«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРСЕТКІШТЕР КӨҢІЛДЕГІДЕЙ Алайда жұмысы ала-құла аудандар да бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының алқа мәжілісі өтті. Жиында облыс аумағында орналасқан кәсіпорындардың, шағын және орта бизнес субъектілерінің өткен жылғы көрсеткіштері, туризм, сауда салаларын дамыту, инвестиция тарту бағыттарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар әңгіме арқауына айналды.

Алқа мәжілісінің күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек, Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы директоры Ержан Өмірсерік, “Маслодел” ЖШС-ы директоры Қанат Нұрпейісов және басқалар баяндамалар жасады. Жиналғандар алдында облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйлеп, есепті кезең ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталып, кемшіліктерді сын тезіне алды.

– Әлемді жайлаған коронавирус індетінің салдарына қарамастан біз кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізілген тындырымды жұмыстардың нәтижесінде облыс экономикасы дамуының оң үрдісін сақтап қалдық. Мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлікті қолдаудың ауқымды шаралары қолға алынған. Бұл өз нәтижесін беруде. Инвестиция көлемі 2016 жылғы 167 млрд. теңгеден 2021 жылы 332 млрд. теңгеге дейін, яғни бес есеге жуық өсті. Өңірімізде осы жылдар ішінде 3 мың жаңа кәсіпкер пайда болып, шағын және орта бизнеспен айналысатындардың қатары 105 мың адамға жетті. Бұл – үлкен күш, олар ортақ іске өз үлестерін қосуда. Осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңіріміздің өнеркәсіп саласында да есепті жыл ішінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Экономикалық қиын кезеңге қарамастан кәсіпорындар тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз етілді. Мәселен, 2020 жылы 44,4 млрд. теңгенің тапсырысын алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 57,9 млрд. теңгеге жетті немес 30 пайызға өсті. Былтыр зауыттар 856 вагон-платформа, 140 вагон-термос пен рефрижатор, 10 мың текше метрден астам фанера, 220 мың биг-бэг қап, мұнай-газ саласы үшін 6,5 мыңнан астам қондырғы және т.б. өнім түрлерін шығарды.

Өзекті мәселелердің бірі – кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне келіп тіреледі. Облысымызда бұл бағытта үлгі аларлық мысалдар аз емес. “Радуга” ЖШС-ы дуалды форматта 41 адам білім алып жатқан Бескөл мектеп-колледжін сенімді басқаруға алды. Колледжде оқитын жастар алған теориялық білімдерін кәсіпорында тәжірибе жүзінде шыңдайды. Студенттер болашақта жұмыс істейтін заманауи қондырғыларда тағылымдамадан өтіп, өндірістік жоспарды орындауға қатысады және жалақы алады. Ал Петропавл электро-техникалық зауыты жас мамандарды даярлау үшін машинажасау және көлік колледжін сенімді басқаруға алмақ. Инвестор өз қызметкерлерін тиімді шартпен тұрғын үймен қамтамасыз етуді де жоспарлап отыр. Компания басшылығы бос тұрған ғимаратты сатып алып, күрделі жөндеуден өткізді. Онда зауыттың 40 қызметкері тұратын болады. Сонымен қатар зауыт жұмысшылары үшін жаңа 104 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Соңғы жылдары Қызылжар өңірі еліміз бойынша инвестиция тартудан оң үрдіске қол жеткізіп, алдыңғы орындардан көрініп жүр. Бес жыл ішінде облысымызға 1,3 трлн. теңге құйылды. Инвестицияның жалпы көлемінде жеке инвесторлардың үлесі артып келеді. Мәселен, 2020 жылы 219 млрд. теңге жеке инвестиция (жалпы көлемнің 76 пайызы) тартылса, 2021 жыл бұл көрсеткіш 276 млрд. теңгеге (83 пайыз) жеткен. Яғни бюджеттің 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестиция тартылған.

Жалпы көрсеткіштер көңіл көншіт-кенімен, іс-шаралар барлық аудандарда бірдей жүргізілмегенін көреміз. Тайынша ауданында бұл жұмыс жақсы жолға қойылған және өңдеу кластері іске қосылған. Ал Қызылжар ауданында бәрі керісінше болып отыр. Аудан басшылығы бір жылдан бері “Джон дир” мен “Ростсельмаш” компаниялары үшін жер телімін бөлу мәселесін шеше алмай жүр. “Ростсельмаш” компаниясы қазірдің өзінде құрылысты бастап кетуге әзір, бірақ оған қажетті жер әлі бөлінбеген.

– Егер осылай жұмыс істейтін болсақ, инвесторлар басқа өңірге кетіп қалмасына кім кепілдік бере алады? Бұл ауданның даму әлеуеті зор, алайда инвесторлар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмегендіктен инвестиция көлемі азайып (75,6 пайыз) кеткен. Біз жалпы сомасы 1,8 трлн. теңге болатын 75 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырдық. Енді осы жобаларды жүзеге асыруға жұмыла кірісетін уақыт келді. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылады, жергілікті бюджетке салық түседі және өңіріміздің экономикалық дамуына жаңа серпін беріледі, – деді Құмар Ақсақалов.

Шағын және орта бизнес саласында дамудың оң үрдісі байқалуда. Соңғы бес жыл ішінде кәсіпкерлік субъектілері өнім өндіру көлемін екі есе арттырды. Алайда мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға (жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы, тексеру жүргізуге мораторий) қарамастан кейбір аудандарда жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Мәселен, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына былтыр Есіл, Жамбыл, Тимирязев, Шал ақын және Уәлиханов аудандарында ешкім қатыспаған. “Біз бүгін өңірімізде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті, туризм саласын дамытудың негізгі мәселелерін талқыладық. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға бағытталғанын атап көрсеткім келеді. Мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы облыс экономикасының одан әрі дамуына және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға серпін беруі тиіс”, – деді өз сөзін қорытындылаған Құмар Іргебайұлы.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp