Жол ережесін елемеу, ұсақ бұзақылық, абаттандыру талаптарын сақтамау сияқты ішкі істер органдарының араласуын талап ететін барлық фактілер туралы полицияға тәулік бойы “102” мобильдік қосымшасы арқылы хабарлауға болады. “Азаматтардың хабарламаларын қабылдау үрдісінің бірізділігі” сервистік жобасы 2021 жылғы 1 ақпанда Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл қосымша облыстың интернеті бар кез келген аумағында қолжетімді.
Ақпаратты мәтін түрінде, медиафайлдарды қоса отыра жіберу қажет, сондай-ақ аудио және бейне қоңырау арқылы да жүгіне алады. “102” қосымшасының тағы бір артықшылығы – геолокация қызметі. Қылмыстың немесе құқық бұзушылықтың құрбанына айналған адам өзінің тұрған жерін білмеуі мүмкін – полиция қызметкерлері болса оны бірден анықтап, көмекке келеді.
Жедел басқару орталығында “102” қосымшасы арқылы түсетін өтініштерді қабылдайтын операторлар үшін жеті жұмыс орны жабдықталған. Аптасына орта есеппен оншақты адам хабарласады. Олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелеріне қатысты шағымданады.
“102” қызметі мобильдік қосымшаның форматымен шектелмейді. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін “Telegram”-да @QZ102bot және “Facebook”-та @qriim.mvdrk мессенджерлерінде онлайн көмекші жұмыс істейді. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің порталындағы “Сұрақ-жауап” сервисі арқылы көші-қон қызметі, әкімшілік полиция, кадр саясаты желісі бойынша сауал қоюға болады.
Алексей ДЕМЕНТЬЕВ,
облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы, полиция полковнигі.