Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында еліміз алғаш рет күрделі де қатерлі кезеңге тап болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде атап өткендей, осындай сынақты қазақстандықтар қайыспай көтере білуі тиіс. Халық қайғылы оқиғалар кезінде патриоттық танытып, экстремистермен күресте бірлігін көрсетті. Қазір қиын кезеңдер артта қалғанымен, қоғамда қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешу қаншалықты маңызды екенін, ал алдын ала жоспарланған террористік әрекеттер біз үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың соншалықты нәзік екенін айғақтап берді.
Мемлекет басшысы жақында “Хабар” телеарнасына берген сұхбатында мемлекеттің мүддесі, азаматтардың қауіпсіздігі бәрінен қымбат екенін қадап айтты. Бүкіл қоғамды және барлық саяси жүйені, соның ішінде экономиканы трансформациялаудың оң нәтижесіне қол жеткізу, сондай-ақ адамдардың әл-ауқаты мен әлеуметтік көңіл күйін бағамдау бүгінгі күннің басты міндеттері екенін жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жергілікті құрылымдары бір шаңырақ астындағы түрлі этностардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, тілін сақтау, дамыту арқылы этносаралық келісім мен түсіністікті нығайтуға бағытталған бірегей институт ретінде Президенттің қиындықтарды бірге еңсеру жолындағы бастамалары мен нақты белгілеп берген шараларын бірауыздан қолдайды. Қазақстан халқын ортақ идея жолында біріктіру арқылы жалпыұлттық бірлікті нығайтуды қашанда басты парыз санайды. Біздің күнделікті іс-қимылымызда республика жұртшылығын бір мақсатқа ұйыстыра отырып, Тәуелсіздік табыстарын баянды ету, этносаралық қатынастардағы тәжірибелерді насихаттау, мемлекеттік және азаматтық институттармен тығыз байланысты арттыру, қазақстандық бірегейлік, патриотизм, толеранттылық үлігісінде ұлттық саясатты жүзеге асыру негізгі міндеттеріміздің қатарында.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы этномәдени бірлестіктердің белсене қатысуымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Бүгінде өңір аумағында 21 аккредиттелген этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Достық үйінде орналасқан оларға мәдени-бұқаралық, ақпараттық қолдау іс-шараларын өткізуге барлық жағдай жасалған. Ұйымдардың басшылары мен белсенділері үлкен зал, конференцзал, коворкинг орталықтың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана алады. Достық үйінің фойесінде бірнеше рет көрмелер ұйымдастырылып, бағдарламаларымыз бен жобаларымыз паш етілді. Тек былтырдың өзінде ғана екі жүзге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 6 мыңдай адам тамашалады. Н.Абраев, Р.Евдаев, В.Корнева, Ч.Курбанов, С.Малхасян, Г.Мұсабаева, Н.Рудикова, тағы басқалары түрлі акция-байқаулардың бел ортасында жүреді. Аға буынның эстафетасын В.Витченко, М.Татаренко, Д.Пытьев, А.Хан сияқты жас жетекшілер сәтті жалғастырып келеді.
Ассамблея құрамында этномәдени бірлестіктерден бөлек, азаматтық қоғам өкілдерінің басын біріктіретін қуатты ұйымдар жұмыс істейді. Олардың қатарында аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық топ, қоғамдық келісім кеңесі, журналистер клубы, кәсіпкерлер қауымдастығы, “Мәміле” пікірталас клубы, ақсақалдар кеңесі, “Жаңғыру жолы” жастар қозғалысы, медиация орталығы, “Айбын” әскери-патриоттық клубы бар. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Л.Гривеннаяның көпжылдық жемісті ғылыми-зерттеу жұмысы жоғары бағаланып, “Бірлік” медалімен марапатталды. Б.Петровтың жетекшілік етуімен ғылыми-сараптамалық топ республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысу құрметіне ие болды. “Қазақстан қоғамының даму құндылықтары” кітабын жарыққа шығарды. Бұл – ғылыми-сараптама тобының төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы А.Мырзалинованың ұйымдастырушылық еңбегінің жемісі деп білеміз.
