«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ МЫҢ БАЛА ТЕГІН ЖАТТЫҒАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің қатысуымен дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа мәжілісі өтті. Жиында басқарманың өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, алдағы “Солтүстік” қысқы спорт мерекесі мен “Ақ бидай” ойындарына дайындық мәселелері айтылды. Сондай-ақ балалар спортын дамыту, спорт секцияларын қолжетімді ету жайы сөз болды. Алқа мәжілісіне аудан әкімдерінің орынбасарлары, депутаттар, спорт ардагерлері, облыстың спорт ұйымдары мен мекемелерінің басшылары қатысты.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов баяндамасында өңірде саламатты өмір салтын ұстанушылар саны өскендігін баса айтты. Бүгінде шамамен 186 мың адам немесе облыс тұрғындарының 34,5 пайызы бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Облыста 27 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, облыстық спорт мектеп-интернат-колледжі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, 9 спорт клубы, 11 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы, 21 мыңнан астам спортшы айналысатын 25 аула клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар басқарма қарамағында 15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар.

2021 жылы аудандық және қалалық спорт мектептерінде қосымша 40-тан астам топ ашылды.

Бүгінгі таңда облыста 2933 спорт ғимараты жұмыс істейді. Өткен жылы олардың саны 42-ге артты. Шал ақын мен Тайынша ауданында және Петропавл қаласында жаңадан 3 спорт кешені салынды. Сонымен қатар төрт жабық хоккей корты (Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда) ашылды, жасанды жабыны бар 21 шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, төрт стрит вор-каут, алты баскетбол-волейбол және үш скейтборд алаңдары ашылды. “Ауыл – ел бесігі” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламалары аясында алты спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Аққайың, Айыртау, Есіл, Жамбыл, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Биыл облыс орталығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 3 мың орындық спорт сарайының құрылысын бастау жоспарлануда. Онда көпфункционалды спорт аренасы, нысана көздеу аймағы және әртүрлі спорт түрлері бойынша 17 зал орналасады. Жобалық-сметалық құжаттама әзір. Кешен Пушкин – Крепостная – Мағжан Жұмабаев – Чкалов көшелерінің аралығындағы учаскеге салынады.

Сергей Мелеховтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында спорт саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді, бүгінгі күні бөлінген қаржы 7,6 млрд. теңгеден астам соманы құрап отыр. Биылғы жылы облыстың 13 балалар мен жасөспірімдер спорт мекемелерінде спорттың 11 түрі (баскетбол, ауыр атлетика, таэквандо, қазақ күресі, гимнастика, тоғызқұмалақ, бестас, конькимен жүгіру, шорт-трек, кикбоксинг, шайбалы хоккей) бойынша 21 секция ашу жоспарланып отыр. Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін мектеп-интернат-колледж базасында шайбалы хоккей бөлімшесі ашылды, ол бүгінгі күні “Құлагер” хоккей командасы үшін жас ойыншыларды даярлауда.

– Өткен жылдың мамыр айынан бастап балалар спорт секцияларына тегін баратын болды. Бүгінгі күні облыс бойынша 3 мыңға жуық бала мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін негізде жаттығып жүр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Сонымен қатар “Балалар жылын” мерекелеуге байланысты аудандар мен Петропавл қаласының әкімдіктеріне дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, акциялар, челлендждер, форумдар өткізуді тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Ұлттық спорт түрлеріне келетін болсақ, бұл бағытты дамыту үшін өткен жылы ұлттық ат спортынан облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды, онда спорттың бес түрімен (аударыспақ, көкпар, теңге алу, жамбы ату, бәйге) 185 бала шұғылданады. 10 жаттықтырушы-оқытушы дәріс береді. Облыстың Ақжар, Уәлиханов, Қызылжар, Аққайың, Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарында бес филиал жұмыс істейді.

2021 жылы өңірде 200 мыңға жуық адамды қамтыған 410-нан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған “Надежда” облыстық спартакиадасы, “Ақ бидай” жазғы спорт мерекесі, “Север” қысқы спорт ойындары өткізілді, оған 4 мыңнан астам адам қатысты.

– Былтыр біздің облыстың спортшылары 300 республикалық және халықаралық жарысқа қатысып, әртүрлі дәрежедегі 1500-ге жуық медаль жеңіп алды. 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 43 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 173 спорт шеберлігіне үміткер және 138 бірінші разрядты спортшы дайындалған, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.

Жиында Олимпиада ойындарына қатысатын солтүстікқазақстандықтар жайлы да айтылды. Өткен жылы ел құрамасы Токио қаласында өткен 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Құрама сапында 4 солтүстікқазақстандық спортшы – Михаил Литвин, Ирина Эктова, Алексей Луценко және Артем Захаров болды. Ал ақпанда жалауы желбірейтін Бейжіңдегі 24-ші қысқы Олимпиада ойындарына конькиші Иван Аржаников аттанды. Ал 4-13 наурыз аралығында дәл осы елде өтетін қысқы Паралимпиада ойындарында құрама сапында алғаш рет солтүстікқазақстандық Ербол Хамитов өнер көрсететінін атап кету керек. Сондай-ақ өткен Паралимпиадада 4-орын алған жерлесіміз Александр Герлиц пен Сергей Усольцев те ел намысын қорғайды.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретте: Петропавлда салынатын спорт кешенінің жобасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp