«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ ФЕРМАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданындағы Березовка және Петерфельд ауылдарында тауарлы-сүт фермалары ашылды. Заманауи кәсіпорындар бір мың екі жүз бас ірі қара малға шақталған. Жобаларды жүзеге асыру үшін іскер жандар мемлекеттің қолдауына жүгініпті. Айналасы бір жылда тұрғызылған өндіріс ошақтарында бүгінде 30-ға жуық адам еңбек етуде.

Тауарлы-сүт фермасынан екі қол­ға бір күрек тап­қандардың бірі – Берік Үкібасов. Березовка ауылының тұр­ғы­ны бұған дейін облыс орталығын­да жұмыс істеген. “Ауылдан қалаға қатынау оңай емес. Оған жол шығы­нын қосыңыз. Жаңа жұмыс орным үйіме жақын, жала­қысы да көңіл көн­шітеді”, – дейді ол.

Березевка ауылында жаңа құрыл­ған шаруашылықта 150 бас сауын сиыр бар. Асыл тұқымды мал асы­раудың машақаты да аз емес. Сим­ментал сиырлары үйдегі ірі қаралар секілді көк шөпті шабылған күйі жей бермейді. Оны үгітіп, түрлі дәрумен араластырып беру керек. Со­ған сәйкес олардың сүті де мол болады.

– Бір сиыр орташа есеппен күніне 18 литр сүт береді. Өнімділігі үйдегі мал­дан 3 есе көп. Алдағы уақытта ақты жергілікті “Маслодел”, “Молсер­вис”, “Зенченко” сияқты сүт өңдеу зауыттарына жөнелтеміз. Ферма ке­лесі жылы то­лық қуатта іске қосыл­ған кезде жұмысшылар қатарын да арттырмақпыз, – деді “Rich Nomad Nord” серіктестігі директорының орын­басары Асхат Сандыбаев.

Жобаны жүзеге асыру үшін ферма басшылығы мем­лекеттің қолдауына жүгініп бір млрд. теңге көлемінде же­ңілдетілген несие алған екен. Көк­тем­де мамандар мұнда тағы 440 бас симментал тұқымды сиыр әкеліп, ірі қараның санын толықтырмақшы. Сон­дай-ақ көктемде сиыр қораның жанындағы сауын кешені мен төлдер тұ­ратын нысанның құрылысы аяқта­ла­ды. Бүгінде мұнда 12 адам қызмет етуде, құрылыс жұмыстары тамам­дал­­ған соң кәсіпорынға тағы 20-ға жуық адам жұмысқа алы­нады.

“Петерфельд Агро” серіктестігі де сүт өндіру бағы­тын­дағы шаруаны мық­тап қолға алған. Мұндағы іскер жан­­дар кәсіптің бұл түрімен 10 жылдан аса айналысып ке­ле­ді. Қазіргі күні қораларында “симментал” және “қара шұ­бар” тұқымды үш жарым мың бас сауын сиыр тұр. Жа­қында олардың қатары тағы 600-ге жуық ірі қарамен то­лықты.

– Біз 2021 жылы 60 басқа арналған жаңа тауарлы-сүт кешенін тұрғызуды бастадық. Қазіргі күні құрылыстың ба­сым бөлігі аяқталып қалды. Ішкі-сыртқы өңдеу жұмыста­рын жүргізіп жатырмыз. Бізге мемлекет тарапы­нан са­тып алынған малдың әрбіреуі үшін 770 мың теңге субси­дия берілді және жемазық алуға да көмек көр­сетілді. Толық қуатта іске қосылған соң күніне 15-20 тонна сүт сауатын боламыз. Ал сиырлардың күтімімен 17 адам айналысады, – деді “Петер­фельд Агро” ЖШС-ның бас­шысы Алек­сандр Фомичев.

Петерфельд ауылындағы кәсіп­орын елді мекеннің әлеу­меттік-эконо­микалық дамуына зор үлес қосып отыр. Қазіргі күні іргелі өндіріс ошағын­да жалпы есеппен 60-тан аса адам қызмет етеді. Ал мамандарын ауылда ұстап қалу үшін басшылық оларға кең әрі сапалы үй са­лып бе­руде. Ішінде тұрмысқа қажетті жаб­дық­тың барлы­ғы бар. Жылу мен ауызсу да орталықтандырылған желі­­ден беріледі екен. Бүгінде Қызыл­жар ауданындағы Ар­хангельское ауылында 5 мың тоннаға арналған эле­ва­тор салынуда. Жобаны “Ер Агро” серіктестігі қолға алған.

– 9 мың гектар жеріміз бар. Түрлі майлы және дәнді да­қыл егеміз. Жерден алатын өнім көлемі жыл сайын ар­тып келеді. Ырыздық мол болған соң оны ысырап қыл­май дұ­рыс кептіріп, сақтайтын жер керек. Сол себепті, элеватор салуды жөн көрдік. Жобаның құны – 300 млн. теңге, – дейді “Ер-Агро” ЖШС дирек­торының орынба­сары Анатолий Усолкин.

Фархат ТАСТАМБЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp