«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Кидім камзол”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың ән-қоржынына олжа салған небір дүлдүлдердің шығармалары ғұмырбаяндарынан молынан хабар береді. Мысалы, Ақан серінің, Біржан салдың туындыларын оқып отырып, олардың өмірлері, қилы тағдырлары туралы ақпаратқа қаныққандай боламыз. Бүгінгі мақаламызға арқау болғалы отырған қазақтың ардақты қаламгері Сәкен Сейфуллиннің де аңызға айналған құпиясы мол өмірінің сәулелі, ең налалы сәттері өз шығармаларында, өзіне әрқилы жағдайда рухани демеу, жан тынысы болған халықтың ән күйлерінде, жалпы адамзат мәдениетінің інжу-маржаны дерлік классикалық музыкаларында жатыр.

1918 жылы Сәкен Сейфуллин бір топ серіктерімен тұтқынға алы­нады. Түрмеде оның адам төзгісіз азап шеккенін қазақ әдебиетін зерт­теушілер де жазған. Сондай күйзелісті күндерде артынан жүз­де­суге әкесі Сейфолла мен туған інісі Мәжит келеді. Әкесі мен інісі Сәкеннің әбден ісіп-кеуіп, жарақат­танған аянышты кейпін көріп, сөз айта алмай ебіл-дебіл болып жы­лай береді. Сонда Сәкен көзіне жас алмай тұнжырап, аяқ-қолы кісен­деулі болса да, өзін еркін ұстап: “Әке, менен бұрын елдің, халықтың жағдайын айтыңыз… Үй ішінің ахау­лы қалай? Жамалекең (Сәкен­нің анасының есімі – Жамал) ән салып жүр ме? Жамалекең айта­тын “Кидім камзол” есімнен шықпай қойды…”, – дейді.

Алматыда Сәкеннің үлкен әуле­тінің жұрнағы – Мәжит ақсақал тұр­ған. Бұл үйге Сәкеннің көзін көрген зиялы кісілер, кешегі дос-жарандар, Ғабит, Сәбит, Ғабиден, Сейділ секілді атақты жазушылар, ескілікті әншілер әр кез бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, Сәкенді еске алысып отыратын болған. Ол отырыста, сөз жоқ, Сәкеннің өнерпаз ортасы, әндері, халықтың ән-күйлері ал­уан-алуан сыр болып шертіледі. Өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың айтуынша, осындай рухани кеш­тер­дің түйіні Сәкен сүйген “Кидім камзол” әндерімен түйінделетін көрінеді. Композитор қазақ әнде­ріне арнап жазған туындысында мынадай мағлұмат кездеседі: “Ки­дім камзол” – Сәкенге ана сүті­мен дарыған ән. Анасы Жамал – Жаңа­арқадағы Тышамбай деген айтулы кісінің қызы. Өзі ұзын бойлы, қара торы, құралай көз сұлу адам бол­ған. Сәкеннің реңі, келбеті анасына тартқан деген деректер кездеседі. Ал әкесі – Сейфолла аңшы, балуан … жігіт дүрі болып ән шырқап, дом­быра тартып жүріп алған Жамал­ды. Жамал ел ішінде болып жата­тын той-думанда, аста, шілдехана мен наурыз тойында ән салған, айтысқан. Сәкен анасының әдемі сырлы әуезін ештеңеге теңгерме­ген. Ол дәйім: “Мені ақын еткен Жа­малекең ғой”, – дейді екен. Сәкен анасынан Сапалайдың “Сәулемайын”, Біржан салдың “Ләйлім”, “Ақбаян”, “Гүлдерайым” әндерін, қиссалардан “Көрұғлы”, “Қыз Жібек”, “Еңлік – Кебекті” тыңдап-тыңдап, бір кезде: “Ал енді “Кидім камзол…”, – деп осы әнге еш құмары қанбай қойған. Әмина апа осы сырды былайша тірілтеді: “Ел енемізді “Әнші Жамал” деп атады. Әнші десе, әнші еді, жарықтық. 1934 жылдың қысында қайтыс болды, өз қолымыздан жөнелттік”.

Сәкен Сейфуллиннің анасы көзі тірісінде әдемі киініп жүрген, сұлу­лыққа құштар болған. Тіпті басын­дағы жаулығының өзін өзге әйел­дердікіне ұқсатпай, моншақтармен безендіріп таққан. Қапсырмасы жалт-жұлт еткен ұзын, кең мақпал камзолын етегімен қымтап отырып:

Кидім камзол қарадан қиылмаған,

Жылқым жатыр жапанда жиылмаған.

Қыздан сорлы жан бар ма, тәңір-ай деген,

Өз елінен топырақ бұйырмаған-ай!

Ақ түйенің өркеші олақ екен,

Аз ғана күн қыз байқұс қонақ екен-ай!

Оң жағында ағаның той тойладым,

Көрген қызық жалғаннан сол-ақ екен-ай!

– деп балбыратады екен.

“Сәкен аға әнші, күйшілерге де тәкаппар көзбен қарады. Сол сыншы қасиетіне “төзген” сыралғы өнерпаздары да көп еді. Солардың ішінде Қосымжан әнші мен Әбікен күйшіні “менің филармониям” дей­тінді. Ал жаны сүйген бағзы бір жан­дарға телефонмен “Кидім камзол” әнін айтып отырғанын талай көрдім. Кейде жай ғана өзді-өзіміз болып, отбасында отырғанда Сә­кен аға: “Қане, Жамалеке, “Кидім камзолыңызды”… – деп басын ана­сының тізесіне сүйеп, жүзі қоңыр­қай тартып, өзгере қалып, терең ойға беріліп, шынтақтап қана үнсіз жатар еді…”. Бұл Сәкен Сейфул­линнің інісі Мәжит ақсақалдың естелігі.

Сәкен сүйген әнді бүгінде әнші Майра Ілиясова орындап жүр. Бұл туындыны оған Мәжит ақсақалдың өзі үйреткен. 1990 жылы сәуір айын­да “Сәкен және музыка” деген екі бөлімді телевизиялық хабар (ав­торы І.Жақанов) түсірілді. Ха­барға Сәкеннің өз әулеті, кезінде Сәкенді көрген, білген жақын ағайындары, ел кісілері қатысты. Әңгіме бары­сында Сәкен сүйген әндердің бірі ретінде “Кидім камзолды” Майра Ілиясова тұтас айтып шықты.

Адам өмірінің бір алаңсыз қызық күндерін еске салып, “Уа, дариға, өттің дәурен!..” дегізетін тәтті мұңға тұнған “Кидім камзол” әні әйел затының тылсым құбы­лысты тебіренісіне таңғалдырады. Ән тек әйел үнімен ғана сезімге тиеді, әйел үнімен ғана көрікті.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp