«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС НАШАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, медициналық қызмет көрсетуге қолжетімділікті арттыру, өзге де мәселелер халық қалаулылары мен партиялық бақылау комиссиясының тұрақты бақылауына алынған.

Облыстық мәслихаттың депутаттары Біржан Жалғасбаев пен Ерлан Тоқшылық Аққайың ауданы Шағалалы ауылдық округінде болып, “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысты.

Округ аумағында Шағалалы, Степное және Южное елді мекендері орналасқан. Шағалалы орта мектебіне “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліп, шатыры ауыстырылған. Ғимараттың 1-3 қабаттары, спорт залы қалпына келтірілген, еден жаңаланған. Мектеп басшылығы жатақхана жаңғыртылып жатқанын жеткізді.

Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияны жөндеу жұмыстарына аталмыш бағдарлама шеңберінде 95728336,70 теңге бағытталып, кірсе шыққысыз етілген. Қабырғалар, төбелер, еден, санитарлық тораптар, жылыту жүйесі ауыстырылып, бөлек қазандық орнатылған. Бұл нысанда дәрігерлік амбулаториядан басқа Шағалалы ауылдық округі әкімінің аппараты, “Қазпошта” АҚ-ның байланыс бөлімшесі, учаскелік полиция пункті, медицина қызметкерлеріне арналған пәтерлер орналасқан.

“Сельский” әмбебап дүкеніне келушілер көп. Мұнда құрылыс материалдары, үй, кеңсе жиһаздары, киім, аяқ киім, азық-түлік сатылады. Бір бұрышта “әлеуметтік сөре” жұмыс істейді. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жайы да қарастырылған. Екінші дүкенде терминал, банкомат бар. Бұл – ауылдық округтегі жалғыз банкомат болса да, талапқа сай сапалы қызмет көрсетеді.

Халық қалаулылары тұрғындармен кездесіп, хал-жағдайларын сұрады. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға деген ризашылықтарын білдірді. Өтініштерін де айтты. Мәселен, Южное және Степное ауылдарында ұялы байланыс нашар. Ауылдық округ әкімі елді мекендерді дамыту бағдарламасымен таныстырып, жұртшылықтың өтініш-тілектері бақылауда тұрғанын жеткізді.

Депутаттар Қиялы ауылдық округінде жан жадыратар жақсы істердің куәсі болды. Клуб үйі 30 жыл бойы жабық тұрған екен. Оған күрделі жөндеу жүргізіліп, жастардың демалыс орнына айналған. Фитнес залы, “Мөлдір бұлақ” қазақ этномәдени бірлестігі, грим бөлмесі бар. Маңайына асфальт төселген. 120 түп шырша отырғызылған. 16 бейнебақылау камерасы қойылған.

Қайрат САДЫҚОВ,

облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp