«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҚАЗАҚ СЫНЫБЫ АШЫЛЫП, ЖАЙЫЛЫМ БЕРІЛСЕ Іргедегі ауылды мазалаған мәселелер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлютка қаласының іргесінде ор­наласқан Воскресеновка ауылында 775 тұрғын тұрады. Аудан орта­лы­ғына жақын орналасқандықтан бо­лашағы жарқын елді мекендер қата­рында. Осы ауылдық округке тағы екі ауыл қарайды, Искра тұрғындарының саны – 224, Становоеда 171 адам түтін түтетіп отыр.

Воскресеновка ауылында оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасыларға арналып 7 үй салынған. Ағайындар биыл бірінші жыл қыстап жатыр. Бір әттеген-айы, ауылда қазақ мектебі жоқ. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан келген, орыс тіліне шорқақ олар балаларын қайда оқытпақ? “Аудан орталығындағы мектеп-интернатқа бергіміз келмейді. Ересек бала болса бір жөн, қабырғасы қатпаған бастауыштың оқушысына интернатта тұру қиын”, – дейді қоныс аударушы­лар. Түркістан облысынан көшіп кел­ген Еркінай Жамалова екі немересін амалсыздан орыс мектебіне беріп, сабақ үлгерімі төмендеп кеткенін айтады.

– Ордабасы ауданынан өткен жы­лы қазанда көшіп келдік. Жолдасым екеуіміз де зейнет демалысындамыз. Үлкен ұлым мен қызым Ордабасында тұрады. Қолымдағы кенже ұлым бала кезінен кемтар. Екі жасында қатты ауырып, соның әсері ме, сөйлей ал­май қалды. Кез келген жұмысты істей алады. Келінім де сөйлей алма­ғаны­мен, жоғары білімді, есепке жүйрік, балаларының оқуын өзі қадағалайды. Бастапқыда немерелерімізді амал­сыз­дан орыс мектебінде оқыттық. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен мен қазақ­ша тәрбиеленген баланың бір­ден орыс сыныбына түскені қиын бо­ла­ты­нын жақсы білемін. Бір айдай оқып, қатты қиналды. Мектеп дирек­то­ры да баланың үлгерімі төмендеп кет­кенін, қазақ мектебінде оқыту ке­ректігін айтып, ақыл-кеңесін берді. Со­сын Мамлюткадағы санаторлық мек­теп-интернатына орналастырдым, – дейді Еркінай апа қынжылып.

Бұл жаққа келудегі мақсаты – ба­лаларын осы өңірге жерсіндіріп, кә­сіппен айналысуына жәрдемдесу. Мем­лекеттің тиісті көмегін алып, өзде­рінің жеке шаруашылығын ашпақ ойлары бар. Ұлы мал бағуға, келіні кондитерлікпен айналысуға ынта та­нытып отыр. Шаштараздықты да оқып алған. Қазірдің өзінде үйде нан пісіріп, көршілеріне сатады. Бұл бизнесті дамыту үшін жоғары кернеулі электр тоғы керек екен. Қайтарымсыз грант алып, ойлаған ісін кеңейтпек. Көктем шықса, жылыжайда көкөніс өсіруді қолға алмақ.

– Тұрғылықты жеріміз бойынша тіркелу мәселесі шешілмей тұр. Ау­дан әкіміне бірнеше рет барғаныммен “үйдің құжаттары толық біткен жоқ” деп шығарып салды. Үйдің құжаттары жоқ болса, оған қалай адам кіргізеді деген заңды сауал туындады. Біз мұнда қоныс аударғанда су да, электр жарығы да болмады. Үйді пайда­ла­нуға беруге жауаптылар “істеп бере­міз” деп уәдесін үйіп-төкті. Алға­шында электр қуатын көршіден уа­қыт­ша алдық. Электр сымының жер­де жатқаны да балалар үшін қауіпті. Ойнап жүріп ұстап алуы мүмкін ғой. Әйтеуір, бұл мәселе шешімін тапты-ау. Үйдің төбесін де өзіміз жылылап, кіреберісті қоршадық, – дейді Еркінай апа.

