«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зерделі жас – жарқын болашақтың иесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрын әр ауылда жастардың бет-алысына бағыт-бағдар сілтеп, қадамына жіті назар аударып отыратын бетке ұстар қариялар болушы еді. Сондай ақылгөй ақсақалдардың бүгінде саны сиреп кеткен сыңайлы. Бір ауылды бір өзі аузына қарататын даналарымыз қайда? Олар әділдік үшін шырылдаған жанға қара қылды қақ жарып кесім айтатын. Дүйім жұрт сол кісіден именіп, аяғын аңдап басушы еді. Соның арқасында ауылда тәртіпсіздік болмайтын. Алматыдағы “қаралы қаңтар” оқиғасы бәрімізді бейжай қалдырған жоқ. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру туралы бастамасын қолдаймыз. Елімізге қазіргі уақытта бірлік пен ынтымақ керек. Ондағы шын бүлікші кім, бүлікші емесі кім, барлығына дұрыс баға беріледі деген ойдамын.

Халық бейбіт шеру арқылы өздерінің талап-тілегін билікке жеткізгісі келді. Бірақ арандатушылар олардың ойын іске асырмады, керісінше, орны толмас қайғыға әкеліп соқтыртты. Қаншама бейбіт тұрғын қаңғыған оқтың құрбаны болды. Ішінде әйелдер мен балалар да бар. Бейкүнә сәбилердің не жазығы бар еді? Бұл оқиға билікті де, халықты да ойландыруы тиіс. Өйткені халық алаңға жайдан-жай шықпайды. Жастар өз туған ауылын тастап, қала жағалап кетіп жатқанының бір себебі – жұмыстың жоқтығы. Мемлекет ауылда тұратын жастарға арнайы бағдарлама дайындап, баспана мен жұмыс беріп, жол, ауыз-су мәселесін толық шешкені жөн.

Ауыл тұрғындары нәпақасын малмен айырады. Қазір сол малды бағу үшін де жер керек. Бір-екі сиырды үйдің айналасына бағуға болатын шығар. Бірақ шаруашылықты кеңейту үшін ол жеткіліксіз. Төрт түлік басын көбейтемін дегендерге жер мәселесі кәдімгідей кедергі. Ауылда қазір кімдер қалды? Дені зейнет демалысындағы кәрі-құртаң. Ал жастар мұндай өмірдің есігін қаққысы келмейді. Бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан қордаланған мәселелер тез шешімін тапқаны дұрыс. Елімізде жастарға қолдау көрсетілсе жұмыс іздеп, шекара асатындар да азаяр еді. “Туған жердей жер қайда, туған елдей ел қайда” деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан ел ағалары осындай түйткілдідердің шешімін ерте қарастырғаны дұрыс.

Тәуелсіздік алғалы табаны күректей 30 жыл құстай ұшып өте шықты. Бірақ біз жастарды патриот қылып тәрбиелей алдық па? Отансүйгіштікке тартудың қандай жолдарын қарастырдық? Қағаз жүзінде ғана есеп бермей, нақты іске көшкенде ғана ілкімді нәтиже көруге болады. Мен ақсақалдар алқасының жиналысында осы жағын көп дәріптеймін. Алла бізге ұлан-ғайыр жерді бұйыртты. Асты мен үсті қазынаға толы құтты мекеннің игілігін ұрпақтарымыз мейлінше көру үшін, ең алдымен, ақсақалдарда ұлттық намыс болуы керек. Намысы жоқ адам жерді емес, анасын да сатудан тайынбайды.

Қазіргі жастардың көбі техникалық мамандықтарға аса құштар емес. Кей ауылдарда үлкен шаруашылықтар құрылып жатыр. Өкінішке қарай, сондағы озық техниканың тізгінін ұстайтын жастар аз. Жастар жалқаулыққа бой ұрмай, пайдалы мамандық игеруге құлшынуы керек. Бұрын біздер ел мен жер үшін деп білекті түріп, қандай жұмыс болмасын кірісіп кететін едік. Қазір өзіне пайдасы жоқ іске қол тигізбейтіндер көбейді. Баланы дұрыс жолға салатын еңбек десек, мектеп жасындағы оқушыларды еңбекке баулу жағы жетіспейді. Олар маңдай терін төкпей ештеңе өнбейтінін әуел бастан түсінуі тиіс. Білімді оқып алмай, дипломды сатып алған маман қоғамға зияннан басқа ештеңе әкелмейді.

