«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ПӘРМЕНДІ КҮРЕС ЖАЛҒАСАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың, жергілікті бизнес қауымдастықтың, құқық қорғау органдары жетекшілерінің, партия, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған жиын өтті.

Алқалы басқосуда сөйлеген сөзінде Құмар Іргебайұлы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі – қоғамдық кеселге қарсы ымырасыз күрес болып табылатынын, бұл орайда жұртшылық талқылауына түсіп отырған тұжырымдаманың маңыздылығын атап көрсетті.

– Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді стратегиялық нақты іс-қимыл жоспарлары жүзеге асырылып, алдын алуға, салдарымен күресуге баса назар аударылған. Бағдарлама сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті, адал бизнесті қалыптастыруды, жауапкершілік талаптарын жетілдіруді, азаматтық қоғамның рөлін күшейтуді, уәкілетті органдардың қызметін одан әрі жетілдіруді көздейді. Президент тапсырмаларына орай алдымызда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, ол үшін мемлекет пен бизнестің тығыз ынтымақтастығы негізінде салалық құрылымдарды қайта жаңғырту, пәрменді тетіктер мен механизмдерді енгізу міндеттері тұр. Адал бизнесмендер мемлекеттік сатып алу кезінде бірталай артықшылықтарға ие болады. Тұжырымдама жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу бойынша шаралар блогы қарастырылған. Бұдан былай бұл бағыттарда ұлттық және шетелдік тәжірибелер жүйелі түрде ескеріліп, ұдайы жетілдіріліп отырады. Қоғамдық бақылауды кеңейту, мемлекеттік органдардың ашықтығы қамтамасыз етіледі. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидаты шеңберінде азаматтық қоғамды шешімдер қабылдау процестеріне тарту мақсатымен институционалдық-құқықтық негіз қалыптастырылады, – деді Құмар Ақсақалов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов қоғам дертімен күрестегі нәтижелерге тоқталып өтті. 2019 жылдан бастап облыста жемқорлық қылмыстарының төмендеу үрдісі байқалады (2019 жылы – 104, 2020 жылы – 99, 2021 жылы – 90). Былтыр 83 сыбайлас жемқорлық қылмысы, соның ішінде шағын және орта бизнес субьектілерінің жұмысына заңсыз араласудың 8 фактісі анықталған. 10 іс сотқа жіберілген. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мүлдем жойылар емес. Кәсіпкерлер арасында да оңай олжа іздегендер кездеседі. 2021 жылы 70 адам жемқорлық құқық бұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылса, солардың 15-і – бизнесмендер.

Ғалым Сайлауұлы Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын таныстыру рәсімінде қатысушылардың назарын сыбайлас жемқорлықты төмендету аясында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін міндеттерге аударды. Біріншіден, мемлекеттік қызмет көрсету саласын белсенді дамыту керек. Бүгінгі таңда 174 қызметтің 161-не электронды жүйе қолданылады. Мұның сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудегі ықпалы айтарлықтай. Екіншіден, барлық аудандар мен қалалар “Ашық әкімдік” жобасына көшірілген. Мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы қашықтықты қысқартуға мүмкіндік беретін фронт-офистер жұмыс істейді. Үшіншіден, бір көзден мемлекеттік сатып алулардың саны азайды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 49191 сатып алуды, 2021 жылы 38765 сатып алуды құрады. Төртіншіден, жалпыға қолжетімді “ашық бюджеттердің интерактивті картасы” жүргізіледі. Бұл қызмет кез келген салық төлеушіге бюджет қаражаты қалай және қайда жұмсалатынын алдын ала айқындауға мүмкіндік береді. Мәселен, құрылыс процесін қадағалайды, болашақ мердігер кім, нысанды салуға қандай құрылыс материалдары пайдаланылады, бәрін біле алады. Бүгінгі таңда интерактивті картада 1 трлн. теңгенің 5 мыңнан астам бюджет тендері орналастырылған.

– Жаңа жағдайлар мен сын-қатерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруды талап етеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға ерекше назар аударды және бейінді агенттікке ортамерзімді кезеңге арналған іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды тапсырды, – деген Жарқын Ғалымов тұжырымдама мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып әзірленгенін, Президент тұжырымдаманы талқылап, түпкілікті ұсыныстар енгізуге тапсырма бергенін, бюджеттік процестер мен сатып алудың ашық болмауын, мемлекеттің экономикаға қатысуының жоғары деңгейін, түрлі бюрократтық рәсімдеулердің қолбайлау туғызатынын, бұл кедергілер жойылса, бизнес әкімшілік қысымнан босайтынын, кәсіпкерлер сапалы өнім өндіріп, мемлекет әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа ие болатынын, бұдан былай адал жұмыс істейтін компаниялар қаржылық жағынан көтермеленетінін, преференциялар алу мүмкіндігі жеңілдейтінін еске салды.

Елімізде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңның қабылдануына байланысты заң бұзушылықтардың алдын алудың бірыңғай жүйесі құрылған. Оның ішінде қоғамдық індетке қарсы ағарту және оның кез келген түріне төзбеушілік жағдайын қалыптастыру арқылы азаматтық қоғам белсенді күреске жұмылдырылған. Жобалық басқару шеңберінде әрбір мемлекеттік орган үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негізінде үлгілік базалық бағытты енгізу, өзара қызметті үйлестіру әлеуеті күшейтілді.

