сондай-ақ ауданда бұрыннан туыстық, рулық қатынастар жүйесі бойынша қалыптасқан 10 ауылдық кеңесті жойып, оның орнына 15 ауылдық кеңес қылып, судай сапырылыстырып жіберген қателіктерін ашып көрсетеді. Осындай теріс, солақай саясат салдарынан елдердің дүрбелеңге түсіп, ауа көшуі, оларды қайтармақ болған әкірең әкімшілік әрекеттің салдарынан халық арасында жаңа өкіметке деген теріс көзқарас қалыптасқанын ашып жазған.
Жаңа басшы осы өрескел қателіктерді жою үшін көп тер төгеді. Әулиеатадан соқа, саймандар алдырып, аудан тұрғындарын егіншілікке жұмылдырады. Жекеменшік және қоғамдық мал басын өсіруді қолға алады. Ауданда қалған аз малды өз төлінен өсіріп, оны орталыққа қосу жүзеге асырылады. Мысалы, 1933 жылы маусым айында аудан бойынша мал басы 6556 болса, 1935 жылы мал басы 18875 басқа жетті. Ал 1936 жылы ол 30365 болып көбейді.
Міне, осындай көп оңды тірліктер Нұрыш Данияровтың ел арасындағы беделін барынша өсірді. Сол тұста елді жаппай сауаттандыру мәселесіне көп көңіл бөлінді. Мысалы, Жайылма өңірінде, Қарашұңқыр маңынан үлкен мектеп үйі асарлатып салынды. Ол 1935 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Бұдан басқа аудан бойынша асарлатып салынған жеті мектеп негізгі елді мекендерде бой көтерді.
Бірінші басшыға сенімді серік бола білген аудан активтері А.Мұстафаев, А.Сармолдаев, X.Үсенбаев, Ж.Омарбеков, К.Түсіпов, Ж.Аяповтар белсене еңбек етті. Бұл кезде аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Күзембаев, комсомол комитетінің хатшысы болып Латиповтар бекітілді. Жер бөлімінің бастығы Рахымжан Шубаев, банк бастығы Ятт Шардарбеков, жол бөлімінің бастығы Тілеп Бөпежановтар белсенді қызмет атқарды.
Н.Данияровтың үлкен ықпалымен 1937 жылы 5 мамырда аудандық “Социалистік шаруа” газеті көп қиындықпен жарық көрді. Бұл ауданның рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. 1937 жылы Тараз қаласы мен Байқадам арасында жол салына бастады. Осы жұмысқа аудандағы ұсақ 48 кеңшардың адамдары кезең-кезеңімен белсене қатысты.
Өкінішке қарай, осы аяулы жанның тағдыры қайғылы аяқталды.
Сонау 1928 жылдан басталған жаппай қуғындау шаралары 1937-1938 жылдары барынша күшейді. Бұл жағдай Сарысу ауданын да айналып өткен жоқ. ВКП (б) Орталық Комитетінің 1937 жылғы 2 шілдедегі қаулысынан кейін НКВД-інің бірінші басшысы, халық арасында қанішер атанған Ежовтың 00447 нөмірлі бұйрығына сәйкес, 4 айдың ішінде Кеңес Одағында 268950 адамды тұтқындап, 75950 адамды атуға міндеттеген директивасы халыққа төбеден жай түскендей тосын оқиға болды.
Міне, осы қанқұйлы бұйрық Қазақстандағы небір жайсаң, зиялы, елтұтқа болып жүрген ардақтыларымызға қырғидай тиді. Оларға еш санаға сыймайтын Советке қарсы көтерілісшілер, шпиондық-диверсиялық ұжым мүшелері, жапон, неміс, ағылшынның тыңшылары дегендей жалалар жабылды. Сөйтіп, 1934 жылдың маусымынан 1937 жылдың 30 қазанына дейін Сарысу ауданында адал еңбек еткен Нұрыш Данияров Шымкентте өткен Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің III пленумында сөз сөйлейді. Ол өз сөзінде ешқандай ұйымда болмағанын, мемлекетке қарсы қастандық шараларын жүргізбегендігін дәлелдейді. Өкінішке қарай, ол сол күні түнде тұтқындалады.
Оған өзі басшылық жасаған ауданда контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның басшысы болды деген жалған айып тағылды. “Ол Совет өкіметін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып, Жапонияға бағынышты өкімет құрмақ болған. Рысқұлов, Нұрмақов, Ходжанов, Құлымбетов басқарған орталық троцкийшілер, сондай-ақ Бухарин, Рыков, жапон-герман агенттері Мұстафа Шоқай және Райымбек Мәрсековтермен байланыс орнатқан”. Міне, осындай жаптым, жала, жақтым күйе негізінде КСРО Жоғарғы сотының әскери комиссиясы РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-7,58-8,58-11-баптарын негізге алып, 1938 жылдың 18 ақпанында атуға үкім шығарады. Сол үкім 1938 жылдың 19 ақпанында Шымкент қаласында орындалды.
Сол 19 күні Нұрышпен бірге атылған 32 бейкүнә азамат қатарында Сарысу аудандық комсомол комитетінің хатшысы Латипов та бар болатын.
Сарысу ауданының қалыптасып нығаюына көп еңбек сіңірген асыл азамат 1957 жылдың 20 желтоқсанында КСРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясының шешімімен толық ақталды.
Есімі ел есінде сақталған осы аяулы азаматтың рухын тірілтіп, оның атын Саудакенттегі бір көшеге беру туралы өтініш кезінде аудан басшыларына ұсынылған еді. Ұлағатты ұстаз Тілепберген Маманов: “Жақсылардың ізін баса шыққан Нұрыш Даниярұлы алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы еді ғой. Жарқырап жанып, жалыны талайдың жүрегіне нұр болып құйылып, жұлдыздай ағып өтіп, өмірдің өткінші екенін ұқтырып кетті”, – деп тебіренсе, еңбек, соғыс ардагері Ақмолда Жөкенов: “Асылды тот бассын ба, жақсының аты жаңғырмай, ол елеусіз қалған ба?! Нұрыш ағаның кескін-келбеті ерекше, жүзінен нұры төгіліп тұратын бауырмал болатын. Сөйлегенде шешен, айбыны асыл, мысы басып тұратын. Әр сөзін ақылмен екшеп, істі титықтатпай, тиянақтап шешетін еді”, – деп ауылдық кеңес төрағасы болған әкесі Жөкен Еспенбетовтің естелігін тебірене баяндайды.
Қасиетті Қызылжар өңірінен шыққан асыл азаматтың естен кетпес асыл бейнесін қайта жаңғыртып, елдің, жерлестерінің есіне салуды азаматтық парызымыз деп санаймыз.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты.