«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде заманауи спорт кешендерінің саны артып келеді. Бұл тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына, жастардың спортпен айналысып, шымыр болып өсулеріне айтарлықтай ықпал жасайды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 2993 спорт ғимараты жұмыс істесе, бірқатары соңғы жылдары бой көтерді. Әлі сыры кеуіп үлгермегендер қатарында Қызылжардағы “Қуаныш” волейбол клубының спорт кешенін айтуға болады.

“Қуаныш” спорт кешені сыртқы кел­бетімен де, ішкі жарақтандырылуы­мен де ерекше көз тартады. Жоғары лигада сәтті өнер көрсетіп жүрген во­лейболшы қыздарға арнайы салын­ған бұл нысан мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында бой көтерді. Оны клубтың негізін қалаушы, белгілі ме­ценат Қайырбек Хамзин тұрғызды.

Кешеннің жалпы аумағы – 2500 шар­шы метр. Астыңғы қабатында ор­наласқан әмбебап екі залда 220 адамға шақталған жанкүйерлер орны да қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда әлемдік деңгейде кең таралған спорт түрлері – бодибилдингпен, кроссфит­пен айналысатын жаттығу залдары да бар, онда волейболшылар фи­зикалық дайындақтарын пысық­тай­ды.

Кешенде киім ілгіштен бастап, жуынатын, жаттығудан кейін дема­латын, сондай-ақ жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне ар­налған бөлмелер де қарастырыл­ған. Екінші қабатта конференц-зал мен демалыс орындары жасақталған.

– Отанымыздың тұғырлы, ғұмыр­лы болуы – бүгінгі өскелең ұрпақтың қо­лында. Білімді, ойлы, ақылды, спорт­ты сүйетін, жаны таза, денсау­лығы мықты жас буын қалып­тас­тыр­сақ, мақсатымыздың орын­дал­ғаны, ойы­мыздың жүзеге асқаны деп біле­мін. Зәулім ғимарат волейбол спор­тын сүйетін жастардың жиі ке­летін, бас қосатын ордасына айнала­рына се­німдімін. Келешекте осынау еңселі нысан қабырғасынан еліміздің намы­сын қорғайтын, сонымен бірге Азия, әлем, Олимпиада чемпиондары қа­нат қағып ұшады деген үмітіміз де жоқ емес, – дейді “Қуаныш” клубының ди­ректоры Қайырбек Сәдуақасұлы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаев халыққа арнаған Жолдауында: “Спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт кешендерінің санын арттыру қажет”, – деп айтқан болатын. Теріскейдің спортын, соның ішінде волейболды дамытуда “Қуа­ныш” кешені өзіндік қолтаңбасын қал­дырары анық. Спорт мекемесі басшылығының айтуынша, мұнда кез келген байрақты бәсекені өткізуге болады.

– Командамызға үнемі мораль­дық, материалдық қолдау көрсетіп, Қазақстан, Ресей қалаларында өтетін сайыстарға бастап баратын, теңдес­сіз спорт кешенін салып берген кәсіп­кер Қайырбек Хамзинге алғысымыз шексіз. Облыс намысын қорғайтын деңгейге дейін көтерілдік. Бұл ко­манда басшылығының, жаттықтыру­шылар мен демеушілердің және во­лейболшылардың біріккен еңбегінің жемісі, – дейді “Қуаныш” волейбол командасының капитаны Татьяна Алдошина.

Жерлестеріміздің ұлттық лигада өнер көрсетіп жүргендеріне биыл төртінші жыл. “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға” дегендей, алғашқы қадамдары 7-ші орынмен түйінделіп, кейін 5-ші, 4-ші орындарға тұрақтаса, өткен маусым өте сәтті аяқталды. Облыс тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогы үшін болған до­дада қола жүлдені қанжығаға бай­лады.

Алда сан алуан сайыстар күтіп тұр. Ел чемпионатының кей турлары Қызылжардағы жаңа спорт кешенінде ұйымдастырылуы мүмкін. Заманауи кешен жерлестерімізді жаңа жетіс­тіктерге бастап, үлкен жеңістерге жол ашады деген сенімдеміз.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp