«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмірімнің нұры еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз “Тәрбие – талбесіктен”, “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген қанатты сөздерді әлімсақтан өмірінің, күллі тіршілігінің өзегі ете білген ғой. Сәбиінің есті, еліне адал, ұлтжанды перзент болуын әу бастан ойлаған. Жеті ұрпағына “обал, ұят, жаман боладының” сырын ұқтырып, тентегін бір ауыз сөзбен тыйып, тектісін төрге оздырған халық та – біздің қазақ.

“Соғыс балалары” деген буынның өкілі бол­ғандықтан біз таршылықты да, қиындықты да, жоқшылықты да көр­дік. Соған қа­рамастан біз рухани тәр­биенің бұлағынан нәр алдық. Үйдің үл­кендері, әулеттің бет­кеұстарлары, ауыл­дың ақсақалдары бол­сын бала тәр­биесінде халқымыздың асыл құн­ды­лықтарын негізге алды: үлкенді сый­лауға, кішіге қамқор болуға, ата-анаға мейі­рімділік танытуға үйретті. Қазір, за­ман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, осы­нау қасиеттердің барлығы жоға­лып, қо­ғам­нан жылыстап бара жатқан­дай. Әсіре­се, еліміздің келешегі деп жүрген жастар­дың бойынан ұлтымыз­дың менталитетіне сай келмейтін мі­нез­дерді ұштастырғанда жаның құла­зи­ды, жүрегің ауырады. Олар­дың тәр­биесіне ата-ана, аға буын өкіл­дері, жал­пы қоғам тікелей араласуы керек қой. Өмірлерін игі істермен, шуақты оқи­­ғалармен нұрландырған жандар ту­ралы телеарналарда жиі айтылып, газет бет­терінде жиі жазылуы керек деп ойлаймын.

“Менің жүрек түкпірімде жақсы міне­зі­мен Күннің сәулесіндей жарқырай­тын кім бар?” деген сауалды өзіме қойғанда көз алдыма, ең алдымен, 62 жыл бір жастық­қа бас қойған, ерлі-за­йыптылық ғұмырдың қызығы мен қайғысын бірге өткерген Құдай қосқан қосағым, осыдан бес жыл бұ­рын кел­местің кемесіне мінген асыл жа­рым Марғима Сатыбалдықызы келеді. “Әр­бір азаматтың артында ақылды әйел” тұрады деген қағиданың бекер айтыл­ма­ғанына көзім жылдар жылжыған сайын жете түскендей.

Біз 1955 жылы шаңырақ құрдық. Бір ап­тадан кейін қызмет бабымен Мағ­жан Жұмабаев ауданындағы Возвы­шен кең­шарына қоныс аудардық. Қо­лымда ата-анам бар. Зайыбым алғаш­қы күннен бас­тап менің әкем мен ше­шемді бөтенсінбеді. Керісінше, өзінің әке­сі мен анасындай қа­рады. Ол кісі­лерді қалай күткенін, қас қа­ба­ғына қарағанын тәтпіштеп айтып бер­сем көп адамдар сенбеуі де мүмкін. Өйткені оның тәрбиесі сондай еді: жасы үлкенді, қарт кісілерді құрметтеу, кө­ңілін табу қанында бар қасиет бола­тын. Оның осындай қамқорлығын көр­ген мен іштей тағдырыма риза болатынмын.

Жан жарымның тағы бір жақсы қа­сиеті – қонақжайлығы. Жақсы жерде қызмет іс­теймін. Оның үстіне қараша­ңырақта тұра­мыз. Келімді-кетімді кісі көп. Қатарласта­рымыз, әріптестерім үйге жиі бас сұғады. Сол кезде Марғи­маның қазаны асулы, шайы қайнаулы тұратын. Келген қонақты құрақ ұшып қар­сы алып, төрге оздырады. Алдарына жылы жұмсағын тосады. Қазір­гідей жағдай жақсы емес. Аяғымызға ре­зеңке етік киеміз. Ол тобыққа дейін саз, батпақ болады. Марғима меймандардың ас-ауқатын қамдап, жатын орын­дарын дайындап, бүлінген аяқ киімдерін жуып, тазалайды. Өзі жас­тыққа түннің орта­сында бас қоятын.

Біз сегіз перзентті болдық. Бала тәр­биесіне де араласқан кезім аз. Ол кезде қазақтың ер азаматтары үйдің тір­лігінен гөрі түздің жұмысымен күн өткі­зетін. Таң ала­кеуімнен кеш қарайғанша қызметтің қамымен жүретінбіз. Та­ңертең жұмысқа кеткенде балаларымыз ұйықтап жатады, түстенуге келсек, олар мектепте болады, кешкі уақытта тағы да тәтті ұйқының құшағын­да жатқанын көреміз. Марғима бала тәрбиесімен өзі айналысты. Олар­ды жас­тайынан еңбекке, әдепті­лікке баулыды. Құдайға шүкір, бүгінде сол балалары­мыздың әрқайсысы жеке отаудың иесі атанып отыр. Болашақтарынан үміт күтіп отырған сәбилері бар.

“Абысын тату болса, ас көп” деген тамаша тәмсіл бар ғой. Менің жарым ата-енесімен ғана емес, көршілерімізбен де, абысындарымен де тату болды. Жиын-той­ларында жана­шыр­лықпен қызмет етіп жүретін. Бауыр­ларым туралы теріс әңгіме, бөтен сөз естіген емеспін. Әрине, өмір бол­ған соң түрлі жағдай орын алады ғой. Оны ренжіткен де адамдар болмады емес, болды. Бірақ оны маған айтып, кө­ңілімді түсірген кезі жоқ. Осының бәрін менің абыройым, намысым үшін іс­тейтінін жүрегім сезетін.

Әкем жетпіс екі жасында дүние сал­ды. Шешем болса Алланың берген 101 жылдық ғұмырын жасады. Қартайған анамның қасынан Марғима ғана табылды. Сол үшін Құдай қосқан қосағыма ризашылығым шексіз.

Мен үшін өмірімнің нұры болған жа­рымның дүниеден озғанына биылғы ақпан айында бес жыл болады. Ол сексеннің сеңгіріне шыққанда, балаларымызды үйлендіріп, қыздарымыз­ды ұзатқанда, немере қызығын көріп, мынау дүниені тәрк етті. “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер” де­ген ма­қал дөп айтылған-ау. Денсаулығы­ның хошы болмай, қатты науқастанып жатқанда Марғиманың жағдайын келінде­ріміз жасап бақты. Бір келініміз кешкі уақытта тамағын әзірлеп, киімдерін жуып, өзінің де бойын мұнтаздай етіп, түнімен кір­пік ілмей таңғы уақытта жұ­мысқа кететін. Бұл кезде екінші келін келеді. Келесі күні үйімізден үшінші келін табылады. Осы­лайша ғұмыр бойы маған адал жар, сенімді серік бола білген ол жанының тазалығындай сыртқы бейнесін де бүлдір­меген күйі көз жұмды.

Бүгінде мен де біраз жасқа келдім. Алла ғұмыр берсе, айналасы бірнеше жылдың ішінде ғасырдың төріне шық­пақпын. Қанша жасқа келсем де Мар­ғимамның мейірімді жүзі, игі қасиеттері көңіл төрімнен өшпек емес.

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,

еңбек ардагері. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp