Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов алты ауданның полиция бөлімдерінің жұмысымен танысты. Департамент жетекшісі Мамлют, Жамбыл, Тайынша, Ақжар, Уәлиханов және Қызылжар аудандарының орталықтарында болып, әкімдермен және аудан активімен кездесті. Жеке құраммен кездесулер өткізіп, полиция бөлімдерінің материалдық-техникалық базасы, елімізде қаңтар айында орын алған оқиғалар аясындағы міндеттерді орындауға қатысты қызметкерлердің даярлығын тексерді.
Өңіріміздің бас полицейі қызметкерлерді тәртіпті және заңдылықты қатаң сақтауға, халықтың өтінішіне ден қоюға, жұмыстың сервистік моделіне көшуге шақырды. Айдын Қабдұлдинов кездесулерге қатысқан ардагерлер кеңесі төрағаларының жұмысын ерекше атап өтіп, алғысын білдірді. Ішкі істер органдарына ғұмырын арнаған ақсақалдар бүгінде жас офицерлер мен сержанттарға білгенін үйретіп, тәрбие жұмысына да зор үлестерін қосуда.
Айдын Қабдұлдинов жеке құраммен кездесулерден бөлек, арнайы жабдықталған азаматтарды қабылдау бөлмелерінде жеке мәселелерін айта келген ауыл тұрғындарын қабылдады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаруды тіркеу, көші-қон мәселесі, жұмысқа орналасу – бұл алты ауданда қабылдауға кірген тұрғындар көтерген негізгі мәселелер. Барлық сұрақтар бақылауға қойылды. Осындай көшпелі жұмыс кездесулері қалған аудандарда, сондай-ақ қалалық полиция басқармасында да өткізіледі.
Дианара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.