Солтүстік Қазақстан облысында «Өрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 8 есірткі қылмысы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтардың 24-і мен 27-сі аралығында өңірде «Өрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Мақсат – есірткі заттарының заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністері саптық бөліністермен, учаскелік полиция инспекторларымен өзара тығыз іс-қимыл жасады.
Операцияның 4 күнінде 8 есірткі қылмысы анықталды, оның 2-уі сатуға қатысты. Қылмыскерлерден 250 грамм марихуана, 10 грамм синтетикалық есірткі алынды.
«Біздің басты міндетіміз – есірткі саудасын анықтау және сату арналарының жолын кесу. Қазіргі уақытта синтетикалық есірткімен күрес аса өзекті. Өткен жылы есірткі қылмысына қарсы қарқынды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 197 факті анықталды, оның 59-ы сату бойынша. Заңсыз айналымнан 410 кг түрлі есірткі және психотроптық заттар алынды. 12 айдың ішінде қызметкерлер 8 есірткі зертханасының жұмысын тоқтатты, оның төртеуі синтетикалық есірткі жасаумен айналысқан», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.
https://www.inform.kz/