Облыстық әдеп кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларын бұзушылық мәселесі қаралды.
Тексеру амалдары көрсеткендей облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Абай Клименұлы Балабековтің алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Ол 2021 жылы 8 қазанда кешкі сағат 21:30-да қонақтан шыққаннан кейін автобус аялдамасына келіп, ұйықтап қалған. Оның мас екенін байқаған полиция қызметкерлері наркология орталығына алып барған. Тапсырылған сараптама қорытындысы жеңіл алкогольдік масаңдықты көрсеткен. Абай Балабековтің аялдамада мас күйде ұйықтап қалуы қоғамдық тәртіпті бұзғандық деп танылып, Әдеп кодексінде белгіленген моральдық-әдептілік нормаларды бұзды, мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтірді деп танылды. Ол сондай-ақ кодекстің жоғарыда көрсетілген нормаларын өрескел бұзумен қатар департаменттің ақпараттық сұрауына, түсіндірме беруде адалдық танытпаған.
Бұдан бөлек, департамент басшысы 2020 жылы мас күйде көлік құралын жүргізгені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын жасырып қалған. Әдеп кеңесінің мүшелері Абай Балабековтің бұл қылықтары Әдеп кодексі нормаларымен еш қабыспайтынын атап көрсетті. Қызметінен босату жөнінде шешім шығару туралы Ұлттық экономика министрлігіне ұсыным жолданатын болды.
Махаббат САМРАТ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы – баспасөз хатшысы.