С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада журналист-жазушы Жақсыбай Самраттың “Ізденіс жылдары” атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл жинаққа қаламгердің “Egemen Qazaqstan” газетінде жарық көрген мақалалары топтастырылған. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Ғани Сақтағанұлы авторға шығармашылық табыс тілеп, кітаптың оқырмандар үшін маңыздылығына тоқталды. Облыста руханият саласына ерекше көңіл бөлініп, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті.
– Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жергілікті қаламгерлерді әрдайым қолдап, олардың кітаптарының жарық көруіне қол ұшын беріп келеді. Зиялы қауыммен тығыз байланыс ешқашан үзілмейді. Бүгінгі іс-шара осының дәлелі деп білемін, – деді әкімнің орынбасары.
Кітап үш бөлімнен тұрады. “Ел қадірін көрген білер” деп аталатын бірінші тарау журналист сапарлаған елдердегі экономикалық ахуал, ұлттық болмыс пен салт-дәстүр және тарихтан сыр шертеді. Еуропа елдеріне, көршілес Қырғызстан, Армения, Өзбекстан мен Түркіменстан, Моңғолия мен Малайзия, Ресей мен Сирияға жасаған іссапарларында жазғандары топтастырылған.
Кітаптың “Қызықты деректер” деп аталатын екінші бөлімі тарихымыздың кейбір ақтаңдақ беттерін ашып, көпшілік біле бермейтін сырларға қанық қылады. Соның ішінде отарлау және ұлтты жаншып-басуға бағытталған озбыр саясаттың қалай жүргізілгені, оны кімдер басқарғаны және салдары бүкпесіз айтылады. Ал жинақтың үшінші тарауы “Тұрпатты тұлғалар” деп аталады, өз ісімін көзге түскен адамдар туралы танымдық материалдар топтастырылған.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқандар жазушы-журналист Жақсыбай Самраттың еңбегін жоғары бағалады. Баяндау шеберлігін, қоғамдағы мәселелерді дөп басып көтере білгеніне тоқталды. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева автордың ономастика мәселесін зерттегенін атап өтті.
“Ізденіс жылдары” – Жақсыбай Самраттың жарыққа шыққан он үшінші кітабы. Осыған дейін көркем шығармалары, жеке тұлғалар мен елді мекендер туралы жазғандары жарық көрсе, енді публицистикадағы еңбегін де бөлек жинақ қылып оқырманға ұсынып отыр.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.