«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОМИКРОН” ӨТЕ ҚАУІПТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Коронавирустың жаңа штамы дү­ние­жүзін дүр сілкіндірді. Жаңа штамм 32 мутацияны біріктіргендіктен адам­ға өте қауіпті. Осыған байланысты көптеген елдер шекарасын жауып, карантиндік шектеулер енгізіп жа­тыр. “Омикрон” штамына шалдығу­шы­лар қатары күн сайын көбейіп барады.

Коронавирус әдетте жұққаннан ке­йін сырқат белгілері адамда 14 күннің ішінде білінсе, “омикрон” штамы небәрі екі күннің ішінде анықталады. Ол басқа штамдарға қарағанда тез жұ­ғады. Алғашқы белгілері тұмау мен жедел респираторлық аурулар­дағыдай немесе суық тигендегідей. Бас ауырады, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Одан кейін денені әлсіздік жайлайды. “Омикрон” штамының бас­қалардан көбірек байқалған белгісі – буын, бұлшық ет, сүйектердің аур­суы. Кей адамдарда дене қызуы көте­рілмейді. Сырқат адам буындары­ның, сүйектерінің ауырғанын сезеді, құр­ғақ жөтел қысады.

Жалпы коронавирус тыныс алу жолдарын, өкпені зақымдайды. Адам­ның барлық мүшелері тұтас ағ­заны құрайтындықтан олар бір-бірімен тығыз байланысты. Өкпесі за­қым­данған адам басқа ағзаларына да шағым айтуы мүмкін. Қауіпті дерт­ке шалдыққандар маманның кеңе­сіне жүгініп, саламатты өмір салтын ұс­танса, дәрумендерге бай тағам­дар­ды тұтынса, тез айығып кетуі мүм­кін. Егер де дәрігер тағайындаған ем-домға бейжай қараса, жағдай ушыға түспек.

Ауру белгілері білініп, температу­ра көтерілген кезде ең бірінші қызуды түсіру қажет. Адам 10 күндей үй жағ­дайында оқшаулануы тиіс. Үй жағда­йында емделгенде ересек адамдар күніне 1,5-2 литр су ішуі керек. Дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Май­сыз, қуырылмаған тамақтар мен жыл­қы, қой, балық сорпасын тұтынған аб­зал. Газдалған, салқын сусындар­дан бас тартқанның да пайдасы көп. Күн­делікті үш уақыт ауыз бен мұрынды тұзбен шайып, жеке бас гигиенасын сақтаған жөн. Мүмкіндік болса, жатып демалған дұрыс. Вирусқа қарсы антибиотиктерді ішудің қажеті жоқ. Өйткені антибиотиктер адамның өмір сүруге бейім жасушаларын да зақымдайды. Сондықтан ағзаға өз бе­ті­мен күресуге мүмкіндік жасау керек. Ал ентікпе пайда болып, дем жетпесе бірден “Жедел жәрдемге” хабарласу ке­рек. Жұмыс істейтіндер антисеп­тик­ті жиі қолданып, дезинфекция жа­сауы қажет. “Омикрон” штамы тез жұ­ға­тындықтан, қолды сабынмен жуу, маска режімін сақтау да аса ма­ңызды.

“Омикроннан” қорқудың қажеті жоқ. Бірақ демікпесі, аллергиясы, жү­рек аурулары мен жоғары қан қы­сымы бар адамдарға қауіпті. Сон­дықтан қоғамдық орындар мен жиын­дарға уақытша бармау керек. Ел арасында тамағы ауырып, жөтеліп жатқандар өте көп. Барлығына “тек­серіліңдер, дәрігерге қаралыңдар” деп айтқанымызбен, бәрі бірдей орын­дамайды. Сол себепті абай бол­ған жөн. Мұндай кезде әркім өз ден­саулығына жауапкершілікпен қарауы қажет.

Вакциналанбаған адамдар, егде жастағылар және денсаулығы нашар адамдар коронавирустың “омикрон” штамын жұқтыруға бейім. Әсіресе “омикрон” екпе алмаған адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Вакцинаның толық курсын алған адамдарда “COVID-19” жеңіл түрде өтеді.

Вирустан сақтану үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтап, үйде болған дұрыс. Коронавирустың қай штамы болса да, алдын алу жолы – екпе. Адамдар вакцинаны айта бересіңдер деуі мүмкін, бүкіл медицина қызмет­керлері оны қайталаудан еш шарша­майды. Өйткені аурудың алдын алу үшін ұжымдық иммунитет қалыптас­тыру қажет. Вакцина алғандардың да ауырып жатқаны рас. Әрине, вакцина аурудан 100 пайыз қорғай алмайды. Дегенмен екпе алғандар саны арт­пай, ұжымдық иммунитет қалыптас­пай, жаңа штамдар тарала береді.

Динара БАЙМҰҚАНОВА,

Мамлют аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp