Облыстық бейнелеу өнері музейінде “Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат” кешені студенттерінің “Шабыттың қайнар көзі” көрмесінің ашылуы өтті.
Шара жастар арасында бейнелеу өнерін насихаттау, қаланың жас суретшілерінің шығармашылығымен таныстыруды көздеді.
– Біз колледж ұжымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Студенттердің салған суреттерін музей қабырғасында жылына бір немесе екі рет келушілерге ұсынып тұрамыз, – дейді облыстық бейнелеу өнері музейінің экскурсия жүргізушісі Мадина Әлібекова.
Бұл жолғы шығармашылық көрмеге 2-4 курс студенттерінің жұмыстары қойылды. 33 кескіндемеден тұратын көрме – осы оқу жылындағы ең үздік студенттік жұмыстардың жинағы. Жас авторлар әлі де шығармашылық ізденісте. Олардың туындылары ізгілікті насихаттайды, эмоцияларға толы.
– Өнер колледжінде 30 жылға жуық сабақ беремін. Осы уақыттың ішінде түрлі дарынды жастар алдымнан өтті. Әр талапкердің көзқарасы, таным түсінігі, өмірді қабылдауы әртүрлі, – дейді оқу ордасының кескіндеме бөлімінің меңгерушісі Анатолий Тюрин.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.