«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫН АУЫЛДАРДЫҢ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕСІ әкімдердің есеп беру кездесулерінде неге айтылмайды?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады, орталыққа жалтақтап жұмыс істейді. Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екендігін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді. Осыған орай барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыруға нақты тапсырма берілді. Мәселен, тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы билік органдары жұмысының сапасына жұртшылықтың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Түптеп келгенде, формальды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл күйі анық аңғарылатыны күмәнсіз.

Былтыр ауыл, аудан әкімдерінің бір жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы жасаған есептеріне қатысты газет оқырмандары біраз сындар мен ескертпелер айтқан болатын. Олардың әңгіме түйіні егіздің сыңарындай ұқсас баяндамаларды қағаздан бас көтерместен оқып беру, сықиған семіз цифрларды, жалаң мадақтауларды, көпірме сөздерді қуалап кету тыңдаушысын ығыр етеді, мезі қылады, жеткен жетістіктерге, тапқан табыстарға онсыз да қанықпыз ғой, одан да дамуымыздың көлеңкелі, кенжелеп қалған, мүлт кеткен тұстары ашық талқыға салынып, олқылықтарды жоюға ықпал жасайтын жолдары мен тетіктері, мүмкіндіктері мен резервтері атап көрсетілсе, тиісті орындар алдына мәселе етіп қойылса, есеп жиындар бірізділіктен, тап-таурындылықтан арылып, форматы өзгертілсе, ашық, еркін сұхбат түрінде өтсе дегенге саяды. Мемлекет басшысының: “Цифрлармен ойнауды қойып, нақты іске көшетін мезгіл жетті”, – деп қатаң талап қоюы бекер емес. Бірде Қызылжар ауданы, Прибрежное ауылдық округінде өткен аудан әкімінің есебіне қатысқанымыз бар. 3 мың тұрғыннан елу шақты адам ғана жиналды, оның жартысына жуығы – аудан әкіміне ілесе келген атқамінерлер. “Арман” шаруа қожалығының жетекшісі, екінші топтағы мүгедек Аманбай Сәдуовтің жанайқайы есімде қалыпты. Төрт түлік өсірумен айналысатын оның тиесілі жайылымын көлденең көк атты біреу қағып әкеткен. Осындай бассыздыққа күйініп, сотқа жүгінген. Бұл жолы да оны құрғақ сөзбен шығарып салды. Әлі күнге дейін әділдік таппай сенделіп жүр. Шаховское елді мекені тұрғындарының облыс орталығына дейін бар-жоғы 15 шақырым шұрық-тесік жолдың азабын тартып келе жатқандарына оншақты жыл. Бір емес, бірнеше әкімнің есеп беру кездесуінде айтылды, уәде берілді. Орындалған жоқ. Газетіміздің байырғы оқырманы Әлім Төлебаев ауыл әкімдері жағдайды жалпылама баяндаудан аса алмайтынына налиды. “Округте жұмыс істейтін серіктестіктер иелігіндегі малдан бруцеллез ауруы шығып, оның ушыққаны соншалық, ондаған адамға жұқты. Себебі жеке адамдардың малдары араласып кеткен. Өйткені жайылым тапшы. Бұдан кейін кесел таралмағанда қайтеді? “Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды” демекші, бұл – әбден жауыр болған тақырып”, – дейді ақсақал.

Жылына бір мәрте тұрғындардың басын қосатын дәстүрлі шара – ауыл әкімдерінің есеп беру кездесулері облыста басталып кетті. Оның маңыздылығы мен ауқымдылығы өлшеусіз. Көпшіліктің көңіл күйін анықтайтын басты барометр –олардың өмір сапасы мен әл-ауқаты. Ауызсумен жабдықтаудың, кең жолақты интернеттің, жақсы жолдың, жеңілдікті несиенің, жер телімін алудың, жайылым, шабындық жайының, жаңа жұмыс орындарын құрудың, кәсіпкерлікті дамытудың өзекті проблемалары. 600-ден астам елді мекеннің үштен екісі шағын, шенеуніктердің тілімен айтсақ, “болашағы жоқ” ауылдар санатына жататынын ескерсек, мәдениетіміздің мәйегі, ұлттық құндылықтарымыздың өзегі саналатын алтын бесігіміз жаhандану үрдісіне жұтылып кетпей ме, ертең орны үңірейіп, жұртын сипап қалмаймыз ба деген жанды жеген, ойды ойсыратқан, сананы сан-сыратқан сауал маңдайды тасқа ұрғызғандай. Жұмыс сапарымен шалғайдағы бір ауданға барғанымызда түтіні түзу ұшқан, шаттығы шалқыған шаңырақ іздегенбіз. Солардың бірі – Өзбекстаннан көшіп келген ағайынға жолыққанбыз. Отағасының ұнжырғасы түсіңкі, қабағы салыңқы көрінді. 6 баланың әкесі жол қатынасының қиындығын, ауызсудың тапшылығын елеп тұрған жоқ. “Ешкімге ауыртпалық түсірмей, келгенімді міндетсінбей аздап мал, құс өсіріп отырмын. Қосалқы шаруашылықты кеңейтпек ниетпен жайылым сұрап, аудан, ауыл әкімінің табалдырығын талай тоздырдым. Уәде беріп, шығарып салады. Бос жатқан жерлер көп. Содан ұлтарақтай жер бұйырар емес. Мына алақандай ауыл тірлігінің кері кетуінің бір ұшығы жекелеген азаматтардың бойында мемлекетшіл, елдік қасиеттердің жоқтығынан. Амал жоқ, келген ізбен кері қайтуға мәжбүрмін”, – деп қатты налығаны бар. Осы бір мысалға қарап-ақ жергілікті билік органдары тапсырмалардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық бұрмалауға бағдарланған ба деген еріксіз ой түйесің. Ауылдық жерлерде білімді жастардың жұмысқа орналасуға мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Осы мақаланы даярлау барысында бір ауыл әкімінен “халықтың әлеуметтік осал тобына қатысты қандай іскерлік бағдарламаларды атай аласыз?” деген сауалымызға үндемей құтылған.

Облыстық экономика басқармасының деректеріне сүйенсек, облыстағы ауылдардың 180-і – әлеуеті жоғары, 400-дейі – әлеуеті орташа, қалғандары болашағы жоқ топқа жатқызылған. Соңғы он жыл төңірегінде өңір картасынан 80-ге жуық ауыл жойылып, тұрғындары басқа жерлерге көшірілген. Өйткені экономикалық жағынан тиімсіз саналғандықтан ешқандай қаржылық қолдау көрсетілмейді. “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” заң бойынша халқының саны 50-ден аз елді мекен жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгізіледі. Облыста осындай 130 ауыл болса, 25-і шекара маңында орналасқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаш ал десе, бас алатын әпербақан басшылар Есіл ауданы Мәдениет ауылының тұрғындарын Оседлоеге көшіру жөнінде пәрмен беріп, айтқанға көнбе-сеңдер электр қуатынан ажыратып тастаймыз деп қоқан-лоққы көрсеткен. Қырда астығын өсіріп, ойда малын баққан 9 үйлі ауыл қысымнан ыға қоймаған. Күре жолдың бойындағы ежелгі тұрағында қала берген. Түтіні өшкен жоқ. Қымыз, балық өндірумен де айналысады. Ал “мақтаулы” Оседлое тарап тынған. Бұдан шығатын қорытынды: оңтайландыру саясатына жергілікті билік өкілдері мемлекеттік тұрғыдан байыппен қарамаса, сападан гөрі санға ойыса берсе, төрт аяғынан нық тұрған аз үйлі елді мекендерден көз жазып қалуымыз ықтимал.

Сонымен бірге ауылдық мектептерге де жаппай жабылу қаупі төніп тұрғанын естен шығаруға болмайды. Өйткені өңірдегі білім ошақтарының 81 пайызы шағын жинақты саналады. Бұл үрдіске табиғи туудың төмендігі, қалаға көшу сықылды үрдістер айтарлықтай әсер етіп отыр. Мәртебесі кішірейіп, қайта құрылып жатқан мектептердің көбі – ұлттық білім үйлері. Есіл ауданындағы Қарағайда 9 жылдық мектеп болатын. Әкімдік оны сақтап қала алмады. Үкіметтің бекіткен қаулысы бойынша негізгі мектепте кемі 41 оқушы болу керек, сендерде 30 ғана деп деңгейін бастауышқа дейін төмендетті. Былтыр бастауыш мектеп те жабылып тынды. Жыл өткен сайын бұл саладағы ахуал күрделеніп барады. Осы аудандағы Ақтаста да оқушылар саны екі есеге дейін кеміп кеткен. Ертең қағаз кеміргіш бюрократ шенуніктердің біреуі кері шешім қабылдап жібермесіне кім кепіл? Сондықтан мектептердегі оқушылардың санын белгілеу құзыры жергілікті билік орындарына берілгені дұрыс.

Дегенмен әкімдердің есебінің бәрі бірдей есеп беру үшін ғана өткізіліп жатыр деп айтуға келмес. Мәселен, былтыр сайланған Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаевтың есеп беру жиыны өзгеше қалыпта ұйымдастырылды. Аудан әкімі Медет Оспанов қатысқан кездесу үшін округ орталығы емес, 191 тұрғыны бар Ақтас елді мекенінің таңдап алынуы бекер емес. Өйткені Бұлақ – әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. 11 жылдық мектебі, оншақты шаруашылығы бар. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге 52 млн. теңге бөлінген. Ал Ақтастағы негізгі мектепте 33 оқушы оқиды, шағын орталыққа 8 бүлдіршін барады.

Болат Бейсенбаев округ құрамына 673 тұрғыны бар 3 ауыл кіретінін, ауыл шаруашылығы өндірісімен 17 шаруашылық айналысатынын, 1140 бас ірі қара малы, 978 бас жылқы, 2918 бас қой-ешкі өсірілетінін, өндірістік кооператив құрылғалы жатқанын тілге тиек етті. Ғабит Біләлов, Нұрғожа Неғметжанов, Сағындық Тәжібаев аудан әкіміне клубқа жылу, жарық тарту, “Агро-Ақтас” ЖСШ-нан пайлық үлестерін алу мәселелері бойынша ықпал етуді өтінді. Медет Дулатұлы шағын ауылдар әркез басты назарда ұсталатынын, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мәселен, Ақтас пен Қарағайдың арасындағы жолды жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Енді облыстық бюджеттен 134,6 млн. теңге бөлінсе, мәселе шешімін табады.

Билік, шаруашылық және тұрғындар ауызбірлік танытып, бірігіп іс-әрекет жасайтын болса, шағын ауылдардың еңсесі тіктеліп, тұрмысы жақсарарына еш шүбә жоқ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp