Бүгіндері мемлекеттік шекарада заңсыз көші-қон, шекара маңында рұқсат етілмеген аң және балық аулау, малды шекара асырып бағу сияқты мәселелер кездеседі. Облысымыздың шекара маңында орналасқан елді мекендерінің тұрғындарына мемлекеттік шекараны өту және оның режімін бұзу қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамау болып табылатынын, бұл үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеміз.
Былтырғы тамыз және қазан айларында Ақжар ауданының Ұялы ауылы маңында біздің қызметкерлер мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Ресей азаматтары А.Кучеренко мен А.Лонскойды ұстап, олар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылып, еліміздің аумағынан шығарылды.
Мемлекеттік шекара маңындағы ауыл тұрғындарының өз малдарын қараусыз жіберуі салдарынан олардың шекара асып кету фактілері кездесіп жатады. Оған мысал ретінде Ақжар ауданындағы Новосельское ауылының тұрғыны Э.Антиповтың іс-әрекетін келтіруге болады. Шекарашылардың ескертуіне құлақ аспай, былтыр қараша айында малдарын шекара маңында жайғаны үшін ол қомақты айыппұл төледі. Уәлиханов ауданындағы Өндіріс ауылының тұрғыны С.Рақышев те осындай жауапкершілікке тартылды.
Шекара маңында орналасқан ауылдар тұрғындарының Қазақстан мен Ресей шекарасын заңсыз кесіп өтетін адамдарға көмектесу фактілері де кездесіп қалады. Олар мұндай адамдарға уақытша баспана беру, қалалардан шекара маңындағы ауылдарға жеткізу, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік шекарасына апаратын жолдар мен бағыттарды көрсету сияқты әрекеттерге барады. Қылмыстық кодекстің 394-бабы бойынша мұндай сыбайластық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сонымен қатар кейбір адамдар тарапынан мемлекеттік шекара және халықтың көші-қон туралы заңнамаларды бұзу фактілері кездеседі. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 510 және 514-баптарына сәйкес жауап береді. Мұндай құқық бұзушылыққа Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту, уақытша болу, тұру, шекара маңындағы қозғалыс кезінде шекара режімін қатаң сақтамау жатады.
Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша шекара маңында заңсыз аң аулағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, бірнеше рет жасалған заңсыз аң аулау – мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеледі.
Сондықтан шекара маңындағы елді мекендер тұрғындарынан заңнама талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз.
Санат АЗИМХАНОВ,
Шекара қызметінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы.