Петропавл тұрғыны Тагир Рамазанов экзотикалық жәндіктердің түр-түрін жинап, асыраумен айналысады. Қазір жерлесіміздің үйінде түрлі рептилиялар, өрмекшілер, сондай-ақ сарышаяндар мен кесірткелердің 40-қа жуық түрі бар. Енді сирек кездесетін тіршілік иелерін көргісі келетіндерге шетел асудың қажеті жоқ. Тагир өңірде алғашқылардың бірі болып экзотариум ашты.
Петропавл тұрғыны Тагир Рамазанов биолог емес, бірақ жануарларға жаны жақын. Сүйікті ісімен айналысу үшін 13 жыл еңбек еткен кәсіпорыннан кетті. Ол жылу-электр орталығында темір ұстасы болып еңбек еткен екен. Енді бала күнгі арманы орындалып, сүйікті ісімен айналысып жатыр. Экзотариумында Оңтүстік Америка, Бразилия, Вэнесуелла, Мексикада ғана кездесетін экзотикалық жәндіктердің түр-түрі бар.
– Құрт-құмырсқаға бала кезден әуеспін. 2018 жылы алғашқы пиранья балықтарын сатып алдым. Бұл – жыртқыш балықтар. Экзотариум ашу туралы ой содан басталды десе де болады. Пираньяларды тамақтандырған сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге сала бастадым. Бұл жұрттың қызығушылығын тудырды. Көрермендер саны артты. Бірде үлкен Мадагаскар тарақанын сатып алдым. Оны пираньяларға азық ретінде беріп, ролик түсірмек болдым. Алайда үйге келгесін балам тарақанды көріп: “Әке, бұл шуылдайтын Мадагаскар тарақаны ғой”, – деп қуанғаннан айғайлап жіберді. Мен оның атауын да білмеген едім, – дейді Тагир Рамазанов.
Осыдан кейін оны үйде қалдыруды ұйғарған. Біраз уақыттан соң сирек кездесетін өрмекшілер пайда болған. Осылайша экзотикалық жәндіктер көбейе түсіпті. Омбыдан жүгері жыланын тапсырыспен сатып алған. Әкелгенде үлкендігі бәтеңке бауындай ғана болса, екі жарым жылдың ішінде өсіп, ұзындығы бір метрден асыпты. Одан кейін кап кесірткесі пайда болды. Африкалық бауырымен жорғалаушыны Алматыдағы зоодүкеннен сатып алыпты. Қазір өрмекшілердің көптеген түрі, жыландар, сарышаяндар, геккон бар. Барлық жәндіктерінің саны қырықтан асады.
– Өзіме ұнағандарын сатып аламын. Соның ішінде суыққандылар тобына жататындарды жақсы көремін. Өйткені оларға ерекше күтім қажет емес, яғни ит пен мысық сияқты далаға бір мезгіл шығарудың қажеті жоқ. Олар таза, жағымсыз иісі болмайды, сондай-ақ аллергия туғызбайды. Кейбірінің түріне қарап қорқасың, ерекше эмоция сыйлайды. Достарым келгенде үлкен өрмекшіні көрсеттім, сол кездегі олардың көздеріндегі үрейді көрсеңіз ғой, – дейді экзотаруим иесі.
Гоша атты кілем жыланын Петропавл тұрғынынан сатып алыпты. Сатып алғанда кішкентай ғана болған, қазір ұзындығы 1,5 метр шамасында. Аптасына бір рет егеуқұйрықпен тамақтандырады. “Жыланның террариуымында өрмелеп ұйықтауы үшін міндетті түрде ағаштың кепкен бұтағы болуы тиіс. Термо кілемше керек. Сондай-ақ су ішіп, шомылуы үшін ыдыспен су қою қажет. Біз оны террариумнан шығара қоймаймыз, өйткені қолмен ұстағанды жек көреді. Шақпағанымен, ысылдап мінез көрсетеді. Жалпы жыландар айына бір рет терісін ауыстырады. Түлейтін кезде жылан аз қозғалып, жата береді. Терісі қараяды, көзі ағарып, көрмей алады. Кейін 20-30 минуттың ішінде ескі терісін тастайды. Бес жылан асырап отырмын”, – дейді Петропавл тұрғыны.
Тагир Рамазановтың коллекциясындағы ең қымбаты – Сальвадор кесірткесі мен Жолбарыс жыланы. Олардың әрқайсысын 250 мың теңгеге сатып алған. Сальвадор кесірткесі әлемдегі ең үлкендердің қатарында. Ұзындығы 3 метрге дейін жететін Комодо кесірткесінен кейін екінші орында тұр. Негізінен Жаңа Гвинеяда мекендейді, кейде оны қолтырауын кесіртке деп те атайды. Ұзындығы 2,5 метрге дейін жетеді. “Мендегі кесірткенің ұзындығы бір метр ғана, ол әлі өседі. “Райли” деп ат қойдым. Жалпы мінезі жұмсақ, қолға үйренген. Тамағын уақытында беріп отыру қажет, балықтарды, құс етін жейді, кеміргіштерді беремін”, – дейді Тагир.
Тагир Рамазанов террариумдар пәтерге сыймағандықтан, бөлек ғимаратты жалға алып отыр. Хоббиі аз да болсын табыс әкеле бастаған. Экзотикалық жәндіктердің көрмесін де ұйымдастырады.
– Мен келушілерге кей жәндіктерді қолға ұстауға рұқсат беремін. Суретке түсіп жатады. Біздің облыста мұндай сирек кездесетін жәндіктердің осындай үлкен топтамасы ешкімде жоқ. Негізгі мақсатым – келушілерге табиғаттың алуандығын көрсету, оның аз да болсын құпиясын ашу. Жылан, өрмекші, кесірткелер туралы көптеген тың мәлімет алады. Мысалы, өрмекшілер де жылан сияқты терісін ауыстыратындығын, ал пиранья балықтарының, әдетте, киноларда көрсететіндей суға шомылған адамдарды шабуылдамайтынын жұрт біле бермейді, – дейді ол.
Жәндіктерге қажетті жемазықты Тагир өзі дайындауға тырысады. Сол үшін тарақандардың он шақты түрін өсіреді екен. Бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан қосымша сатып алуға тура келеді. Негізінен Теміртау және Алматы қалаларынан тапсырыспен алғызады.
Тагир Рамазановтың жоспары көп, жәндіктер санын әлі де көбейткісі келеді. Нақтырақ, Кайман қолтырауынын алғысы келеді. Сондай-ақ кесіртке, тарақандар мен өрмекшілердің, сарышаяндардың да жаңа түрлеріне қызығып жүр. Жерлесіміздің тағы бір арманы – ветеринар мамандығын игеру. Өйткені жәндіктері ауырып қалса, оларды апарып көрсететін емхана немесе маман жоқ. Мұндайда өз бетімен интернеттен қарауға немесе мамандардың кеңесін онлайн алуға тура келеді. Сондықтан осы салаға маманданған ветеринар болғысы келеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.