Мемлекеттік қызметтің “мансаптық” өсуіне көшу қамтамасыз етіліп, ашық конкурстық іріктеу, құзыреттілік негізінде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді. Командалық ауысулар азайтылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылды. Мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктерде шот ашуға қарсы жаңа шектеулер енгізілді. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген, оларға теңестірілген адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты сыйлықтар алуға және сыйға тартуға толық тыйым салынды. Сонымен бірге аталған адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірге қызмет істеуіне жол бермеу туралы нормалар қатаңдатылды.

Қаржылық бақылау шаралары жетілдірілді. 2021 жылдан бастап мемлекетік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде өздерінің барлық активтерін тіркеп, кіріс декларацияларын ұсынуға міндеттелсе, биылдан кірістер мен шығыстарды салыстыру жүзеге асырылады. Әкімдердің қызметін бағалау “сыбайлас жемқорлық деңгейі” нысаналы индикаторымен толықтырылды және сыбайлас жемқорлық индексін өңірлік өлшеу әдістемесі бекітілді. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алынып тасталды. Парақорлық үшін жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге тыйым салынды.

Жұртшылық өкілдерінен құралған арнаулы мониторингтік топтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын бақылайды. Өңірлік мәні бар маңызды мәселелерді шешуге азаматтардың белсене қатысуымен жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді моделі дамытылуда. “Адалдық алаңы” жобасының ауқымы ел бойынша кеңейтілді. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын, оны әшкерелеуге жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған тетіктері енгізіліп, енді сыйақылар бұрынғыдай белгіленген мөлшерде емес, параның немесе келтірілген залалдың мөлшеріне қарай төленеді. Ең жоғары төлем төрт мың айлық есептік көрсеткішті құрауы мүмкін.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан “Электрондық үкіметтің” даму деңгейі бойынша рейтингте БҰҰ-ға мүше 193 елдің арасында – 29, ТМД-да – 1, Азияда 6 орынды иеленді. “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы бойынша позиция жақсарды. Трансформациялық процестер көптеген әлеуметтік-сезімтал салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға ықпал етті.

Елімізде 2018-2020 жылдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 3 мыңнан астам адам сотталды. Олардың ішінде 1 министр, 3 вице-министр, 8 облыс әкімі және олардың орынбасарлары, 31 қала, аудан әкімі және орынбасарлары, ұлттық компаниялардың 8 басшысы бар. Алайда атқарылған пәрменді шараларға қарамастан азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар, ұйымдар өкілдерімен өзара іс-қимылында “тұрмыстық” сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салаларда сақталып отыр. Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмыскерлік құрылымының 50 пайыздан астамын парақорлық жайлаған. Мұның өзі мемлекеттік басқарудың бизнес процестерін автоматтандырудағы кемшіліктерді ашып берді. Лауазымды адамдар “жалған” цифрландырулар арқылы жағымсыз іс-әрекеттерін жалғастыруда. Осы себепті адамдар өз мәселелерін шешудің заңсыз жолдарын іздеуге мәжбүр болады. Кәсіпкерлік субьектілеріне арналған мемлекеттік қаржылық қолдауларды (субсидиялар, гранттар, кепілдік, жеңілдікті несиелеу) жеке мақсатқа пайдаланушылар аз емес. Жалған актілерге қол қою, сатып алу бағасын қолдан көтеру кең таралған. Бір көзден алу тәсілімен тікелей сатып алу үлесі әлі жоғары (61 пайыз). Цифрландыру әкімшілік кедергілерді азайтудың, дискрецияны қысқартудың және мемлекетік қызметтер көрсету сапасын арттырудың маңызды факторы болып табылады.

Жарқын Ғалымовтың айтуынша, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту, алдын алу шараларының біртұтас басымдығына көшуді белгілеп отыр. Тиісті шаралар мен нысаналы көрсеткіштер 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамада кешенді түрде ойластырылған. Түпкі стратегиялық мақсат – 2026 жылдың қорытындысы бойынша “Transparency International” сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде 47 балға, ал 2030 жылға таман 55 балға қол жеткізу. Бұған іс-қимылдың барлық субъектілері тартылып, шаралар қоғамдық індеттің алғышарттарын кешенді түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын, баршаның заң алдында теңдігін, жариялылықты, айқындылықты, қоғамға есеп беруді қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды кеңінен қатыстыруға бағытталады.

Сатылмаушылықтың тағы бір маңызды элементі – мемлекеттік аппараттың тазалығын арттыру, бизнестің парасаттылығына жәрдемдесу, мүдделер қақтығысын реттеу. Бюджеттен қаржы құюды көздейтін жобалардың экономикалық негізділігін бағалау тетігі қайта қаралады. Бюджет процесінде қаржылық мерзімдерден жобалық мерзімдерге көшу белгіленген. Сонда күнтізбелік жылдың соңында орындалған жұмыстардың актілеріне асығыс қол қою сияқты заң бұзушылық тыйылады. Тауарлардың нарықтық құны бағдар болатын орташа сату бағасын анықтау сатып алу жүйесін тиімді ұйымдастыруға негіз болады. Қомақты айыппұл санкцияларын, басқа да шектеу шараларын қолдану компаниялар үшін лауазымды адамдарды параға сатып алуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Мемлекеттік органдар мен мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдар жұмыскерлерінің заңсыз материалдық сыйақыны қорқытып алу фактілерінің жолын кесу тәсілдері қайта қаралады.

Алқалы басқосуда атап көрсетілгендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері халықаралық озық стандарттарға негізделе отырып, пәрменді күрес шаралары дәйекті түрде жалғасатын болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp