Елімізде жаңа жылдың басында орын алған қайғылы оқиға ақжаулықты ана, елімнің патриоты ретінде мені де бейжай қалдырмады. Бәрінен де қымбат, тәу етер жалғыз киеміз – Тәулсіздігімізге үлкен қатер төнді. Содырлар лаңкестік әрекет жасап, бейбіт елдің берекесін қашырды.
Қанды оқиға бір мезгілде 11 аймақты қамтыды. Бұл мемлекеттік төңкеріс жасауды көздеген, әдейі жоспарланған, лайықты дайындықтан өткен, террорлық іс-әрекет болды. Әйтеуір, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бар жағдайды өз басшылығына алып, батыл шешім қабылдап, дер кезінде Тәуелсіздігімізді – қазақ елін сақтап, қорғап қалды.
Қайран елім, қайран халқым – қазағым! Мың өліп, мың тірілген халқымыз не көрмеді?! Басынан талай қилы-қилы, зарлы заман өтті ғой…. Бізге Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз – бәрінің өтеуіне терімізді, қанымызды, жанымызды берген халықпыз! Байлардың малы талан-таражға түсіп, құнарлы жерден, атақоныстан айрылып, тау, мұхит асып, тарыдай шашылған да қазақ халқы емес пе еді?! Жүректері елім, халқым деп қана соққан Алаш қайраткерлерінің айдауда көрген азабы, түрмеде көрген зорлық-зомбылығы, қорлығы аз ба еді?! Қолдан жасалған ашаршылықта қынадай қырылған да менің қазағым ғой?! Көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, білімді интеллегенцияны, сүт бетіндегі қаймақтай қалқып алып, жалған жала жауып, жазықсыз атқан сол замандағы солақай саясат, қазақ ұлтына жасалған қастандық емес пе еді?
Біз күресіп, егесіп жүріп, егемен ел болған халықпыз! Әлемде менің халқымдай азап шеккен, бірде халық жоқ еді. Әлі де, көрмегенің бар екен ғой…
…Алматы қаласындағы бүліктен әуежай, әкімдік, полиция департаменттерінің ғимараттары, сауда орталықтары өртеніп, ондағы құнды құжаттар, қымбат техникалар, қару-жарақтар, азық-түлік, киім-кешек, банкоматтар тоналған. Халқым, ел азаматтары аман болса, жоғалған дүние ертең-ақ қалпына келер… Бірақ ешқашан орны толмайтын, қайтып ортамызға оралмайтын, өлшемі жоқ қасірет бар. Айдын күннің аманында әскерилер мен полиция қызметкерлері, өзге де бейбіт тұрғындар ажал құшты. Қаншама адамның көз жасы төгілді.
Ресми ақпаратқа сүйенсек лаңкестікке қатысқандардың көбі жастар көрінеді. Бұл жастардың отбасы, білім алған ошағы бар емес пе? Жастардың араңдатушылық әрекеттерге баруы тәрбиеден кеткен қателік деп ойлаймын. Әрине, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Ең алдымен, жастарға тәрбие беруде ата-ана мен ұстазға артылар жауапкершілік зор. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде олардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру қажет. Жастар әлде-біреулердің айдауымен жүрмей, арбауына түспеуі үшін азаттықтың қадірін ұғындыруымыз керек.
Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Президентіміз Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысында елдің көкейінде жүрген көп сұраққа жауап берді. Қымбатшылықтан, жалақының аздығынан зәрезап болған қазақтың мұңын тыңдады, оларды дұрыс әрі дер кезінде шешу туралы жаңадан құрылған Үкіметке тапсырма берді. “Теңсіздік мәселесі де ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді, ал халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ. Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр”, – деді Президентіміз.
Иә, біздің елімізде шешімін таппай келе жатқан мәселе аз емес. Бай мен кедей арасының алшақтап кеткені, әлеуметтік теңсіздіктер халықты әбден титықтатты. Мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақыға жыл сайын болар болмас қаржы қосылады. Соған сәйкес азық түлік, тұрмысқа қажетті заттардың барлығы қымбаттап кетеді. Мардымсыз жалақыға күн көру, бала оқыту халықтың жанына әбден батты. Мұны Мемлекет басшысының өзі де айтып отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын ірі бизнес өкілдерімен болған кездесуде Қасым Жомарт Кемелұлы елдің жағдайы, тұрмысы туралы батыл пікірлер айтты. Қазақтың ортақ қазынасы азғантай ғана адамның қолында тұрғанын, енді олар жиған тергенін елдің мүддесіне жаратуы қажеттігін қатал ескертті. Олай етпеген жағдайда заң аясында батыл шаралар қолданылмақ. Халықтың күткені де осы еді.
Елдің болашағы қай кезде де жастар болған. Кез келген елде атқарылатын шаруалар өрендердің болашағына бағытталуы тиіс. Президентіміз жастарды отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеудің маңызын түсіндірді. Алдағы уақытта әскер қатарына баруды, Отан алдындағы борышын өтеуді абырой санайтын жастардың легін қалыптастыруды Үкіметке мықтап тапсырды. Осындай сын сағатта және әрқашан егемен елімізді, киеміз – Тәуелсіздігімізді қорғайтын, халқына сүйеніш, президентіне тіреу болатын, жастарымыз саналы, намысты болса дейсің! Ана, әже, ұстаз ретінде көп азап шеккен елім, қайғы, қасіретті көп көрген ақкөңіл халқым аман болса екен! Соңғы екі жылда қазақ елінде қаншама оң өзгерістер болды! Алда бізді жаңа белестер күтуде. Сол белеске ынтымақ-бірлікпен жетуге жазсын.
Қымбат ИСМАНОВА,
ардагер ұстаз.