Президентіміз “Хабар” арнасының журналисіне берген сұхбатында жастарымыздың техникалық мамандықтарға көптеп көңіл бөлуі керектігін баса айтты. Мен де бұл ойды қолдап отырмын. Өйткені біздің қоғамға пайда тигізетін мамандар жетіспейді. Жұрттың баласының бәрі заңгер, экономист, есепші болғысы келеді де, қара жұмысқа мұрын шүйре қарайды. Кейбіреудің таным-түйсігінде мұндай жұмысты “екінші сорттағы” адамдар істеу тиіс. Осының салдарынан техниканың тілін білетін мамандарды сырттан шақыртуға мәжбүрміз. “Кісі қолындағының кілті аспанда” дегендей оларға жоғары жалақы тағайындап, арқадан қағуға тура келеді. Менің ойымша, ең алдымен, үйдегі ата-ананың санасы дұрысталмай, бала оңбайды. Өмірді көрген әке-шеше баласын дұрыс жолға салуға, жақсы мамандық алуына мүдделі болғаны жөн. Екінші жағынан мемлекет те жұмыспен қамту жағын бір жолға қоймай іс өнбейді.

Мемлекет басшысының сот жүйесіне реформа жасау керек дегені – дәл уақытымен айтылған сөз. Өйткені сот әділ болмай, заң орындалмай қоғам түзелмейді. Өкінішке қарай, “қоғамда әділдік жоқ, ақшаның күші бәрін жеңеді” деген пікір қалыптасты. Ал мұндай қоғамда өскен ұрпақта қандай болашақ болсын? “Балық басынан шіриді” деп бабаларымыз бекер айтпаған ғой, алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы да ізден таймайды.

Мен үнемі үйде, дастарқан басында балаларым мен немерелеріме азанда тұрғанда жақсы көңіл күймен, озық оймен ояну керек деп айтып отырамын. Әр таң сәтімен басталса, сол күн де жемісті аяқталады. Өткен 30 жылда да жаман болған жоқпыз, елдігіміз нығайып, экономикамыз өрледі. Бірақ сол кезеңнің кемкетік тұсынан сабақ ала отырып, әрі дамуға бет алғанымыз дұрыс. Мемлекет басшысы өз сұхбатында “Мен мемлекет мүддесін бәрінен де биік қоямын”, – деп ашық айтты. Бұл – нағыз ел басқаруға тұрарлық тұлғаның аузынан шығатын сөз. Оның үстіне айтылғандардың бәрін іске асырып келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы – үлкен дипломат, оқығаны мен тоқығаны мол, әлемдік саясаттың ауқымын толық білетін тұлға. Біз бас-басымызға би болмай, Президентіміздің маңына топтасқанымыз абзал. Қоғамды бүлдіргісі келетін қара ниетті адамдар да жетерлік. Қой терісін жамылған қасқырларды анықтауда өте қырағылық танытпай болмайды.

Қорыта айтқанда, аңсап жеткен егемендігімізді сақтап, мәңгі ел болып қаламыз десек, бізге ең бірінші керегі – ынтымақ, береке мен бірлік. Екіншіден, бала тәрбиесін мықтап қолға алу керек. Ұрпақ азса, кінәні үлкендерден іздеген дұрыс. “Қарты бар үйдің – қазынасы бар” дегендей, қоғам аузы дуалы ақсақалдардан дұрыс жол сілтер ақыл-кеңес күтеді. Біздің әрбір сөйлеген сөзіміз мәнді-мағыналы, әр жасаған әрекетіміз үлгі тұтарлықтай болса, жастар да артымыздан ереді. Келешек ұрпаққа біз жол көрсетпесек, олар ақыл айтар адамды ғаламтор арқылы лезде-ақ тауып алады. Ал ол жерден керегін емес, сананы улайтын неше түрлі жаман дүниелерді бойына сіңірсе, соңы жақсылыққа апармасын ұмытпаған абзал.

Төлеген Омаров,

Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp