«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Су қоймалары оттегімен байытылып жатыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында мамандар су қоймаларындағы балықтарды қырылудан сақтау үшін көлдерді оттегімен байытып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде биыл қыс қатты аязымен қыспаса да, көлдердегі мұздың қалыңдығы 70-80 см жеткен. Ал, бұл – таяз көлдерді мекендейтін балықтар үшін қауіпті. Оттегінің жетпеуінен қырылып қалулары мүмкін. Сол себепті жылда осы уақытта көлдерді жалға алушылар, табиғатты қорғаушылар және жергілікті атқарушы билік өкілдері аэрация жұмыстарын қолға алады. Яғни су қоймаларын қолдан оттегімен байытады.

СҚО-да балық шаруашылығымен айналысуға болатын 500-ден астам көл бар. Оның 302-сі жалға берілсе, 199-ы әзірге иесіз, резервтік қорда тұр. Солардың бірі Қызылжар ауданы Виноградов ауылдық округіндегі Сивково көлі. Бұл көлде 20 шақты адам мелиоративті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

«178 га аумақты алып жатыр, тереңдігі 2 метрге жетпейді. Мұздың қалыңдығы 70-80 см. Сәйкесінше су тек 1 метрді ғана алып жатыр. Ал бұл мұндағы балықтарға қауіпті, тұншығып, қырылып қалуы мүмкін. Бір мыңға жуық ойық жасауды жоспарлап отырмыз. Мұнда мөңке балығы тіршілік етеді», – дейді Соколов орман шаруашылығының маманы Сергей Брюхов.

Жұмысшылар мұз үстінде ойықтар жасап, оған қамыс салады. Бұл ойықтардың тез қатып қалмауы үшін қажет. Сондай-ақ мотопомпалар арқылы су оттегімен байытылады.

«Бұл жалға берілмеген резервте тұрған су қоймасы. Сондықтан мұнда көлдерді оттегімен байыту жұмыстарын жергілікті атқарушы билік өкілдері ұйымдастырады. Қазір мұндай шаралар 30-дан астам көлде жүргізіліп жатыр. Мысалы, мына көлде өткен жолы 700 текше метр су шайылды», – дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Михаил Никитин. Аэрация жұмыстары өңір көлдерінде наурыз айының басына дейін жалғаспақ.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp