Солтүстік Қазақстан облысында пробация қызметінің инспекторына пара берген сотталушы енді үлкен мөлшерде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының пробация қызметі бөліміне жазасын өтеу үшін К. есімді сотталушы жіберілген.
Оған ҚР ҚК 296-бабы 2-бөлігі «есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау» бойынша 80 сағаттық қоғамдық жұмыс түрінде жаза кесілген.
Алайда Петропавл тұрғыны қоғамдық жұмыс істеуден үзілді-кесілді бас тартқан.
Жұмыс күнінің соңында сағат 19.00 шамасында ол пробация қызметі бөліміне келіп, қоғамдық жұмысты орындаудан босатып, осы мәселені шешуде көмектесуі үшін инспекторға пара ұсынған.
Сотталған проблемасын бірнеше рет осылай шешуге тырысқандықтан, пробация қызметі бөлімінің инспекторы оның ұсынысына келіскендей сыңай танытып, бұл жайында департаменттің өзіндік қауіпсіздік тобына хабарлады.
Жедел іс-шара барысында сотталған кабинетте пробация қызметінің инспекторына 30 мың теңге сомасында пара беріп жатқан жерінде ұсталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, сотталған К-ға параның 20-30 еселенген мөлшерінде айыппұл салынбақ немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
https://www.inform.kz/