Озық жобалардың этносаралық және мәдениетаралық диалогты қалыптастырудағы практикалық маңызы зор. №17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешенінің жанынан құрылған тіл бөлімі жайлы да осындай жылы пікір білдіре аламыз. “Алтын жас” белсенді ұзақ өмір сүру орталығы (жетекшісі Т.Вербицкая) егде адамдардың әртүрлі бағыттағы шығармашылық ортасы деуге болады. Петропавл қаласына келген меймандарды интуитивті сурет (жетекшісі О.Губанова), қолөнер (Т.Шилова) және графика (А.Листопадний) үйірмелері де қатты қызықтырады. Ал “Косметология негіздері” жобасына қатысушылар (А.Евдокимова) бас шаhардың көрікті жерлерімен этюдтік фотолар арқылы таныса алады.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау жөніндегі жұмыста сабақтастық қағидатын іске асыруда Е.Измерчук, Д.Пытьев, А.Бегалинова, Ю.Штрак, А.Сыздықова, А.Дятлова, тағы басқаларына үлкен сенім артамыз. Қоғамдық келісім кеңесі мен еріктілер қозғалысы орталығы әлеуметтік мәселелерді шешуде жастардың бастамаларын дамыту мақсатымен “Герои среди нас” әлеуметтік жобалар конкурсын өткізді. Оларға “Жаңғыру жолы” республикалық жастар қозғалысының облыстық штабының белсенділері де қолдау көрсетті. Қалалықтар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі, Назарбаев зияткерлік мектебі секілді білім ошақтарында болып, пікір алмасты. Белсенділер қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерді шешуге, сондай-ақ “Өзін-өзі тану” пәнінің әдістері арқылы мәдени-білім беру ісін жетілдіруге бағытталған қызықты жобаларды ұсынды. Жас буын өкілдері үшін белгілі бір жастар қозғалысына қатысу сәтті әлеуметтік лифт болып саналады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы мүдделі тараптарды жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер құрамына тарта отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік негізінде бастамаларға және қоғамдық белсенділікке жүйелі түрде қолдау көрсетеді.
Былтыр аудандарда жұмыс істейтін 190-ға жуық этномәдени орталықтармен қарым-қатынасты нығайту бойынша нақты шаралар қабылданды. Аққайың, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Тимирязев, Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың ұйымдары белсенділік көрсетті. “Салт-дәстүр” конкурсының негізгі міндеттері өңірдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту, этностардың түрлі мәдени аспектілерін кеңінен жария ету, халықтық құндылықтарға құрметпен қарау, жас ұрпақ бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру талаптарымен сабақтастырыла өрілді. Бас жүлдені Аққайың ауданындағы Астрахан ауылдық округінің “Шаңырақ” этномәдени орталығы жеңіп алды. Этностардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға және дамытуға бағытталған “Этностардың алтын қазынасы-2021” онлайн-байқауы да жұртшылық көңілінен шықты. Бірінші орын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның №1 Новоишим орта мектебі жанында отау тіккен “Мирас” этномәдени бірлестігіне берілді.
Молдова ғылым академиясының экология және география институтының ғылыми қызметкері Дорин Лозован өңірімізге арнайы шақыртумен келіп, Есіл ауданы Николаевка ауылындағы “Бірлік” қазақ-молдован этномәдени орталығының құрметті қонағы болды. Шетелдік мейман Қызылжар ауданы Чапаев ауылдық клубында орналасқан “Шаңырақ” (жетекшісі П.Боранбаева) және “Селянка” (жетекшісі З.Хромина) этномәдени орталықтарына да ат басын тіреді.
Биылғы жоспарымыз өте ауқымды. Аудандық және ауылдық этномәдени орталықтармен өзара іс-қимылды, белсенді ынтымақтастықты күшейтетін боламыз. Олардың проблемалық мәселелері Ассамблея тарапынан еш ескерусіз қалмайды. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының алқа мәжілісінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің жұмысына оң баға берілді. Алдағы уақытта аудандық әкімдіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, түрлі этностардың мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендетуге, сақтау мен дамытуға, этносаралық мәселелерді тиімді шешуге, осылайша Ассамблеяның институттық құрылым ретінде беделін нығайтуға жұмыс істейтін боламыз.
Жангүл ЖОЛМҰҚАНОВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының хатшылық меңгерушісі – облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.