Арнайы рейд барысында Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері елді мекендердің бірінде 34 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Daewoo Nexia» автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушіден ішімдіктің иісі шығып тұрған, медициналық куәландыру оның мас екенін растады. Ауыл тұрғынының осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін бұрын сотталғаны белгілі болды. Өткен жылдың мамыр айында сот оны 2,5 жылға бас бостандығын шектеу және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шығарған.
Тағайындалған жазаны елемейтін адамдар заңды құрметтемейтіндігін көрсетеді және жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндіреді. Мас күйде көлік басқарғаны үшін қатаң жауапкершілік көзделген. Басқару құқығынан айырылған, алайда кейін спирттік ішімдік ішіп көлік тізгініне қайта отырған адамдар Қылмыстық кодекстің 346-бабының санкциясымен 5 жылға дейін бас бостандығынан және өмір бойы жүргізу құқығынан айыру жазасына кесіледі.
Мас күйде көлік жүргізуге әуестермен күрес – полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Мұндай жағдайлар рейдтер мен жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында анықталады. Өткен жылы облыс аумағында осындай 57 факті тіркелді.
Еңбек СЕМБИН,
облыстық полиция департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі.