Петропавлда 34 жастағы қала тұрғыны синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін соттың үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Өткен жазда оны Петропавл қалалық полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мамандары ұстаған болатын. Тұрғылықты жері бойынша одан “меф 0,5 – 30 дана” деген түсіндірме жазуы бар полимерлі пакет тәркіленді. Ішінде жалпы салмағы 11,19 грамм болатын ұнтақты заты бар 23 орама табылды. Сараптама бұл ұнтақтардың синтетикалық препарат – мефедрон екенін көрсеткен.
Өткен жылы облыс полицейлері есірткі сатудың 32 фактісі бойынша материалдарды сотқа жіберді. Қазіргі уақытта тағы 8 күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бір жыл ішінде заңсыз айналымнан 5 килограмға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді.
Әсет ҚАНАФИН.