Мәдениет – ұлттың рухани болмысы, халықтың сарқылмас қазынасы. Бүгінде өркениетті елдер сан ғасырлардан жалғасып келе жатқан тарихымен, төл мәдениетімен мақтанып, сол арқылы басқаға танылуды мақсат етеді. Мәдениеті мәйекті елдің еңсесі де биік. Сол мәдениетті қалыптастыратын халық, соның ішінде бір бөлшегі – өнер адамдары, мәдениет қызметкерлері. Ауыр жүкті арқалап жүрген өнерпаздардың өміріне бір үңіліп көрейікші.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өскенін, бірақ бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалғанын атап өтті. Соның ішінде мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар бар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретінін тілге тиек етті. Бұл, әрине, мәдениет саласы қызметкерлері үшін қуанышты жаңалық болғаны сөзсіз.
Мәдениетке қызмет етіп жүрген мамандарға бұдан да басқа қолдау қажет-ақ. Мәселен мардымсыз жалақы өнер адамдарына тұрғын үй алуға да мүмкіндік бермейтіні анық. Оларды баспанамен қамтамасыз етуде қиындықтар көп. Бүгінде біздің өңірде мәдениет және өнер саласында 603 ұйым бар. Шығармашылық бағытта жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы саны – 1850 адам. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары күрделі әлеуметтік жағдай бұл салада кадр тапшылығына алып келгенін жасырмайды. Аудандық ұжымдарды айтпағанда, облыстық мәдениет мекемелерінде жұмыс істейтін 155 адамның ғана жоғары білімі болса, 95-і орта кәсіптік білім ғана алған. Ал қалған 141-інде кәсіби білімі мүлдем жоқ. Одан бөлек, қазір ұжымдарға режиссер, дыбыс режиссері, бишілер, вокалистер, музыканттар мен өзге де мамандар жетіспейді. Өзгесін айтпағанда, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында әлі күнге дейін режиссер жоқ. Жалпы өңірдегі әр өнер ошағы кәсіби маманға зәру. Сахнаның сәнін, көрсетілімнің мәнін кіргізетін тек режиссер ғана емес, әрине. Сахна сыртында да қаншама адам еңбек етеді. Облыстағы жалғыз қуыршақ театрында да маман тапшылығы өзекті.
– Біздің театрда қазір барлығы 13 актер жұмыс істейді. Ал қазақ труппасында үш актер болса, оның біреуі бала күтіміне байланысты декреттік демалыста, енді біреуі жалақының аздығын айтып, жұмыстан шығып кетті. Репертуарда 5-6 ғана қазақша спектакль бар. Бірақ маман тапшылығына байланысты қазір балақайларға қазақша қойылымдарды көрсете алмай отырмыз. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан жас мамандарды жұмысқа шақырайық десек, олар алдымен баспана мәселесін қозғайды. Оған біздің беретін үйіміз жоқ, – дейді облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Мейрам Сексенбаев. Дегенмен мәселенің барлығын жалақыға не, баспанаға тіреп қоюға да болмайды. Мәселен, қуыршақ театры актерлері Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ғана даярланады. Оның өзінде студенттерді 4 жылда бір рет қана оқуға қабылдайды. Демек, бұл мамандықты игеретіндер тым аз. Оның үстіне оқу бітірген соң мегаполисте қалып қоятын түлектер де бар. Оны Петропавлдағы қуыршақ театрына соңғы 7-8 жылдың ішінде бірде-бір кәсіби маманның қосылмағанынан да аңғаруға болады. Кәсіби маман демекші, қуыршақ театрында жұмыс істейтін сахнагерлердің екеуінің ғана арнайы білімі бар. Қалғандары драма актерлері. Ал маман тапшы жерде білікті кадрлар туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Сондықтан кадр даярлауда тиісті министрліктерге өтініш білдірген жөн шығар.
Бұл орайда мәдениет мекемелеріне жергілікті оқу орындарының да қол ұшын бере алмай отырғанын айтуға тиіспіз. Соңғы жылдары жергілікті университетте осы бағытта білім алушылардың санының азайғаны байқалады. Әрине, мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Біріншіден, жалақы аз, екіншіден жастардың көбі үй-күйсіз жүр. Содан да дені өнердің қайнаған ортасы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларын жағалайды.
– Маман тапшылығын жою мақсатында биыл біздің студенттерімізді еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында шығармашылық мамандықтар бойынша (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университеті) оқыту үшін облыс әкімінің 15 гранты берілді. Жыл сайын 15 студентке грант берілетін болса, 2025 жылы 45 адам грант бойынша оқытылады. Жалпы бес кезең бойынша студенттерді оқыту көзделуде. Сонда 75 адам грант бойынша білім алады. Бұл өңірдегі кадр тапшылығын жоюға септігін тигізеді, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірейісов.
Бұл орайда жаңадан жұмысқа тұратын мәдениет саласы қызметкерлеріне жеңілдіктер жасалса, жақсы болар еді. Мәселен, денсаулық сақтау қызметкерлері сияқты баспанамен қамтамасыз етілсе деген тілек бар. Баспана мәселесі шешімін тапса, кадр тапшылығы мен олардың тұрақсыздығын ретке келтіруге болады. Өйткені көп жағдайда баспананың болмауына байланысты мамандар басқа салаға ауысып жатады. Ал кейбірі күнкөрістің қамымен той-томалақты жағалауға мәжбүр. “Үйі жоқтың күйі жоқ”. Сәбит Мұқанов атындағы киелі қарашаңырақтың актерлері үшін де баспана күрмеуі қиын мәселеге айналып отыр.
– Мәдениет саласы қызметкерлері үшін пәтер беру мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Өткен жылы мәдениет, білім, денсаулық, спорт саласы қызметкерлері үшін облыс орталығында 100 пәтерлі үй салынатыны айтылды. Бұл – жақсы бастама. Алайда ведомстволық үйдің құрылысы белгілі бір себептерге байланысты 2022 жылдың жоспарына енгізілмеген. Бұл мәселе облыстық мәслихат сессиясында көтерілгенімен, нақты шешімі табылмады. Тым болмаса жатақханамен қамтамасыз етілсе ғой. Әзірше оған да мүмкіндік болмай тұр. Қазір театрда жұмыс істейтін қызметкерлердің 90 пайызы баспанасыз. Актерлердің дені – жастар. Өнерпаздарды даярлайтын Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Оқу бітіретін түлектерді жұмысқа шақырғанмен, оларға жергілікті жерде тиісті жағдай жасалмаса, одан не пайда? – деген С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев актерлердің орташа еңбекақысы 70-80 мың теңге екенін айтып, он жылдан бері баспана мәселесі шешімін таппай келе жатқанына қынжылыс білдірді.
Әлбетте, мардымсыз жалақыға жан бағу оңай емес. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Эльдана Нұрсейітова осыдан үш жыл бұрын жұмысқа орналасқанда 50 мың теңге еңбекақы алғанын, кейін жалақысы 72 мың теңгеге көтерілгенін, қазір 84 мың теңге алатынын айтты. Ал жоғары білімі бар қызметкерлердің жалақысы бұдан сәл-пәл көп. Эльдана сынды жас мамандар үшін жалақының өскені көңілге демеу болғанымен, аз-мұз ақша қай жыртыққа жамау болады? Пәтер жалдап тұрады. Сондықтан маман тапшылығын жою үшін алдымен мәдениет саласы қызметкерлері үшін әлеуметтік қолдау қарастырылуы керек. Елімізде әскерилердің баспаналы болуы үшін арнайы даярланған бағдарламалар бар. Мәдениет саласы қызметкерлері үшін де тиісті бағдарлама қабылданса, құба-құп. Қазір елдің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттырумен қатар мәдени, рухани келбетіне де баса мән берген жөн. Бұл ретте өнерпаздарға артылар жүк ауыр. Тұрмысты сана билеген заманда мәдениет қызметкерлерінің де жағдайын түзеуді ойластыру қажет-ақ.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.