«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАР — ҚОҒАМ ҰЙЫТҚЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің халқымыздың ықылым заманнан бері қалыптасқан қасиеттерінің бірі – кішіге ізет көрсетіп, жасы үлкенді құрметтеу, оның ақылын тыңдап, сөзіне құлақ асу. Қазақ халқының ел билеу дәстүрінде қалың бұқара мен биліктің арасына көпір қызметін атқарған өз институты болды. Ол игі жақсылары бар ақсақалдар кеңесі еді. Бейнелеп айтқанда, халық – киіз үйдің керегесі, билік – шаңырағы, ақсақалдар кеңесі сол екі араны жалғаған уық болатын. Ақсақалдарды ешкім сайламаған. Ел мүддесін өз жеке ісінен жоғары қоятын, өзінен кейінгі ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауым жұртқа бас-көз бола білген адамды ақсақал тұтып, қоғамдағы орнын ерекше белгілеген.

“Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол” деген ұлағатты сөздің мәні зор, мағынасы терең. Көргені көп, көкейге түйгені мол ақсақалдардың аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келген. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ жерді иеленген халықты басқару жүйесінде ақсақалдардың орны ерекше болып, олардың сөздерінің қадірі болған. Айтылған әділетті, ұлағатты да парасатты сөзге қабағынан қар жауған хан да, қарапайым халық та тоқтаған.

Жастарды тәрбиелеуді ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер халқымыздың салт-дәстүрлерінің, ырым-тыйымдарының негізінде жүргізіп, ұлағатты істі ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Сондықтан халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастағанын, адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар бергенін негізге алды. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырғанын тілге тиек етті.

– Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды, – деген Мемлекет басшысы зиялы қауымның еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланатынын жеткізді. Сондықтан біздің, яғни аға буынның алдында тұрған басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Өскелең ұрпаққа отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді дәріптеуіміз керек. Жалпы еліміздің дамуында әлеуметтк-экономикалық мәселелерде зиялы қауым шет қалмауы тиіс деп ойлаймын. Диалог пен азаматтық қатысу дәстүрін дамыту, ынтымақтастығымыз бен бірлігімізге негіз болатын озық құндылықтарды насихаттау маңызды мәселе. Бұл орайда Ақжар аудандық ардагерлер кеңесі Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысып, жастар тәрбиесіне баса назар аударуда.

Аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл толды. Соның 15 жылында кеңеске Серғазы Жұмабаев төрағалық етті. Бүгінде бұл жауапты қызмет маған жүктелді. Ақжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған кезде жұмысты ауылдық округтерде құрылған бастауыш ұйымдардың төрағаларымен және олардың жұмысымен танысудан бастадым. Жарты жылдың ішінде барлық 12 округті аралап шығып, ауыл-ауылдағы қарт адамдармен танысып, жағдайларын сұрадық.

Бүгінде біздің ауданымызда 1981 зейнеткер бар. Соның 46-сы жалғызілікті. Қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – қазақ халқының дәстүр сабақтастығы ғой. Сондықтан қарттар әрқашан қоғам назарынан тыс қалған емес. Бұл орайда жыл сайын қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында оларға ауқымды көмек көрсетіледі. Мәселен, өткен жылы аудандағы 1483 қарт пен мүмкіндігі шектеулі жандарға 9 млн. 949 мың теңгенің азық-түлік пакеті таратылып, 8 отбасы көмір, отынмен қамтамасыз етілді. 62 зейнеткерге 1 млн. 240 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Осы айлық кезінде Айсары ауылында ауданымыздағы барлық бастауыш ұйымдардың төрағалары мен ауылдық округ әкімдері қатысқан семинар болып өтті. Жақсы сөз жан жылуы дегендей кейбір қарттар мейірім мен бір ауыз жылы сөзге зар.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Уәлиханов және Ақжар ауданының зейнеткерлері арасында шахмат және дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Шара барысында көрші ауданнан келген делегация Смағұл Сәдуақасовтың музейіне барып, қайта жөндеуден өткен орталық стадионды аралады. Өз кезегінде біздің делегаттар Уәлиханов ауданында өткен үстел теннисі мен дартс ойындарына қатысып, Кішкенекөлдегі әлеуметтік нысандарды аралап, жақсы көңіл күймен келген еді. Ардагерлер кеңесі ауданымызда өтетін барлық қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, жергілікті атқарушы билікке қоғам тарапынан болып жатқан өзгерістерді және мәселелерді жеткізіп отыруда үлкен рөлге ие.

“Бірлігі мықты елді жау алмайды” демекші, бүгінде ата-бабамыздан аманат болған Тәуелсіздіктің қадірін жастарға түсіндіріп, оларға ата-бабамыз аңсаған азаттық бізге оңайлықпен келмегенін, оны көздің қарашығындай сақтау қажет екенін түсіндіруіміз керек. Ол үшін ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайту міндет. Жаңадан бастау алған барыс жылының алғашқы күндері елімізде жаппай тәртіпсіздік орын алып, бүлікшілер бірлігіміз бен тәуелсіздігімізге қауіп төндірді. Біреулердің сөзіне еріп, тәртіпсіздіктерге қатысқандардың дені – жастар. Сондықтан біз жастар тәрбиесін мықтап қолға алуымыз керек. Жалпы ардагерлер кеңесі қоғамдық-әлеуметтік мәні зор, ел ішінде орын алған сан-сипат мәселелерді талқыдан өткізіп, кесім шығаратын немесе бір шешімге келіп, жоғары инстанцияға ұсыныс беретін халықтық басқарудың бейресми тұрпаты болуы тиіс.

Біле білсек жақсы қартаю да бір бақыт емес пе?! “Жақсы адам қартайса, көкірегі толы хат болар, жаман адам қартайса, бықсып жанған от болар” деген сөз тегін айтылмаған. Көрген-білген тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі жастарға ақыл-кеңестерін бере жүретін үлкендердің ісі әркезде де өнеге болуы тиіс. Өкінішке қарай, іс жүзінде күнделікті өмірдегі жағдай дәл біз күткендегідей бола бермейді. Кейбіреулер жасы егде тартса да, түрлі ұятты қылықтарға барып, кейінгілерге теріс үлгі көрсетіп жатады. Ендігі бір шалдардың тірлігі қара бастарынан артылмайды. Кейінгі ұрпаққа дұрыс жол көрсетуге мүмкіндіктері жоқ, әйтеуір, жер басып жүргендеріне мәз. Ондайлар әдетте “ақсақал” деген ардақты атқа кір келтіріп, азын-аулақ беделдерінен айырылады. Жақсы ғұмыр кешіп, ел-жұрттың алдында абырой-беделге бөлене білген адам қартайдым деп өкінбеуі тиіс. Өйткені ондай адамдардың ісі ел есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Сондықтан Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында атап өткендей зиялы қауымның сөзі мен ісі әрқашан сай болып, қоғамның тұрақтылығын қалыптастыруда аға буын әрқашан ұйытқы болуы тиіс.

Молдабай МАЛҒАЖДАРОВ,

Ақжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp