“Солтүстік – 2022” қысқы спорттық ойындарының бағдарламасына сай конькимен жүгіру және керлинг спортынан жарыстар өз мәресіне жетті. 13 аудан мен Петропавл қаласының спортшылары өзара бақ сынасты.
“Қарасай” стадионына жиналған қатысушылар 500 және 1000 метр қашықтықта сайысты. Жарысқа 38 әйел және 40 ер адам қатысты. Конькимен жүгіру жарысының нәтижесі бойынша Шал ақын ауданы 1-орынды қанжығасына байласа, 2-орынды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның конькишілері иеленді. 3-орын Мағжан Жұмабаев ауданының спортшыларына бұйырды.
Керлингтен жарыстарға төрелік еткен Денис Зерновтың айтуынша, бұл спорт түрі жарыстар бағдарламасына 2017 жылы енгізілген. “Керлинг – командалық ойын. Әр құрамада 4 ойыншыдан болуы тиіс. Ойын ережесі бойынша екі команда мүшелері 8 рет тасты мұз үстінде белгілі бір жылдамдықпен сырғанатады. Осылай қарсылас жақтың тастарын шеңбер ішінен ығыстыруы керек. Барлық кезеңнен соң қос команданың ұпайлары есептеліп, жеңімпаз анықталады. Өткен жылы облысымыздың әйелдер командасы керлингтен ел чемпиондары атанса, спартакиадада ерлер командасы екінші орынға ие болды”, – деді ол.
Төрт күндік ойындар нәтижесі бойынша керлигтен бірінші орынды Мағжан Жұмабаев ауданының командасы иеленсе, екінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ойыншылары еншіледі. Ал Қызылжар ауданының құрамасы үшінші орынға тұрақтады.
Былтыр керлингтен Тайынша ауданының спортшылары чемпион атанған еді.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.