«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Экономиканың негізгі тірегі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен ауыл шаруашылығы мекемелерінің алқа отырысы өтті. Жиында өткен жылдағы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, биылға жоспарлар жасалды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі нақты ұсыныстар айтылды.

Ауыл шаруашылығы – Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының негізгі секторы. Бүгінде өңір тұрғындарының жартысынан астамы ауылдарда тұрып, ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан бұл саланы дамыту – басты міндет. Жиын барысында жауапты басқарма басшылары 2021 жылдың қорытындысын баяндады. Былтыр облысымызда өндірілген ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі 895 млрд. теңгеге жетті. Биыл бұл соманы 933 млрд.-қа жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы ел бойынша 7,4 трлн. теңгенің өнімі шығарылса, соның 12,1 пайызы Солтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Бұл – республика бойынша үшінші көрсеткіш. Нақты айтар болсақ: өсімдік шаруашылығында 677 млрд., мал шаруашылығы саласында 215 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

– Былтыр облыс бойынша 4,3 миллион гектар алқапқа дән себілді. Оның 3 мыңы дәнді және бұршақты, 957 мыңы майлы дақылдар, қалғаны картоп пен көкөніс. Импортты азайту үшін қарақұмық алқабын 8,7 мың гектарға дейін ұлғайттық. Былтыр бидайдың шығымдылығы 11,9 центнерден айналып, 3,5 млн. тонна астық қамбаға құйылды. 645 мың тонна майлы дақыл орылды, оның шығымдылығы 6,7 центнерден болды. Биыл да егістік алқаптарының көлемі сақталады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Басқарма басшысы көктемгі егіске дайындық қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да баяндады. Оның айтуынша, минералды тыңайтқыштарды енгізу жылдан жылға артып келеді. Химиялық өңдеу де дер шағында жүзеге асырылып отырады. Биыл да бұл жұмыстар маңыздылығын жоймайды. Тағы бір айта кетерлігі диқандар элиталық сұрыпты тұқымға басымдық беруде. Оған барлық мүмкіндіктер бар, жуырда ғана ашылған тұқым зауытынан басқа шетелдерден де жақсы сұрыптар әкелінуде. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы техникасын жаңалау жұмыстары сәтті жүзеге асуда.

Былтыр өңірдегі агроқұрылымдар 67,5 млрд. теңгеге 2424 жаңа трактор-комбайн сатып алған. Ал былтыр ашылған “Claаs” зауытында 92 комбайн құрастырылып, оның 67-сін еліміздегі серіктестіктер сатып алған. Қалған 17-сін лизинг арқылы рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл тағы 253 техника құрастыру жоспарланған, оның 150-і комбайн, 54-і трактор және 49-ы егіс кешені.

Мал шаруашылығы саласында да жетістіктер жеткілікті. Өткен жылы 105,5 мың тонна ет, 635 мың тонна сүт өндірілген. Бір әттеген-айы, жұмыртқа өндіру кенжелеп қалған. Алдыңғы жылы 552 млн. дана болса, былтыр 6 миллионға кеміген.

Дегенмен мал шаруашылығының тиімді екенін кәсіпкерлер түсініп, осы салаға басымдық беріле бастады. Оған тартылған инвестиция дәлел. Былтыр 150 млрд. теңге құйылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп.

Былтыр өңірде 10 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Бұл да сүт өндірісін дамытуға айтарлықтай серпін берді. Қазіргі күні тағы 2 кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Мал шаруашылығы дамыса – ауыл дамиды. Өйткені қысы-жазы жұмыс тоқтамайды. Бұл – жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартатын бірден-бір тиімді жол.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов өңірдегі эпизоотиялық ахуал туралы баяндады. Былтыр 5,5 миллионнан астам малға екпе салынды. Оның басым бөлігі – аса қауіпті ауруға қарсы препараттар. Оның айтуынша, биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады.

Жиын барысында агроқұрылым басшылары да өз шаруашылықтарындағы жағдай туралы баяндады. Солардың бірі – Аққайың ауданындағы “Гагарино” ЖШС-ның директоры Серғазы Қарымсақов. Оның айтуынша, 1993 жылы құрылған бұл шаруашылықтың қазір 6700 гектар жері бар. Егін егіп, мал өсірумен айналысады. Шағын болса да.

– 630 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салып жатырмыз. Жоспар бойынша 5,4 млрд. теңге қажет, оның 700 миллионы – өз қаражатымыз. Осының арқасында ауылда жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Жұмысшыларымыз орта есеппен 250 мың теңгеден жалақы алады, – деді Серғазы Қарымсақов.

Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, алға қойған мақсаттарға қол жеткізілді. Енді алдағы науқанға қамдану керек. Жыл сайын туындайтын мәселелерді шешу үшін агроқұрылым басшылары әбжіл болуы керегін атап өтті. Сондай-ақ шаруашылықтарға сабан өртеуге қатаң тыйым салу қажет екенін қадап айтты. Өйткені құнарлы топырақ жылдап қалыптасады, ал өрттен кейін бар қасиетінен айырылып қалады. Осындай келеңсіздіктерді бірлесе жоюға шақырды. Жиын соңында өңір басшысы алда тұрған мақсаттарды айқындады.

– Бүгінгі таңда ауылдарды дамыту мәселесі агроөнеркәсіп кешенімен тікелей байланысты. Облыс тұрғындарының жартысынан астамы ауылда тұрады. Ауылдағы өмір сүру деңгейін жақсарту – өте маңызды жұмыс. Мемлекет өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуде. Соңғы 5 жылда облыста ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көлемі 2,5 есеге өсті. Соның нәтижесінде өнім өндіру 1,8 есеге ұлғайды. Біздің міндетіміз – осы саладағы бар мүмкіндікті пайдаланып, өнім көлемін арттыру. Ол үшін барлық мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы зор. Былтыр өңірдегі шаруашылықтарға 53,8 млрд. теңге демеуқаржы берілді. Соңғы 2 жылдағы ауа райының тосын мінезіне қарамастан жекелеген агроқұрылымдар гектарынан 20 центнерден артық өнім алуда. Біз осы қарқыннан таймай, алға жүруіміз керек, – деді өңір басшысы.

Құмар Іргебайұлы ауылды дамыту үшін ең бастысы – “жердің иесі” болуы керек екенін қадап айтты. Өз қалтасын қампитуды ғана ойламай, өзіне сеніп тапсырылған аймақты гүлдендіре алатын шаруалар керек.

– Ауылдарды дамытудың жақсы мысалдары бар. Соңғы 4 жылда 199 мектеп, 51 мәдениет ошағы мен 46 медицина мекемесі, 2 мың шақырым жол жөнделді. 165 ауылда ауызсу мәселесі шешілді. Осының бәрі – мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар. Біздің бастамамызбан пайдаланылмайтын жерлерді қайтару туралы заңға өзгеріс енгізілді. 1-1,5 жылда ештеңе екпесе, жерді қайтарып аламыз. Енді Парламентте субсидия алған кәсіпкердің қайтарымы туралы міндеттемелер қаралып жатыр. Бұл – жауапсыз, салғырт басшылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар, – деді Құмар Ақсақалов.

Әкімнің айтуынша, еңбек өнімділігін арттыру үшін демеуқаржы алушыларға шектеу қою керек. Кейбір шаруашылықтар гектарынан 4 центнерден өнім алады, бірақ оларға субсидия беріледі. Бұны доғару керек. Жердің бар мүмкіндігін пайдаланған жөн. Екіншіден, егін егетін адам мал да өсіруі керек. Осылайша ауылда тұрақты жұмыс орны ашылады, жыл бойы жалақы алуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, шаруашылық басшысы тұрғындарға атқарған жұмысы туралы ақпарат беріп отыруы керек. Қаражатты қайда жұмсағаны туралы есеп беруі керек. “Әлеуметтік жауапкершілік деген осындайдан басталады. Қазіргі күні ауылдарда жайылым жер тапшы. Облыс бойынша 411 мың гектар жерді тексеру керек. Оның 147 мыңы – егістік алқап. Бұлар пайдаланылмай жатыр. Осыған байланысты жерді қайтару туралы заңға өзгеріс керек. Облыста 442 мың гектар жайылым жер тапшы. Ауыл маңында мал ұстауға, шөп шабуға мүмкіндік болу керек”, – деді облыс әкімі.

Жиында көтерілген мәселелер облысты дамытудың, тұрғындардың жағдайын жақсартудың негізі болмақ. Бұл міндеттер мүлтіксіз орындалса, әлеуметтік мәселелерді шешуге жол ашылмақ. Ол үшін агроқұрылым басшыларының жауапкершілігі мен жанашырлығы да маңызды екені анық.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp