«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫС АЗАЙҒАНЫМЕН ЖҰМЫС КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Полиция – қоғамдық тәртіпті күзетуші ғана емес, халықтың қорғаушысы болуы керек. Құқық қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсаттар туралы оқырмандары­мыздың сауалдарына Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Самарбекұлы Назаров жауап берді.

Самат ҚАЙЫРБЕКОВ, Аққайың ауданының тұрғыны:

– Солтүстік Қазақстан облы­сын­да қылмыс азайды дегенді по­лиция департаментінің басшылы­ғы жиі айтады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Теле­ар­на­лар мен газеттерге, ақпарат пор­тал­дарына көз жүгіртсек, ұрлық, төбелес, адам өлтіру туралы ақ­па­рат көп. Жалпы 2021 жылы қанша қылмыс жасалды, қаншасы ашыл­ды?

– Облыстағы жедел жағдай тұрақ­ты және ұдайы бақылауда. Соңғы бес жыл бойы өңірде қылмыстың азай­ға­ны байқалуда. 2021 жылдың қоры­тын­дысы бойынша да оң үрдіс бай­қалады. Қылмыстардың жалпы саны 5,6 пайызға (4770-тен 4504-ке дейін) азайды. Бұл ретте отбасы-тұрмыстық қылмыстар 8,1 пайызға төмендеді, мас күйінде жасалған қылмыстар – 15,1, топпен жасалғандары – 7,1, өтел­меген соттылығы бар адамдар жасаған қылмыстар 38 пайызға ке­міді. Көшедегі қылмыстар 3,7 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың – 8,1, ал кәмелетке толмағандар жасаған теріс әрекеттердің 13,6 пайызға төмен­де­генін айтқым келеді.

Біздің өңірде жасалатын қылмыс­тың 70 пайызы – ұрлық. Сондықтан мүліктік қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу нәтиже­сінде ұрлықтың 9,2 пайызға, оның ішінде пәтерлерді тонау – 25,1, ұялы телефондарды жымқыру 33,2 пайыз­ға кеміді. Бұл – нақты статистикалық мәліметтер.

Тілеген МЕЙРАМОВ, Ақжар ау­данының тұрғыны:

– Соңғы кезде интернет алаяқ­тық белең алып барады, оны ауыз­дықтау үшін қандай шаралар қол­данылуда?

– Иә, байланыссыз төлем тәсіл­дері, интернет-дүкендер мен “элек­трондық ақша” жүйелерінің дамуы интернет желісін пайдалана отырып жасалатын алаяқтықтың өсуіне алып келді. 2021 жылы мұндай қылмыстар­дың саны 45,8 пайызға (480-нен 700-ге дейін) өсті.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарын үздіксіз жүргіземіз. “Коlеsа.kz”, “Krisha.kz”, “Olx”, “Instagram” сайт­та­рындағы 1690 хабарландыру тексе­ріл­ді, олардың 134-і сайт әкімшілігі ар­қылы бұғатталды. 70000 ақпараттық жадынама дайындалды, олар кейін­нен қаланың әртүрлі бөліктерінде тұрғындарға таратылды. Оқу орын­дарында профилактикалық дәрістер өткізілді. Автобустарда да үгіт-на­сихат материалдары ілінген. Ақпарат­тық бейнероликтер денсаулық сақ­тау, білім беру мекемелерінің, Оқу­шылар сарайының, автовокзалдың күту залының, банктердің (“Отбасы банкі”, “ВТБ”, “Альфа банк”) LED-эк­рандарында көрсетіледі. “Қазақ­телеком” АҚ филиалының аймақтық телекоммуникация дирекциясы ар­қы­лы интернет желісіндегі алаяқтық туралы аудиожазба жасалады. “In­stagram” әлеуметтік желісінде ақ­параттық материалдар (бейне­ро­лик­тер, жадынамалар) жүйелі түрде жа­рияланатын беттер (Cyberpolice_sko және Anti_fraud_15) құрылған. Облыс прокуратурасының қызметкерлері­мен бірлесіп, желідегі танымал қол­данушылармен кездесу өткізілді, он­да одан әрі өзара іс-қимыл мәселе­ле­рі қаралды, олар апта сайын интернет алаңдарында профилактикалық материалдарды жариялайды.

Жолдас ЖАРЫЛҒАПОВ, Петро­павл қаласының тұрғыны:

– Қазір көлікпен көшеде кетіп бара жатқанда камераға түсіп қал­майық деп қорқып жүретін болдық. Себебі саны тым көбейіп кетті. Осы бақылау камераларының бе­рер пайдасы қандай?

– Қазір полиция қызметін цифр­лан­дыру ісі қарқын алды. Бізде Пет­ропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының камера­лары, сондай-ақ әртүрлі инфрақұ­рылым нысандарында орнатылған камералардан бөлек, полиция бөлім­шелерінің кезекші бөлімдеріне де бей­небақылау орнатылды. Бейнеба­қы­лау камераларының арқасында 2021 жылы 170 қылмыстық құқық бұзушы­лық ашылып, 18 мың 478 түрлі әкім­ші­лік құқық бұзушылық анықталды. Бұл – камералардың тәртіп сақшыларына көмегі көп екенін көрсетеді.