Осы ауылдың тұрғыны Аршат Жат­қанбаев болса, өткен күзде Жамбыл облысынан көшіп келіпті. Қайта­рым­сыз грант алып, шаштараз кәсібімен шұғылдануға ниетті. Сондай-ақ мал ұстағысы келеді. “Екі баламның үлкені биыл мектепке барады. Бірақ қай мектепке берерімді білмеймін. Мұндағы орыс мектебінде оқытқым келмейді. Аудан орталығындағы интернатқа жатқызып оқыту балаға қиын болатын сияқты. Келіншегім Искра елді мекенінде фельдшер болып жұмыс істейді. Күйеу балам мен қарындасымды қасымыздағы үйге орналастырдық. Үшінші үйге Алматыдан келгендер қоныстанды, бірақ жарық болмағандықтан, уақыт­ша басқа үйде тұрып жатыр”, – дейді Аршат Жатқанбаев.

Ауыл мектебінің директоры Инна Могунова оңтүстіктен келген қазақ отбасыларының балалары тіл білме­гендіктен мектеп бағдарламасын мең­ге­ре алмағанын, мұндай жағдай оқу­шының сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізетінін байқап, олардың ата-анасына тиісті ақыл-кеңесін айтқан. Мектеп директорының сөзінше, Вос­кресеновкадағы 464 балаға арналған білім ордасында қазір 131 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа 14 бала барса, 4 түлек мектеп бітірмек. Көрші ауыл­дан келіп оқитын 15 бала үшін мек­тептің үшінші қабатын интернат етіп жабдықтаған. Мектепте қазақ сынып­тарын ашу ұсынысы болғанымен, білікті маман жоқ болғандықтан қолдау таппаған көрінеді. Оның үстіне аудан орталығы жақын болғандықтан интернатқа тасымалдау туралы ше­шім қабылданған. Бұл тұрғыда аудан­дық білім бөлімі қазақ мектебінде сабақ беретін кадр мәселесін шешіп, білім ошағын аралас мектепке ай­налдырса, онда оңтүстіктен келетін қандастардың қарасы да артары анық. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, іргесін көлдің суы шайған, мамы­ра­жай ауылға қоныс аударғысы келетін­дер тіптен көбейер еді.

Ауылда мектептен басқа да мәсе­ле баршылық. Мысалы, Целинная көшесінде тұратын ағалы-інілі Қой­шыбековтер Түркістан облысының Төлеби ауданынан мұнда мал шаруа­шылығымен айналысу мақсатында келіпті. Алты баланың әкесі, механи­затор Болатбек Қойшыбеков 2020 жылы жазда келіп, мемлекет берген үйдің кем-кетік жерін жөндеп, қора салып алған. Алғашында он сиыр, он ешкі сатып алған. Бірақ мал азығын дайындау кезінде қатты қиналған. Әрі төрт түлікті көбейтіп, егін егейін десе ауыл іргесінде бос жер жоқ.

Балаларымен бірге мал өсірумен айналысқанына біраз жыл болған Шамуддин Гайнуддинов те жердің тарлығы аяққа тұсау болып отырға­ны­на қапалы. Осыдан 9 жыл бұрын ар­найы бағдарлама аясында 6 пайыз­бен несиеге 90 тұяқ қой сатып алып­ты. Жыл сайын төлін сатып, кеткен шығынды жауып отыр. Қазір қой саны 250-ге, жылқы-сиыры 40-қа жеткен.

– Былтыр конкурс арқылы 30 гектар жер алғым келген, бірақ маған бұйырмады. Өткен жылы 2 мың ки­лограмм қара малдың, тағы сондай кө­лемде қой етін өткіздім. Егер жайы­лым кең болса, қой басын мыңға дейін жеткізуге болады, – дейді ол.

Жайылым тапшылығы мәселесін, көшіп келушілерге арналған үйлер­дегі кемшіліктерді айтып, Воскре­се­новка ауылдық округінің әкімі Виктор Мищенкоға жолықтық. Әкім қоныста­ну­шыларға арналып салынған үйлер­дің сапасына шағымның жоқтығын алға тартты. Ал құжаттарын бітіріп, тір­кеу мәселесін жеделдетуді жергілікті сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сілтеді.

– Мұндағы әр отбасы өзіне жеткі­лікті мал және құс асырайды, олар жерден таршылық көріп отырған жоқ, – деп қысқа қайырды. Әкімнің мал басын арттыруға мүдделі шаруа­ларды жердің тарлығы тығырыққа тіреп отырғанына үстірт қарағаны қалай?

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp