Петропавл тұрғыны Фархана Сафарғалеева ғұмырының 40 жылын құрылыс саласына арнаса, соның 20 жылында аспалы кранда жұмыс істеп келеді. Былтыр еңбегі еленіп, мемлекеттік наградамен марапатталды. 59 жастағы маман темір-бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорында жұмыс істейді. Бұл мамандыққа 20 жасында, бойжеткен шағында келген ол кейін жұмысын ауыстырғанымен, сүйікті кәсібін тастап кете алмаған.
– 80-ші жылдары мектепті бітіріп, Петропавлдағы 24-ші училищеге оқуға түстім. Оқу орнын бітірісімен бізді жолдама бойынша темір-бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорынға жіберді. Ол жерде төрт жылға жуық жұмыс істедім. Алғаш рет аспалы кранға отырып, ауыр техниканың тілін меңгердім. Одан үй құрылысы комбинатына ауыстым. Сол жерден декреттік демалысқа кеттім. Қызым өскесін жұмысқа шығып, басқа құрылыс компанияларында еңбек еттім. Бұл кәсіп ер адамдардың қолы болғанымен өзіме ұнайды. Сондықтан краншы болып қайтып оралдым, – дейді Фархана Сафарғалеева.
Фархана Әнуарбекқызының айтуынша, бұл жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бір қызығы бүгінде кран машинистерінің көпшілігі – әйелдер екен. Оның себебі – қыз-келіншектер өз ісіне жауапты, шыдамды және еңбекқор келетіндігінде. “Жұмыстың оңайы жоқ, сондықтан атқарған ісіңді жақсы көруің керек және өте жақсы істеуге тырысу қажет. Бұл жұмыста ең бастысы – ұқыптылық. Өйткені краншыға үлкен жауапкершілік артылады. Жүкті бір жерден екінші жерге дейін жеткізу аздық етеді. Оның салмағы ондаған келіден бірнеше тоннаға дейін жетуі мүмкін. Төменде қаншама адам жұмыс істеп жүр. Ауыр плиталарды көтерген кезде абайламасаң, талаптарды қатаң сақтамасаң біреуді майып етуің мүмкін. Төменде жүкті іліп тұрған маманды тыңдау керек. Түрлі панельдерді, жабындарды көтеремін, құрылыс басына әкету үшін артып беремін. Крансыз жұмыс тоқтап қалады”, – дейді аспалы кран машинисі.
Кәсіпорында жұмыс таңғы сағат 8.00-де басталып, кешкі 17.00-де аяқталады. Фархана Сафарғалеева 8 метрлік аспалы кранға отырып, ауыр темір-бетон бұйымдарды тасымалдайды. Маманның айтуынша, краншыға таңертеңнен кешке дейін мұқият болу қажет. Өйткені жүк көтергіштің дыбысы арқылы кранға түсетін салмақты анықтап, оның қалай әрекет ететінін бақылайды. Кран басқаруды үйренуге келген шәкірттеріне де тәжірибелі маман жауапкершілікті бірінші орынға қоюды үйретеді.
– Краншы негізінен ер адамдардың кәсібі болып есептеледі. Алайда ұжымда үш әйел болса, олардың үшеуі де кран тізгіндеген. Тек біздің кәсіпорында ғана Фархана Әнуарбекқызы 20 жылдан артық краншы болып істеп келеді. Ол – білікті маман, кәсіпорынға келген жастарды тәрбиелеп, білгенімен бөліседі. Жалпы ұжымда 300-ден астам адам бар. Тұрғын үй құрылысына қажет темір-бетон өнімдерін шығарумен айналысамыз, – дейді кәсіпорынның бас инженері Андрей Некрасов.
Саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған Фархана Сафарғалееванің еңбегі еленіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ІІІ дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденімен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.