Ғалия БӘШЕНОВА, Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Қазіргі қоғамдағы өзекті мәсе­лелердің бірі – бесіктен белі шық­паған балалардың, яғни кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыс­тар. “Баланы – жастан” дейді атам қа­зақ, осыны ауыздықтау үшін по­лиция қандай жұмыстар атқара­ды?

– Арнайы әзірленген жоспарға сәйкес облыс аумағында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бө­лімшелердің қызметкерлері крими­налдық полициямен, есірткі бизне­сіне қарсы күрес басқармасымен, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақ­тау мекемелерімен және қоғамдық ұйымдармен бірге апта сайын жастар көп жиналатын орындар мен ойын-сауық орталықтарына рейдтік іс-шаралар өткізеді. 2021 жылдың 12 айында 965 рейд өткізілді. Тексеріс барысында кәмелетке толма­ған­дар­дың ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы бойынша бала­лардың 2373 заңды өкілі жауапкер­шілікке тартылды. Осы кодекстің 132-бабы бойынша кәмелетке толмаған­дарды түнгі уақытта ойын-сауық ор­талықтарына кіргізгені үшін 27 меке­менің иесіне айыппұл салынды. Кә­мелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сатқаны үшін 133 дүкен иесі жазаға тартылды.

Жасөспірімдердің бос уақыттары­ның аз болғаны дұрыс. Бұл бағытта да мақсатты түрде жұмыс жүргізіледі. Полиция инспекторларына көмек көр­сету үшін 389 жалпы білім беретін мек­тепте 4241 оқушыдан тұратын “Жас по­лиция көмекшісі” жасақтары құрыл­ды, олар мектеп аумағында да, ірге­лес аумақта да, би алаңдарында да тәртіпті қадағалауға жәрдем­деседі.

Жомарт ӘБІЛ, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны:

– Полиция қызметкерлерінің мәр­тебесін көтеру, халықтың тәр­тіп сақшыларына деген сенімін арт­тыру мақсатындағы жұмыстар ту­ралы айтып өтсеңіз.

– Соңғы жылдары біздің ведом­ство­ның ашықтығын қамтамасыз ету үшін көп жұмыс жасалды. Әкімшілік ғимараттардың қызметтік кабинет­те­рі мен учаскелік полиция пункттеріне бейнебақылау орнату жұмысы аяқ­талды. Арнайы мекемелердегі бей­небақылау жүйесі, автопатрульдер­дегі бейнежетондар мен тіркеу жүйесі де ашық жұмыс істеуге ықпал етті. Құ­қық қорғаушылар жүргізетін қоғамдық бақылау да маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ кәсіби шеберлікті нығай­туға бағытталған іс-шаралар кешені өткізіледі.

Мұрат НҰРЕКЕЕВ, Петропавл қаласы.

– Биыл қаңтар айында еліміздің бірнеше қаласында жаппай тәртіп­сіздіктер орын алғаны белгілі. Біз­дің облыста көшеге шығып, заң бұз­ғандар болды ма? Жалпы қаңтар­дың басы Қызылжар өңірінде қа­лай өтті?

– Солтүстік Қазақстан облысы ау­ма­ғындағы жедел жағдай тұрақты және бақылауда болды. Өңірде 5-12 қаңтар аралығында төтенше жағдай режімі енгізілгені белгілі. Уақыт шек­теулері облыстың барлық аумағында сақталды. Петропавлдың айнала­сында және аудандарда блокпосттар орнатылды, онда кіретін көлік тексе­рілді. Қазір облыста “Құқықтық тәртіп” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қоғамдық тәртіпті сақтауды күшейту жалғасуда.

Жадыра СЕЙТМАҒАМБЕТОВА, Уә­лиханов ауданының тұрғыны:

– Төтенше жағдайға байла­ныс­ты енгізілген шектеулер солтүстік­қазақстандықтарға қалай әсер етті?

– Жалпы азаматтар полицияның жұмысына және мәжбүрлі шараларға түсіністікпен қарады. Төтенше режі­мін бұзудың 100-ге жуық фактісі анық­т­алды. Азаматтардың көпшілігі ко­мен­данттық сағатты бұзғаны үшін ұс­талды. Спирттік ішімдіктерді сатуға ты­йым салынғанына қарамастан сау­да орындарының бәрі бұған түсі­ніс­тікпен қараған жоқ. Яғни алкогольдік өнімдерін сатқан жеті дүкен иесі анық­талды. Сондай-ақ блок-бекет­терді айналып өтіп, елді мекендерге кіруге әрекет жасаудың бес фактісі тіркелді. Жүргізушілерге қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданды.

Айгерім БОРАНБАЕВА, Пет­ропавл қаласының тұрғыны.

– Мен көп қабатты үйде тұра­мын. Аулада көлік көп. Кейбіреу­лері есікке тақап қояды. Жүруге кедергі келтіреді. Одан қалды түн ортасында кей көліктердің дабыл жүйесі іске қосылып кетіп, ұйқы бер­мейді. Осындай мәселелер ке­зінде кімге шағымдануға болады?

– Қоғамдық тәртіпті бұзған, соның ішінде автокөлікті басқаларға кедергі келтіретіндей қойған және түнде ма­заны алған жағдайлар бойынша “102” жедел арнасына қабарласуға бола­ды. Ол үшін құқық бұзушылықты рас­тайтын бейнежазба болуы керек. Сондай-ақ учаскелік полиция бекеті­не барып, арыздануға болады.

Самал СЕРҒАЗИЕВА, Петро­павл қаласының тұрғыны:

– Қаладағы кейбір үйлердің қа­бырғасында, құбырларда, баған­дар­да есірткі сататын сайттардың мекенжайы жазылып тұрады. Ба­лаларымыздың бәрінің қолында те­лефон, жаңағы сайттарға кіріп, жа­ман жолға түсіп кетпей ме деп алаңдаймыз. Осындай жарнама­ларды жазғандар жазаға тартыла ма?

– 2020 жылдың 11 қаңтарынан бас­тап Қылмыстық кодекске “Есіртікі, пси­хотроптық заттар мен олардың ана­логтары мен прекурсорларын наси­хаттау мен заңсыз жарнамалау” тура­лы норма енгізілді, соған сәйкес жар­наманы жазғандарға 3 жылға бас бос­тандығынан айыру жазасы қарас­тырылған. Яғни интернет-ресурстарды көрсететін граффити салғандар қылмыстық жауапкершілікке тарты­лады. Интернетте жарнама тарат­қандарды да сол жаза күтіп тұр.

Меруерт ТӨЛЕТАЕВА,

Петропавл қаласының тұр­ғыны:

– Қыста ауладағы дүкеннің иесі қарды есік алдына үйіп қояды. Кейбір тұрғындар түнде көліктерін жол бойына қалдыратындықтан дұ­рыс тазаланбайды. Осының ке­сірінен жаяу да, көлігі барлар да ма­шақат көреді. Көршілерге айтқаны­мызбен, құлақ асып жатқандары шамалы. Осындай мәселелерді шешуде полицияның көмегі бола ма?

– Өзіне тиесілі аумақты дұрыс та­заламаған дүкен иесін Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жауапқа тартуға бо­лады. Жеке тұлға болса – 20, шағын бизнекс субъектісі мен коммерция­лық емес ұйымарға – 30, орта кәсіп­керлік субьектісіне – 40, ірі кәсіпкерлік субъктісіне 100 айлық есептік көрсет­кіш көлемінде айыппұл салынады. Жыл басынан бері осы тектес құқық бұзушылықтар бойынша 187 адам жауапкершілікке тартылды. Ал қарды шығаруға кедергі келтіретін көлік­терге қатысты кодексте жаза қарас­тырылмаған. Көлік жүргізушілерін тоқтауға және тұруға тыйым салатын жол белгілерін елемей “темір тұлпар­ларын” қойған жағдайда ғана жауап­кершілікке тартуға болады.

Ескендір РАЙЫМБЕКОВ, Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Мен Шал ақын ауданында тұ­ра­мын. Жем-азық қымбат болған­нан кейін жылқыны көбіне тебінге шығарамыз. Барымташылардың қыста көбейетін әдеті бар, биыл да қауіптеніп отырмыз. Мал ұрлығы­мен күрестің кешенді жоспары бар ма?

– Облыста ұрлықтың алдын алу, онымен күресті күшейту мақсатында “2021-2023 жылдарға арналған мү­лікті қорғау” республикалық бағдар­ла­масы жүзеге асырылуда, оның бір бағыты мал ұрлығымен күресу және алдын алу шараларын ұйымдастыру болып табылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бір­ле­сіп, малды жайылымға шығару ере­жесі жасалып, 2020 жылғы 27 шілде­де облыстық мәслихаттың сессия­сында бекітілді. Ол туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Ережеге сәй­кес малды жайылымға дейін иесіз жі­беруге немесе жауапты адамдарсыз айдауға болмайды. Учаскелік инс­пекторлар өздеріне берілген аумақ­тарда мал иелеріне төрт түлікке ен салу, сырға тағу керегін айтып, ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мал иесі – бақташы – жергілікті атқарушы орган арасында үшжақты келісім жа­салуы тиістігін де ескертіп жүреді. Сол­түстік Қазақстан облыстық поли­ция департаменті мал ұрлығының ал­дын алу, оны болдырмау мақсатында барлық кешенді шараларды жүргізіп келеді.

Дайындаған

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp